Саясат

Несиеге сиыр алып, қарызды сүтімен өтеуге болады

Несиеге сиыр алып, қарызды сүтімен өтеуге болады

Кәсіпорын директоры Әбдіғали Бегімбетов бүгінгі таңда сүт бағытындағы 4 ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта олардың санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Аталған зауыт өндірген өнім көлемі соңғы бес жылда 186,2 миллион теңгеден 774, 3 миллион теңгеге дейін өсіп, тұрақты жұмыс орнымен қамтылғандардың саны 32-ден 48-ге жеткен. Мұнда орташа айлық жалақы 102-140 мың теңге аралығында. Өткен жылы зауыт жалпы сомасы 778 миллион теңгені құрайтын 81 тонна өнім шығарған. Ал биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 389 миллион теңгенің 41 тонна өнімін өндіріп отыр. Кәсіпорында сүт және ет өнімдерін тереңдете өңдеуге және өндіріс орындарын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. Серіктестіктің толықтай цифрландырылған зауытының іске қосылуы осының нақты айғағындай. Жалпы, облыста сүт өнімдерін өндіретін 18 кәсіпорын жұмыс істейді. «Көкжиек» солардың ішіндегі бірегейі десе де болады. Өңірімізде сүт кластерін дамыту ісінде батыл қадамдарға да баруда. Серіктестік басшысы өңірдегі қожалықтар мен жеке азаматтарға 100 сиырға дейін сатып алып бере алатынын да айтады. Қазір кәсіпорын аймақтағы 35 шағын қожалықтан күнделікті сүт жинайды. Бір литр сүттің қабылдау бағасы – 95 теңге. – Бүгінгі күні жұмыссыз азаматтарға да жұмыс тауып бере аламыз. Мысалы, 10 бас сауын сиыр алған азамат қайтарымын бес-алты айда өтей алады. Тек еңбек етсе болғаны. Қазір ішкі нарықта негізінен Ресей, Беларусь елдерінің өнімдері көбейіп тұр. Алайда ішкі өнімді толық қамтуда біздің әлеуетіміз де жетеді. Әзірге ішкі нарықтағы үлесіміз 20 пайыз көлемінде. Субсидия мәселесі де оң жамбасқа келмей тұр. Ендігі жерде шағын және орта бизнес нысандарын тексеру, сондай- ақ түрлі әкімшілік кедергілер азайтылса деген тілегіміз бар, – дейді Әбдіғали Бегімбетов. Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев бүгінгі күні көрші Өзбекстан мемлекетінің мүйізді ірі қара малына деген сұранысы артқандығын алға тартып, жергілікті шаруаларды қолдауда тың бастамалар қолға алынып отырғандығын айтты. «Бүгін Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында болдық. Онда облыс орталығы бойынша 7,5 мың адам жәрдемақы алуға өтініш беріпті. Егер осы азаматтардың қатарында бала-шағасының несібесін қосымша жұмыс көзі арқылы табамын дейтіндер болса, осы серіктестіктен несиеге 10 сиыр алып, оның өтеуін сүтпен өтей алатындығын да жеткізу керек. Бұл – үлкен мүмкіндік. Ал осындай істің көзін тапқан азаматтарға әкімшілік кедергі келтірмей, қолдағанымыз дұрыс – деді Қожахан Жабағиев. Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде болды. Арнаулы орта оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде колледж директоры Жанар Орынбаева айтып берді. Білім ордасында бүгінде 3200 студент білім алса, оның 2900-ы бюджет есебінен оқуда. Колледжде барлығы 500 адам еңбек етеді, оның 230-ы – оқытушы. Мұнда білімгерлер 30 мамандық бойынша оқытылуда. Колледж биылғы оқу жылының өзінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша – 170, бюджеттен – 200, «Тегін кәсіптік білім беру» бағдары бойынша 130 грантқа ие болған екен. Жанар Рымбекқызы колледж еліміздегі үздік он колледждің қатарына еніп отырғандығын да мақтанышпен жеткізді. Бұдан соң халық қалаулылары «Тараз-Арена» спорт кешенінде болды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай депутаттарға шаһардың қоғамдық және әлеуметтік тыныс-тіршілігі туралы да айтып берді.

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.