- Advertisement -

Қырман қызыл дәнге толды

70

- Advertisement -

Бүгінде жалпы ауданның егінжайларында қызу еңбек басталып кеткен. Астық орып, дән бастырған диқандарда тыным жоқ. Биыл аудан бойынша күздік бидай – 2026, жаздық бидай – 75, арпа – 11135 гектар алқапқа орналастырылған екен. Ақ егістің жартысы орылыпты. Осылай қырман қызыл дәнге толып келеді.
Теңіздей толқыған алпар алқапқа алғашқы болып «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің егіншілері орақ салған. Егінжай төсіндегі қарбалас тірлік ертеден қара кешке дейін бір толас таппауда. «Дала кемелерінің» бүйіріндегі бункерлер алқапты бір айналғанда ақ дәнге толып шыға келеді. Ақық дәнді «Зил-130» және «Газ-53» маркалы жүк көліктері қораптарына тиеп алып, алқап пен қырман аралығына әрі-бері қатынаумен жүр. Оларға «МТЗ-82» тракторы тіркемесімен ілесіп бара жатқанын да байқап қалдық.
Алқап басынан шаруашылық басшысының орынбасары Жақсынбет Жамансариевтің кезіге кеткені. Ол да биыл егіннің бітік шыққанын айтып қалды.
–Былтыр күзде 600 гектарға бидайдың «Стекловидная-24», көктемде 600 гектарға арпаның «Арна», «Бәйшешек» сұрыптарын сепкен едік. Тұқымның сапалылығына көз жеткізіп отырмыз. Негізінен егін оруды бастағанымызға бір апта ғана болды. Бүгінгі күнге дейін 270 гектар арпа, 50 гектар бидай алқабы орылып, дәні бастырылды. Әзірге гектар қайтарымы орташа есеппен 15,1 центнерден айналуда, – деді ол.
Біз Жақсынбеттің әліптің артын бағып отырғанын сездік. «Сіздердің осы арық айтып, семіз шығатындарыңыз бар. Түпкі межелеріңіз 25 центнердің ар жақ, бер жағы болар», дегенімізде, «Енді, оны уақыт көрсетер», – деді ол. Жалпы, астық орып, бастыру науқанының ойдағыдай өтуіне мұнда барлық жағдай жасалып отыр. Механизаторлар үшін көшпелі асхана көмегімен ыстық ас та ұйымдастырылады. Механикалық отряд дер кезінде техникалық қызмет көрсетуде.
Астықтың шығымы да, алғашқы түсімі де жаман емес. «Қызылдиқандықтар» биыл ақ егістен мол өнім жиналып алынады деген нық сенімде.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support