Саясат

Елбасы Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады

Елбасы Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады

Кездесу барысында республика соттарының 2014 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары, Жоғарғы соттың күнделікті қызметі, сондай-ақ, алдағы кезеңдегі міндеттері талқыланды. Мемлекет басшысы сот жүйесі мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, елдің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде, шағын және орта бизнес субьектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауда, олардың қызметі үшін оңтайлы жағдай жасауда айрықша орын алатынын атап өтті. Қазақстан Президенті Үкіметті қайта ұйымдастыру, оның құрамын ықшамдау бизнеске барынша жайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтты. Елбасы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа кодекстер қолданысқа енетініне тоқталды. Ол құқық бұзушыларға экономикалық санкцияларды көбірек қолдануға және түрмедегілердің азаюына әкелуі тиіс. – Адамдардың сот әділдігіне деген сенімі сот органдарының жұмысына байланысты. Атап айтқанда, барлық даулар отандық сотта әділ шешілуі үшін мамандандырылған экономикалық соттардың жұмысын жетілдіру керек, – деді Президент. Жоғарғы сот төрағасы елдегі сот төрелігінің жағдайы туралы баяндады. Бірінші жартыжылдықта соттарға келіп түскен арыздар мен істердің саны 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға ұлғайды. Медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істердің саны 475-тен 1911-ге дейін өсті. Қ. Мәми сондай-ақ, 4-5 қыркүйекте Астанада өтетін ШЫҰ елдерінің Жоғарғы сот төрағаларының ІХ отырысын өткізуге дайындық барысы туралы да хабардар етті. Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы елдің сот жүйесін дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.