арқаны кеңге салуға әлі ерте
арқаны кеңге салуға әлі ерте
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда өңірде соңғы 6 айда атқарылған жұмыстар қорытындысы мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген негізгі бағыттарынан туындайтын міндеттер талқыланды. Жиын басталысымен Асқар Исабекұлы баяндамашыларға жеткен жетістіктерден бұрын кемшіліктер мен орындалмаған индикаторларға нақты тоқталуды тапсырды. Мәжілісте алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жетекшілігіндегі басқармалардың жұмысына жеке-жеке тоқталды. Биыл қаржыландыру жоспарына сәйкес 139,6 миллиард теңгеге міндеттемелер қабылдау қажет болса, ол 105,6 миллиард теңгеге ғана қабылданған. Қабылданбаған міндеттемелердің 34 пайызы Тараз қаласына тиесілі. Жалпы мемлекеттік сатып алу конкурстарының уақтылы өткізілмеуі, кейінгі айларға жоспарлануы міндеттемелердің қабылданбауының негізгі себебі екен. Ал индикаторлардың орындалуына келсек, олардың саны Сарысуда – 6, Қордайда – 5, Байзақ пен Меркіде – 4, Шуда – 3, Жуалыда – 2, Жамбыл, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында –1. Жарты жыл ішінде су айдындарында 15 қайғылы оқиға тіркеліп, 16 адам суға батып қайтыс болған. Оның 10-ы 2-15 жас аралығындағы жеткіншектер. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62,5 пайызға артық. Бекболат Орынбековтің айтуынша, оқиғалар негізінен шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алған. Қордай ауданында, тіпті, жеткіншек есік алдына орнатылған бассейнге тұншығып өлген. Келесі кезекте мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев та өзіне қарасты атап айтар болсақ – денсаулық сақтау, құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы, сәулет және қала құрылысы салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау саласында 39 көрсеткіштің 3-еуіне қол жеткізілмеген. Атап айтсақ, нәресте өлімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өскен. Былтыр 6 айда 89 нәресте шетінесе, биыл бұл көрсеткіш 103-ке жеткен. Сәби өлімі Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында көбейген. Халықтың жалпы өлім-жітімі осы уақыт аралығында 1,2 пайызға көбейген. Бұның бір себебі – жалпы практикалық дәрігер учаскесіне тіркелген тұрғындар санының көптігі болса, медицина мамандарының жетіспеушілігі де қолбайлау. Құрылыс саласы бойынша 24 миллиард теңгенің 79 жобасы іске асуы тиіс болса, оның 6-ауының келісімшарттары рәсімделмеген. Биыл жаңадан әзірленуі тиіс 153 жобаның 35-іне жобалаушы анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбаған. Себебі нысанның бастапқы құжаттары әзірленбестен, бюджеттен қаржы қарастырылып қойған. Мемлекет тарапынан көп балалы аналарға айрықша көңіл бөлініп жатқанына қарамастан, жамбылдық кейбір жергілікті атқарушы органдар үшін бұл мәселе маңызды емес секілді. Өйткені биыл Тараздан – 360, Жаңатастан – 56, Қаратаудан – 88, Шудан 108 көп балалы отбасының жатақханамен қамтылмай қалу ықтималдығы жоғары болып тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2175 отбасын пәтермен қамту жоспарланғанымен, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 187 көп балалы отбасын баспаналы ету жоспары да созылуда. Сондай-ақ 17 алқапқа тек электр желісін жүргізу арқылы тұрғындарға қосымша 3722 жер телімін беру мүмкіндігі болғанымен, тиісті құзырлы орындар түрлі себептерді алға тартып, істің көзін таба алмай дал. Ал жол саласы бойынша 189 жобаның 56-сының келісімшарттары рәсімделмеген. Алқа мәжілісі барысында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев, Нұржан Календеров, Сұлушаш Құрманбекованың есептері де осы сарында. Ауыл шаруашылығы саласында бекітілген 4 индикатордың төртеуі де жүзеге асқан. Қаңтар-маусым айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 230,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103 пайызды құраған. Мәжілісте облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет осы уақытқа дейін бекітілген тапсырманың ешбірін орындамаған және жартылай орындаған тиісті лауазым иелеріне шара қолдануды ұсынды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аз да болса жұмыс ширай бастағандығын, баяндамалардың мазмұны мен талдау деңгейінің жоғары болғанын атап айтты. Белгілі себепсіз орындалмаған тапсырмалар, кемшіліктер бойынша шара қолданылатындығына тоқталды. Республика бойынша орташадан жоғары көрсеткішке қол жеткізгенімізбен, әлі де босаңсуға ерте екендігін ескертті. Алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы бойынша ең алдымен халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру мақсатында жұмыстарды жалғастыра беруге шақырды.
Тараз қаласы.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА