Алматыда Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Алматыда Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Бүгін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мұражайға жиналған қауым суретші Шәкен Ниязбековты ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға қатысқан қала басшысы Ахметжан Есімов Елбасының атынан келген көңіл айтуы жеделхатын оқып берді. «Шәкен Ниязбеков - қазақ өнерінің көрнекті өкілі, халқымыздың мақтан тұтар аяулы перзенті. Оның өмірден озуына байланысты жақындарының ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Шәкен Оңдасынұлы отандық көркем өнерді дамытуға, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосқан зиялы тұлға еді. Марқұмның жұмыстары негізінен патриоттық рухта жазылған. Оның ҚР Мемлекеттік туының авторы болуы - тума таланты мен Отанын шексіз сүйгендігінен деп білеміз. Тәуелсіздігіміз баянды болған сайын марқұмның рухы халқымен бірге мәңгі өмір сүре бермек. Жатқан жері жарық, иманы салауат болғай», - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыған қала әкімі Ахметжан Есімов. Қаралы жиынға суретшінің туған-туыстары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері қатысты. «Бүгін қазақ өнері, қазақ мәдениеті орны толмас қайғыға душар болып отыр. Бүгін Шәкен сынды асқар таудай атамызды ақтық сапарға шығарып салып жатқан жайымыз бар. Қазақтың бейнелеу өнерінің ірі тұлғасы Шәкен Оңдасынұлы барлық болмысында «халқым, елім» деп еңбек еткен адам. Алматының көркеюі мен өсуіне ықпал етіп, 20 жылға таяу қаланың бас суретшісі болған адам. Артына талай шәкірт қалдырған. Осындай ірі адамның дүниеден өтуі үлкен салмақ», - деді Қазақстанның Халық әртісі, режиссер, профессор Обаев Есмұхан.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz