Экономика

Ауыл шаруашылығын ілгерілету техникалық әлеуетке де тәуелді

Ауыл шаруашылығын ілгерілету техникалық әлеуетке де тәуелді

Былтырғы жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда «Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау керек» деп атап көрсетілгені белгілі. Жалпы ауыл шаруашылығы саласын алға бастыру техникалық әлеуетке де тәуелді. Осыған байланысты Елбасы тапсырмасымен қабылданған ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазақстан Республикасы агроөндіріс кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жұмыс істей бастағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Дейтұрғанмен, бағдарлама қабылданған екі жылдан астам уақыт ішінде ауыл шаруашылығы өндірісінде даму құбылысы байқалып отырғанын атап өтуге тиіспіз. Алға қойылған басты міндет – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға, ауыл шаруашылығы салаларының өнімділігін арттыруға, машина-трактор парктерін жаңартуға бағытталуда. Бұл үшін ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтай отырып, нақты бөліністердің маңыздылығына қарай жаңа инновациялық зерттемелер енгізудің қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде тиісті зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы машина-трактор паркінің 85 пайызының тозығы жетсе, жалпы техниканың 90 пайызы ескіргені анықталып отыр. Егіс алқаптарындағы жиын-терін жұмыстарының уақтылы жүзеге аспауы да осы техниканың тозуымен тікелей байланысты. Шындығына келсек, ауыл шаруашылық өндірісін кешенді механикаландыруды жүзеге асырмайынша, жоғары өнімге қол жеткізу мүмкін емес. Оның үстіне соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп беру айтарлықтай бәсеңдеген. Статистикалық мәліметке жүгінетін болсақ, облыста агроқұрылымдарды топтастыруда егістік жерге иелік ететін 18693 шаруа қожалық бары тіркелген. Бұдан тыс 34 кооператив, 354 ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтарының 72,5 пайызының егістік жері 50 гектардан аспайды. Алқап көлемі ұлғайған сайын қожалықтар саны да азая береді. Мәселен, 1001-ден 10000 гектарға дейін егістік жері бар шаруа қожалықтары 2,5, ал 10001 гектардан жоғарысы – 0,1 пайызды құрайды. Жалпы фермерлердің үлесінде – 84, ал ауыл шаруашалық тауар өндірушілеріне тиесілісі 13,4, жеке кәсіпкерлердің үлесіндегі жер 2,6 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ соңғы он жыл ішінде өңірдегі техника паркінің әлеуеті едәуір төмендеп кеткені байқалады. Айтап айтсақ, трактор 7063-тен – 5063-ке, комбайны 1252-ден – 695-ке, дән сепкіштер 1229-дан – 1092-ге, басқа да шөп орғыштар 74-тен – 45-ке азайған. Бұл жылдарда өңірге алыс шетелдерден әкелінген тракторлар жоқтың қасында. Қолда бар техникалардың басым бөлігінің жұмыс істеп тұрғандарына жиырма жылдан асқан. Ал астық жинайтын Ресейдің «Енисей-1200», «Енисей-950 Руслан», «Нива», «Дон-1500» және «Вектор-410kz» маркалы комбайндары техникалары болса, өзгелері Қазақстанда жасалған «КЗС», «Есіл», алыс шетелдерден әкелінген «John Deere», «Claas», «New Holland», «Case», «Challenger» компанияларының комбайндары. Осылайша басқа да техникалардың тізімін жалғастыра беруге де болады. Жалпы облыстағы машина-трактор паркінің саны, құрылымы және техникалық деңгейі агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Осындай техникалық құраммен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес екені анық. Техникалардың жетіспеуі, тозуы өнімнің текке ысырап болуына әкеліп соғуда. Сондай-ақ мұның ауыл шаруашылығы дақылдарын себу, өсіру, жинау мәселелеріне де кері әсерін тигізетіні белгілі. Бұл сонымен бірге, шаруашылықтағы негізгі қорлардың едәуір бөлігінің өз әлеуетін толықтай өтеп болғандығын да көрсетеді. Олар шұғыл алмастыруды қажет етеді. Осыған орай агроқұрылымдардағы егіс алқаптарының көлеміне байланысты нақты егіншілік жүйесін және техникалық құралдарды пайдаланудың тиімділігі мәселесі де зерделеніп отыр. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің техникамен жарақтандырылуда 1000 гектар егіс алқабына 8 дана трактор, 2 астық комбайны қажет екен. Біздегі бір комбайн жиын-терін кезінде орташа есеппен 400 гектардың астығын жинайды. Дамыған елдермен салыстырғанда бұл біршама көп (оларда 80-120 гектар көлемінде). Жалпы агроөнеркәсіп кешені ауыл шаруашылығы техникасының негізгі түрлерімен қамтамасыз етілуі 40-60 пайызға жаңартуды қажет етеді. Десек те бүгінгі таңда ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту өткір және өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Трактор паркінің 74,9, комбайндардың – 66,5, шөп орғыштардың – 71,1, дәнсепкіштердің 90 пайызына жуығының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Жалпы агроөнеркәсіп кешені бойынша барлық негізгі өндірістік қорларының (нақты пайдалану мерзімі бар машиналар саны) 80-90 пайыз тозу дәрежесі бойынша сұраным конъюнктурасына жауап бермейді және ауыстыруды талап етеді. Өндірістің тиімділігін арттыру үшін өңірде жыл сайын 500-550 тракторды, 65-75 дана комбайнды, 90-110 дана дәнсепкішті және тағы басқа құрал-жабдықтарды ауыстыру қажет екен. Көріп отырғанымыздай, аталған техникаларға қажеттілік өте жоғары. Бұл мәселедегі өсу қарқыны қуантарлық жағдайда емес. Себебі техникалардың тозуы жаңарту деңгейінен басым. Ал машиналар саны болса, жыл сайын есептен шығарылып 8-10 пайызға қысқарып барады. Жылына жаңартылатын техника саны 1-3 пайыздан аспайды (норматив бойынша 8-12 пайыз болуы керек). Бұл облыстың агроқұрылымдарында машина-трактор паркін жаңартудың төмен қарқынын көрсетеді. Бүгінгі таңда көптеген шаруашылықтардың экономикалық деңгейі жаңа техника сатып алуға сәйкес келмейді. Облыста 10 жыл ішінде машина-трактор паркін жаңартудың орташа үлесі: тракторлар – 23,1, комбайндар – 27, шөп орғыштар – 19,1, дәнсепкіштер 3,6 пайызға ғана жоғарылапты. Машина паркінің баяу жаңаруының басты себебі – техникалар бағасының қымбаттығы болып тұр. Облыс агроөнеркәсіп кешені тарапынан соңғы 10 жылда алынған тракторлар саны – 117, комбайндар – 21, шөп орғыштар – 2, сепкіштер – 4 бірлікті құрап, 2008 жылмен салыстырғанда жылына 3-4 есеге ғана артумен болғанын көріп отырмыз. Алайда ауыл шаруашылық техникаларының алынғанына қарағанда, есептен шығарылғаны 7-8 еседей көп. Бұл да материалдық-техникалық базаның жай-күйі мәз еместігінің айқын дәлеліндей. Тағы бір айта кетерлік жайт, өңірде нарықтық бәсекелестіктің жоқтығынан, техниканы лизингке сатып алған тұтынушылар сапасыз сервис қызметіне тап болуда. Бүгінгі күні елімізге танымал сауда маркаларының ауыл шаруашылық техникасын сату, лизинг және қызмет көрсету жарым-жартылай монополияландырылғанын да айта кеткеніміз жөн. Мәселенің бұл жағы да техниканы жаңартуға өз кедергісін келтіруде.

Жеңіс ӨТЕМҰРАТОВ, Әбдікәрім УСМАНОВ, «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның жетекші ғылыми қызметкерлері.