Сыртқы келбеті және қолжетімділігімен ерекшеленеді
Сыртқы келбеті және қолжетімділігімен ерекшеленеді
Елімізде халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелуіне байланысты құрылыс кеңінен қанат жаюда. Қазір қалада да, далада да салынып жатқан әлеуметтік және тұрғын үй нысандарынан көз сүрінеді. Мердігерлер арасында жаңа технологиямен жұмыс істеп, сыртқы келбеті келіскен, бағасы қолжетімді нысандар салып жатқандар да аз емес. Солардың бірі – Тараздағы Анатолий Тимофеевич Пак басқаратын «Пико и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік өзі құрылған ширек ғасыр уақытта шаһарда 50-ге жуық әлеуметтік және тұрғын үйлер салып, ел игілігіне пайдалануға берді. Мердігер кейінгі 12 жылдан бері жылыблок шығарып, оны қабырға өруге қолдануда. Мұның артықшылығы көп. Бір текше метрге 386 кірпіш қаланса, оның орнын 35 жылыблок алмастырады. Мұның өзі нысан салуға кететін шығынды 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ені небәрі 21 сантиметр, ыстық және суық өткізбейтін материал үй алаңының көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Серіктестік соңғы 10 жылда облыс орталығында осындай материалмен 10 тұрғын үй және 9 әлеуметтік нысан салған. Оған қоныстанушылар мердігер компанияға және оның басшысы Анатолий Пакке ризашылықтарын білдіруде. Серіктестік өткен жылы Тараздағы Маяковский көшесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 45 пәтерлік үй салып, іске қосты. Ол қазір «7-20-25» бағдарламасы аясында үлестірілуде. Ғимарат сыртқы келбетімен және бағасы қолжетімділігімен ерекшеленеді. «Пико и К» – материалдық-техникалық және қаржылық жағдайы жақсы компания. Сондықтан да ол бірқатар тұрғын үйлерді өз қаржысымен жүргізеді. Биыл қалада 25 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қолға алған. Ол келесі жылы шілде айында қолданысқа беріледі. Елбасы былтыр елімізде студенттер үшін 75 мың орындық жатақхана салу міндетін қойғаны белгілі. Бұл тапсырманы орындауды елімізде алғашқылардың бірі болып Тараз мемлекеттік университеті мен «Пико и К» ЖШС бірлесіп қолға алды. Жобаның құны – 1 миллиард 300 миллион теңге. Нысанның бұрын соғылған жатақханалардан артықшылығы көп. Жаңа үлгідегі 3 және 6 адам тұратын бөлмелерде сантехникалық желі, жуынатын орын, шағын асхана болады. Бес қабатты зәулім нысанда мәжіліс және спорт залдары салынады. Әзірге құрылысқа қаржыны екі мекеме бірлесіп құйып отыр. Келешекте Тараз мемлекеттік университеті серіктестік үлесіндегі бөлікті өздеріне сатып алатын болады. Жатақхана келесі жылы 1 тамызда іске қосылады. Компания жыл сайын орта есеппен 300 миллион теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарады. Елуден астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық-жалақысы – 90 мың теңге. Мердігер құрылысқа кететін шығынды үнемдеу мақсатында іргелі ізденістерді жүзеге асыруда. Құрылысқа қажетті металл-пластик есік-терезелер өздерінде жасалады. Анатолий Тимофеевич кейінгі кезде гипс-кортоннан бөлмелердің ортасын бөлетін материал шығаруға алғышарттар жасалып жатқанын айтады. Қазір осындағы арнайы цехта ай сайын 5 мыңнан астам жылы блок шығарылады. Тапсырыс болса олар оның санын 15 мың данаға дейін жеткізе алады. Анатолий Пак келешекте құрылыс жүргізушілердің бейнеті мен шығыны көп қызыл кірпіштен бас тартып, жаппай жылы блокты қолданысқа енгізетініне нық сенімді.
Тараз қаласы.
Ақылжан Мамыт