Не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді
Не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді
Тазалық – көпке ортақ. Бірақ бүгінде аудандық «Сарыағаш» базары маңайының тазалығы сын көтермейтіндей деңгейге жетті. Әсіресе базармен жапсарлас тұрған, бұрынғы тігін фабрикасының орны қазір қоқыс тастайтын орынға айналған. Сиқы қашқан ғимараттың көшеге қараған бір бөлігінің төбесі опырылып ортасына түскен. Іші толған күл-қоқыс. Күн ысығалы бері жағымсыз иіс қолқаны қауып, төңірекке таралуда. Қараусыз қалған ғимарат иесін әлі күнге ешкім тәртіпке шақыра алмай отыр. Бүгінде базардағы жұрт енді ішін қойып тамақ қалдығы мен басқа да жарамсыз заттарын сыртына әкеліп тастауда. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан нысан әлі күнге қоршалмаған. Халқымыздың батыр перзенті Бауыржан Момышұлының атымен аталатын ауылдың қақ ортасында қоқыс алаңының тұрғаны өкінішті-ақ. Сол маңдағы үйлер де күл-қоқысын осында әкеліп тастайтын сияқты.Ал қасында жұрт тамақтанатын үш бірдей асхана, екі бірдей кәуапхана жұмыс істеп тұр. Жағымсыз исі қолқаны қапса да, ол асханалардан адам қарасы үзілмейді. Құдды бір осыған елдің де, кәсіпкерлердің де әбден көзі үйреніп, еті өліп кеткен бе дерсің. Өйткені жағдайдың осылай жалғасып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Б.Момышұлы ауылдық әкімшілігі бұл істе қауқарсыздық танытып отыр. Апта сайын қараусыз қалған ғимараттың көше жақ бетін «Жасыл Жуалы» мекемесінің қызметкерлері тазалап кеткен болады. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, апта сайын ол арадан екі машина күл-қоқыс шығарылады екен. Ал олардың күл-қоқыс тастағандардан айыппұл өндірілетіні туралы ескертулеріне құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Содан болар апта өтпей-ақ ғимараттың көше жақ беті қайта қоқысқа толып шыға келеді. Мұнда тамақ қалдығына жиналған ит пен мысық өріп жүр. Маскүнемдер де осы араға үйірсек. Екі-үш жыл бұрын осы ғимарат ішінен бір жігіттің өлі денесі табылған болатын. Біреу өлтіріп, сонда тастап кеткен екен. Әйтеуір полиция қылмыскерді ұзатпай құрықтады. Қазір бұл жерден мысық пен ит өлекселерін жиі кездестіруге болады. Жалпы, ішіне кірудің өзі қорқынышты ғимараттың бұған дейін төрт-бес рет өртке оранғаны елдің есінде. Көшенің келесі бетіндегі екінші ғимаратының сүйегі мықты-ақ. Әлі де болса бір кәдеге жаратуға болады. Ал базар қожайыны Мұсатай Аппасов болса, базардағы кәсіпкерлерге күл-қоқысты бейберекет тастамау туралы талай ескертіп, ол үшін арнайы орын барын айтудай-ақ айтып келеді. Б.Момышұлы ауылдық әкімшілігі аталған ғимараттың иесін тауып, бір емес, бірнеше рет сотқа беріпті. «Екі жыл бұрын облыста өткен сотта Салтанат Әлиеваның иелігіндегі ғимараттың төңірегін қайта ретке келтіру туралы міндеттеме жүктелген болатын», - дейді Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пешенов. Бірақ кәсіпкер ол талапты әлі күнге орындамай келеді. Тараз қаласында тұрған ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кеткен. Оны айдың-күннің аманында «жоғалтып алған» Б.Момышұлы ауылдық округінің әкімшілігі ғимарат иесіне ешқандай шара қолдана алмай пұшайман күй кешуде. Бұдан аудан әкімі Нарбай Ергебеков те хабардар. Бір кезде бұл мәселені ауданның бұрынғы әкімі Бақтияр Көпбосынов та бақылауына алып, шешуге тырысып баққан. Бірақ бұл іс сол күйі аяқсыз қалып қойды. Ғимарат иесін тезге салуға не ауыл әкімінің, не аудан әкімінің шамасы келмеді. Енді бұл мәселені ауданның жаңа әкімі Н.Ергебеков пен Б.Момышұлы ауылының жақында тағайындалған әкімі К.Хайралапов бір жағына шығарады деген үміттеміз. Түптеп келгенде Салтанат Әлиева өзіне тиесілі ғимаратты жеке игілігіне де пайдаланып отырған жоқ. Не өзгеге бермейді. Оған сотта ғимарат маңын таза ұстауды, қоршауды міндеттесе де ол айтылған жерінде қалған. Қазір бұл нысан аудан орталығының сұрқын қашырып тұр. Ғимарат иесінің телефонын тауып сөйлесуге біз де әрекет етіп көрдік. Бірақ оның сәті түсе қоймады. Тазалыққа үлес қосу әрбір азаматтың міндеті емес пе? Ауылдың көркі үшін жоғарыда аталған нысанның ауласын қоршап, ғимаратын құлатып тастаса, құба-құп болар еді.
Жуалы ауданы.
Марат Құлибаев