Экономика

Ширата түсуді тапсырды

Ширата түсуді тапсырды

Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандару шаралары мен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалу барысы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте талқыланды.

Азық-түлік бағасы қымбаттаған

Ел тұрғындары үшін ең бастысы болып табылатын азық-түлік өнімдері бағасының соңғы уақытта біршама қымбаттағаны анықталды. Статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, азық-түлік тауарларының 26 түрі, бағаларды тұрақтандыру бойынша облыстық штабтың мониторингі негізінде 12 түрі, ал «Қазагромаркетинг» АҚ мәліметтері бойынша 8 түрі қымбаттаған. Атап айтар болсақ, осы жылдың 11 ақпанындағы бағалармен салыстырғанда күріш – 1, бірінші сұрыпты ұн – 2,7, сиыр еті – 0,9, сүт – 5,4, айран – 3,7, сәбіз – 7,1, пияз 25 пайызға дейін қымбаттаған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтың хабарлауынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, тұрақтандыру қорына 347 миллион теңгеге 5899 тонна азық-түлік өнімдері сатып алынған. Бұдан бөлек 500 тонна картоп, 300 тонна пияз, 50 тонна сәбіз, 10 тонна қызылшаны биылғы өнімнен сатып алу жөнінде форвардтық шарттар жасалған. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында барлығы 637,5 тонна азық-түлік тауарлары сақталған. Ал кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев басқарма бастамасымен облыс орталығындағы «Дос-Нар» сауда орталығы мен «Бек» базарында сауда орындарын жалға алу құны 30 пайызға, «Ауыл Береке», «Қайқармет» базарларында 50 пайызға дейін төмендетілгенін айтты. Басқарма басшысы осылайша бағаны өсірмеуге болатындығына сендіргісі келді. Ал облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты өнім түсімі аз болуы ықтимал екенін, сондықтан әлі де болса бұл бағытта жұмыстар ширатыла түсуі керектігін ескертті.

Жұмыспен қамтудың «жыры» көп

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында биыл 6,7 миллиард теңге қаралса, оның әзірге 76,8 пайызы игерілген. Биыл бағдарлама бойынша 13999 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның небәрі 4449-ымен әлеуметтік келісім-шарт жасалған. Бағдарламаның бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту бойынша барлығы 109 жобаға бөлінген қаржының 91,2 пайызы игерілген. Есепті мерзімге қаралған қаржыны игеру деңгейі Шу ауданында – 70, Қордай ауданында – 75, Мойынқұм ауданында – 84, Талас ауданында – 84,5, Меркі ауданында – 88,7 пайыз шамасында ғана болып отыр. Осы бағыттағы барлық жобаларда 1876 жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінде 1664 азамат қана жұмысқа орналасқан. Оның 852-сі жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен келген. Бағдарламаның екінші бағытына сәйкес, 920 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Шағын несие беру бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы тарапынан 352 адамға 815,2 миллион теңгенің несиесі берілген. Жалпы, несие алған азаматтар алдымен салық органдарында тіркеліп, әрқайсысы кем дегенде 1 қосымша жұмыс орнын ашу туралы аудан әкімдеріне нақты тапсырма берілген-ді. Бірақ, әзірге 352 адамның тек 96-сы қосымша жұмыс орындарын ашқан. Орын алған олқылықтар мұнымен бітпейді. Тарқатып айтар болсақ, несие алушылардың жетіспейтін инженерлік инфрақұрылым нысандарын жүргізу жұмыстарына қаралған қаржының 46 пайызы ғана жұмсалған. Жуалы, Байзақ, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу аудандары осы мақсатқа бөлінген соманың бір тиынын да тиісті мақсатқа жұмсамаған. Өзге аудандардың көрсеткіштері де мәз емес. Тек Жамбыл мен Талас аудандары ғана есепті кезең қаражатын толығымен игерген. Мұнымен қоса, Мойынқұм мен Жуалы аудандары ешбір нысанға конкурс жарияламаған. Т. Рысқұлов ауданы 20 нысанның тек 5-еуінде, Сарысуда 15 нысанның 4-еуінде, Меркіде 8 нысанның 2-еуінде ғана жеңімпаздар анықталып, жұмыс басталған. Бағдарламаның үшінші бағыты – оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағыты аясында оқытылуы тиіс 1666 адамның 1288-іне білім берілген. Оқуларын бітірген 716 адамның 508-і жұмысқа орналасқан. Жұмыс таба алмай отырғандардың дені Талас, Жуалы, Сарысу, Шу аудандарында және Тараз қаласында шоғырланған. Жастар тәжірибесі бойынша Мойынқұм ауданы осы мерзімге қаралған қаржының 52,5 пайызын ғана игерген. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің хабарламасы осындай, көңіл көншітерлік болмай шықты. Сондықтан да облыс әкімі: – Жақында мен іссапармен Қордай ауданында болдым. Сонда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынша жол құрылысында 3500-ге жуық адам жұмыс істейтін көрінеді. Соның тек 12-сі ғана сіздердің басқармаларыңыз арқылы келген. Облысымызда дипломы сандықтың түбінде сарғайып жатқан қаншама азаматтар, жастар жұмыссыз жүр? Оқымағандарының саны қанша? Олар немен айналысып, қалай күн көруде? Бұл туралы басқарма басшысы да, аудан әкімдері де бейхабар. Оларды жұмысқа орналастыру жағын ойлап тіпті де бас қатырғылары келмейді. Мүгедектердің жайы нешік? Олар да жұмыс істегілері келеді емес пе? Оқта-текте ғана тек жәрмеңке өткізіп қойып отыра береміз бе? Сонымен қатар, түрмеден шыққан азаматтар бар. Оларды да қайта оқытып, жұмысқа тарту жағын неге қарастырмасқа?! – деді кейіп. Жорабек Баубеков аталған мәселелер бойынша жұмысты ширататындықтарын жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы жылдың тәмамдалуына аз уақыт қалғанын ескерте отырып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».