Экономика

Бір сиыр – бір миллион теңге

Бір сиыр – бір миллион теңге

Жуалылық шаруа Чехиядан 64 бас асыл тұқымды тана әкелді

Мал өсіру – ауыл шаруашылығы саласының басты бағыты. Сондықтан да өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Соның бірі – «Сыбаға» бағдарламасы. Бүгінде өңірде 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту аясында жоспар бекітіліп, аталмыш бағдарлама шеңберінде шетелдерден елімізге 4 мың бас мүйізді ірі қара әкелу жоспарланған. Қазір елге жеткізілгені 2923 басты құрайды. Бұл асыл тұқымды мүйізді ірі қаралардың дені Чехиядан әкелініп, жерсіндірілуде. Бұл іске Байзақ, Қордай, Жамбыл, Меркі мен Талас аудандарының шаруашылықтары белсенділік танытып, сырттан келген малдың басын көбейтуге барын салуда. Енді, міне бұл іске жуалылық «Төлеген» шаруа қожалығы да бел шеше кірісіп кетіпті. 2011 жылы құрылған шаруашылықтың өзінде 220 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 120-сы сауынды сиыр. Енді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 60 миллион теңге несие алып, оған өз қалтасынан 4 миллион теңге қосып, кеше Чехиядан 64 бас «Семминталь» асыл тұқымды таналарды әкелген болатын. Шаруашылық жетекшісі Мейірбек Төлегенов бұл асыл тұқымды мүйізді ірі қараларды ет және сүт бағытында ұстауға болатындығын айтуда. Әрі олар климат талғамайтын, түрлі ауруларға да шыдамды келетін көрінеді. Сондықтан да қожалық бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында еуропалық талапқа сай 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу үстінде екен. «Біз екі айдан бері 200 басқа арналған сиыр фермасының құрылысын жүргізудеміз. Оған өз қорымыздан 20 миллион теңге қаржы жұмысадық. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 60, оған 4 миллион теңге қосып, бас аяғы 64 миллион теңгеге Еуропадан 64 бас сиыр әкеліп отырмыз. Еуропадағы бұл мал асылтұқымды сұрыпты болып есептелетіндіктен, оны сол елден шығару қиын болды. Чехияда сырт мемлекеттерге асыл тұқымды малды сату үшін Еурокеңестің келісімі керек екен. Оны алу үшін де бір ай күтуімізге тура келді. Малды үйге дейін германиялық фирма арнайы көліктермен жеткізіп берді. Ендігі мақсатымыз – мал басын көбейтіп, елімізді көркейтуге үлес қосу. Біз әкелген малдың бір ерекшелігі ет және сүт бағытында қатар пайдалануға болады. Голштингке тұқымына қарағанда бұл сиырлар сүтті 5 литр кем береді. Бірақ сүтінің майлылығы 4,2-4,8 мөлшерді құрайды. Етіне де сұраныс жоғары болады деген ойдамын», – дейді Мейірбек. Қожалық жетекшісінің айтуынша, екі жасқа жуықтаған мүйізді ірі қаралар осыдан үш ай бұрын ғана қолдан ұрықтандырылыпты. Олар қазан-қараша айларында төлдей бастайды. Қожалық төл есебінен де асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды жоспарлауда. Сонымен қатар қолдан ұрықтандыру үшін Чехиядан 350 ұрыққа тапсырыс беріп қойыпты. Жаңа соғылып жатқан фермада қолдан ұрықтандыру пункті, суын алаңы жұмыс істейтін болады. Мұнда жемшөп мәселесі де оңтайлы шешіліпті. Қожалықтың өзіне қажетті жемшөпті 310 гектар егістік және жоңышқа алқаптарынан дайындап отыр. Бұдан өзге 600 гектар жайлымы тағы бар. Шетелден келген малға арнап 1000 тонна пішендеме бастырған. Енді бір-екі күнде егінге орақ салмақ. Жемді осы егістіктен дайындап алмақ ниетте. Сонымен бірге, қожалық біраз әлденіп алғаннан соң Гидропоника цехын салуды жоспарлауда. Осылайша малға өз фермасында жасылшөп дайындап бермек. Бүгінде оның нарықтағы құны 18 миллион теңгені құрайтындығын ескерсек, қожалық жетекшісі осындай цех шаруашылықтарға алуда Үкімет тарапынан субсидия қаралса деген өтінішін айтып қалды. Осында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Нұрғали Сейтбековті сөзге тартқан едік. – Шаруа қожалығына несие 15 жылға 6 пайыз жеңілдікпен беріліп отыр. Алғашқы кезде 30 ай каникул беріледі. Сөйтіп шаруашылық несиенің негізгі төлемін 2,5 жылдан кейін бастап төлей бастайды. Бұл малды жерсіндіруге және мал басын көбейтуге мүмкіндік береді. Қожалық жетекшісі мал алу үшін 20 миллион теңгенің кепілдігін қойды. Біздің тарапымыздан кепілдікке малдың өзі алынып отыр. Ендігі кезекте қожалық үкіметтен шетелден әкелінген малдың әрбір басына 225 мың теңгеден субсидия алатын болады. Алда шетелден өңірімізге 1000 бас мүйізді ірі қара әкелу жоспарлануда. Қазіргі таңда біраз шаруашылықтар құжаттарын өткізіп, келісімін күтіп отыр, – деді ол.

Жуалы ауданы.