Экономика

ОҚУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ ТАҒАН ЖОҚ

ОҚУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ ТАҒАН ЖОҚ

Биыл Тараздағы жоғары оқу орындарының төлемақысы қымбаттаған жоқ. Оқу ақысы 20 пайызға қымбаттағаны жайлы ақпараттар шындыққа еш жанаспайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ел аузында жүрген алып-қашпа әңгімеге нүкте қойылды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков пен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлының мәлімдеуінше, университеттердегі төлемақы көлемі былтырғыдан артпаған. Нақтырақ тоқталсақ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да гуманитарлық, заң, экономикалық ғылымдар бойынша білім беретін бакалавриатта жылдық төлемақы – 308 мың теңге, инженерлік техникалық, технологиялық бағыт бойынша – 318 мың теңге. Ал докторантурада біліміңізді жетілдіргіңіз келсе, жылына 915 мың теңге төлеуіңіз шарт. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің төлемақысына келер болсақ, мұндағы жылдық ақы барлық білім беру бағдарламаларына бакалавриат бойынша – 297 мың теңге, магистратурада – 355 мың теңге, докторантурада – 1 миллион теңге көлемінде. Жиында ректорлар алдағы жаңа оқу жылына студенттерді қабылдаудың талаптары мен ерекшеліктеріне де тоқталды. Ресми дерекке сүйенсек, биылғы оқу жылына республика бойынша 53785 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 191 грантқа артық. Магистрлерді даярлауға да былтырғымен салыстырғанда 980 грант артығымен, яғни 13484 білім гранты қарастырылған. Ал докторантурада конкурстан өткен 2312 студент тегін білім ала алады. Бұл да 2018 жылмен салыстырғанда 72 грантқа көп. Биылғы жаңалық – еліміз бойынша көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары үшін қосымша 5000 грант бөлінген. Оның 460-ы біздің облысқа тиесілі. ТарМУ биылғы оқу жылына бакалавриаттың – 60, магистратураның – 40, докторантураның 4 мамандығы бойынша қабылдау жүргізсе, ТарМПУ бакалавриат бойынша – 24, магистратурада – 13, докторантурада 9 білім бағдарламасы бойынша түлектерді қабылдауға даяр. Махметғали Нұрғалиұлы ТарМУ-да әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге биыл да түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын айтады. Былтыр мұндай жеңілдіктердің арқасында 1464 жас 30 пайыздан 100 пайызға дейін тегін білім алған көрінеді. Бүгінде оқу ордасында ата-аналар мен талапкерлерге көмек көрсету мақсатында арнайы офис құрылған. Мемлекеттік білім гранттары үшін конкурсқа құжаттар 20 шілдеге дейін қабылданады. Ал ТарМПУ конкурсына қатысу үшін талапкерлер құжаттарын 25 шілдеге дейін тапсыра алады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА