Жол жөндеу жұмыстары жалғасады
Жол жөндеу жұмыстары жалғасады
Өңір тұрғындарының жанайқайына бейжай қарай алмайтын дағдымыздан айнымақ емеспіз. Газетіміздің қоржынына келіп түсетін әрбір хаттың артында адам және оның тағдыры тұратыны белгілі. Әлеуметтік маңызды мәселелерді қаузайтындары да аз емес. Сондай хаттың бірі – Сарысу ауданынан аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Марқаш Мизенбаевтың атынан келген еді. Ол «Тараз–Ақкөл–Саудакент» тас жолының Ақкөл–Қызыләуіт ауылы аралығындағы біраз бөлігі өткен жылдың көктем айында орта жөндеуден өткізу үшін бұзылғандығын алға тартып, бүгінде бұл жұмыстың соңы сиырқұйымшақтанып кеткендігіне реніш білдіреді. «Осы тас жол бойындағы шұңқырларды «жамау» жұмыстары Сарысу ауданының шекарасына дейін келді де, тоқтап қалды. Бұл – облыстық маңызы бар жол. Осы жол арқылы көршілес Түркістан облысының Созақ ауданынан тікелей Алматыға күнбе-күн қатынайтын автобус аудан тұрғындары үшін қолайлы еді. Енді осы «Шолаққорған–Алматы» бағытындағы автобус қатынасының да үзіліп қалу қаупі бар» – дейді хат авторы. Аталған мәселеге байланысты облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласып, жауабын алуға тырыстық. Басқарманың автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облыстық маңызы бар «Тараз–Аса–Ақкөл–Саудакент» автожолының 86-96,1 шақырым аралығына орта жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталған, биылға өтпелі екен. Алайда жұмыстар басталған сәтте мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына сот органдары арқылы шағым түсірілуіне байланысты жол жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. – Сот шешіміне сәйкес, мердігермен келісімшарт тек ағымдағы жылдың 24 қаңтарында жасалды. Мердігерлік ұйым ретінде «Арқантас» ЖШС танылған. Жол жөндеу жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда 3 шақырым жол жамылғысы төселіп, жасанды имараттарды (су өткізгіш құбырлар) қалпына келтіру ісі жүзеге асырылуда. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. Ағымды жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, Талас ауданына қарасты облыстық маңызы бар автожолдарды ағымдық жөндеу жұмыстары аудан шекарасы, яғни «Тараз–Аса–Ақкөл–Саудакент» автожолының 44-110 шақырымы аралығын қамтиды. Ал Сарысу ауданына қарасты облыстық маңызы бар автожолдарда ағымдық жөндеу жұмыстары аудан шекарасы, яғни облыстық маңызы бар «Күйік – Қарабастау–Қаратау–Жаңатас – Саудакент» автожолының 127 шақырымынан басталып, «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» автожолының 110 шақырымына дейін жүргізілетін болады. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына шағым түсірілуіне байланысты, мердігермен келісімшарт 17 маусым күні жасалды. Бүгінгі күні шұңқырлықты бекіту «Ақтоғай–Жаңатас» бағытында аяқталып, «Жаңатас–Саудакент» бағытында жүргізіліп жатыр. Яғни жалпы жұмыстар тамыз айында да жалғасады, – дейді Мұрат Құттыбайұлы. Айта кетейік, сондай-ақ басқарма тарапынан да оқырман хатына тиісті жауабы қайтарылатын болады.
Сарысу ауданы.