Президент тің бастамаларын қолдауға шақырамын
Президент тің бастамаларын қолдауға шақырамын
Биыл еліміздегі басты саяси науқан – Президент сайлауы өтіп жатқан күні, одан кейінгі күндері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында (кейбір облыс орталықтарында) ресми рұқсат алмай көшеге наразылық шеруіне шыққандар болды, арасында жастар да бар. Сол шеруге шыққандардың көбісі іштен және сырттан біздерді, қазақстандықтардың уыздай ұйыған бірлігін бұзбақ болғандардың арбауына түсіп қалғандар деп есептеймін. Олардың көбісі жеке өздеріне, бала-шағасы, іні-қарындастары, ата-аналары, туған-жақындары алдында не істеп жүргендеріне объективті түрде есеп бермейді, тіпті олардың араларында түкке түсінбей ілесіп жүргендер де болды. Осы жағдайлар бізді қатты мазалайды. Олардың көбісі іштен ірісек, ілгерілеу, жақсару, даму болмайтындығын, «бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын екендігін» әлі де түсінбейтіндіктерін, саяси сауатсыздықтарын көрсетті. Елін, ұлтын шын сүйетіндер және туған елінің болашағын ойлайтындар ондай қателіктерге бой алдырмаулары тиіс еді. Мұндай жауапты, тағдыр шешті кездері әрбір ұлтын, елін сүйетін азамат елін араздыққа емес, бірлікке, ынтымаққа, имандылыққа шақырулары керек. Осы заң бұзушылардың арасында біраз қыз-келіншектердің болғаны да алаңдатады. Аналар және болашақ аналар ынтымаққа, бірлікке шақырудың орнына, отқа май құйып жүрді, бетпақтыққа жол берді. Бұл деректер бәрімізді, көзі қарақты барлық азаматты толғандыруы қажет. Сол көшеге шыққандардың көбісі Отанды сүю, ұлтжанды болу, ұлттық намыс дегеннің мазмұнын да, қадірін де білмейді. Әйтпесе, неге олар жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасын және соңғы кездері айтып жүрген ой-пікірлерін, ұсыныстарын, идеяларын, Үкіметке берген тапсырмаларын қабылдағысы келмейді? Неге олар іштен және сырттан еліміздің бірлігін бүлдіргісі келетіндердің жалған уәделеріне және уәждеріне сеніп жүр? Халық сайлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрсеткен басым бағыттарына назар аударайықшы: жуық арада әлеуметтік міндеттерді шешу, кәсіпкерлікті қолдау және қоғам бірлігін қамтамасыз ету, халықтың табысын сөзбен емес, нақты іспен арттыру, жұмыс істей алатындарды, оның ішінде бірінші кезекте жұмыс істегісі келетіндерді жұмысқа орналастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу, жастарға ерекше көңіл бөлу, жас кадрлармен мемлекеттік басқару жүйесін жаңартып, жас дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлеріне тарту, сол үшін «Президенттік кадр резервін» қалыптастыруды ұсынды ол. Мемлекет басшысы өз қызметінде бірінші күннен әділдік, тазалық, шындық, ұлтжандылық, имандылық, ашықтық ұстанымдарына тоқтап, оларды нақты іске асыруға кірісті. Жақсылықты көргісі келетіндер осы оң қадамдарды аңғаруы тиіс. Ал көшеге шыққандарға өз-өздеріне мына сұрақтарды қоюды және оларға объективті жауап іздеуді ұсынамын: - Мен Отаным және елім үшін нақты не істедім? Дұрыстап оқыдым ба, білім алдым ба, нақты мамандықты жақсылап игердім бе? - Еңбек етіп жүрмін бе, жұмыс істеуге талпыныс жасадым ба, нақты іздендім бе? - Жалқау емеспін бе, еңбек етпей табыс табуға бола ма? - Балама, қызыма, ініме, қарындасыма адал еңбек қана бақыт әкелетіндігін айттым ба, түсіндірдім бе? - Жақсы маман (дәрігер, инженер, агроном, зоотехник, фермер, бухгалтер, экономист, құрылысшы, ағаш ұстасы, дизайнер, шаштараз, аспаз, тіс дәрігері, малшы, қаржыгер, жүргізуші, ұшқыш, дәнекерлеуші) бола алдым ба? Қажетті және керекті мамандықты игеру үшін не істедім? - Қоғамға алдымен пайда келтірмей, одан алақан жайып сұрауға бола ма? - Өз кемшіліктерімді кімнен көремін (әке-шешемнен бе, мемлекеттен бе, әлде басқадан ба?) Өзім жағдайымды түзету үшін еңбек етуді ойладым ба? Жаңа Президент өз бағдарламасын және ұстанымдарын нақты іске асыра бастағандығын көзі қарақты халық байқады. Мен еліміздің барлық азаматтарын саяси өміріміздің жаңа кезеңі басталғанын түсінуге шақырамын. Президентті бәріміз қолдайық, ел бірлігін, ынтымағын сақтайық.
Билібай Мүсілімов, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры.