«Парасаттылық мектебі» адалдыққа баулиды
«Парасаттылық мектебі» адалдыққа баулиды
Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отыр. Бұл – ел дамуына, экономиканың өркендеуіне кедергі келтіретін дерт. Сондықтан тиісті сала қызметкерлері сыбайластықтың жолын кесудің түрлі жолын қарастыруда. Соның бірі – жазғы «Парасаттылық мектебі». Бұл – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аймақтық филиалының бастамасы. Жазғы мектеп өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, заңгерлер және «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері басшыларына арналған. Мұнда сарапшылар мен арнайы жаттықтырушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша еліміздің және халықаралық тәжірибелерімен бөліседі. Парасаттылық, адалдық қағидалары кеңінен түсіндіріліп, біліктілікті арттыру мақсатында оқыту дәрістері мен семинарлар өткізу де жоспарланған. – Біз өңірдегі мемлекеттік басқару академиясында «парасаттылық мектебін ашып отырмыз. Оқу курстарында сыбайлас жемқорлық фактілеріне мүлдем төзбеушілік, парасаттылық және адалдық туралы дәріс оқылады. Білім алушылар өз кезегінде жоғары оқу орындарына барып, студенттерге жеткізетін болады. Осындай жобалар арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптасады деп ойлаймын, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев. Жоғары оқу орындарында осы бағытта арнайы аудиториялар ашылған екен. Жалпы оқуға отыздан аса оқытушы қатысуда. Олар арнайы талаптар бойынша сыннан өткендер. Қатысушылар алған білімдерін жастарды парасаттылыққа, адалдық қағидаларына тәрбиелеуде қолданатын болады. Сондай-ақ студенттерге парасаттылық мектебінің апталық курстан өткендігін растайтын арнайы сертификаттар табысталмақшы.