Әлеумет

Тоқсан жылдық тарихы бар

Тоқсан жылдық тарихы бар

Тоқсан жылдық тарихы бар «Жамбыл Рем Сервис» ЖШС өз мерейтойын атап өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, темір жол саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Жиналғандар алдымен серіктестіктің жөндеу депосын аралады. Ондағы заманауи материалдық-техникалық базамен, былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен үш қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешенмен танысып, соңғы жылдары жаңадан алынған жүк көтеретін кранды, мұнай өнімдерін, цементтің 15-1405 маркалы түрін тасуға арналған цистерналарды, өзге де автоматтандырылған технологияларды көріп, тамашалады. Мерейтой иелерін алдымен «Жамбыл Рем Сервис» ЖШС-ның құрылтайшысы Әлібек Жұмабаев құттықтады: – «Темір жол – мемлекет ішіндегі мемлекет» деп бекер айтылмаған. Бұл сала қателікті кешірмейтін, күндіз-түні тынымсыз еңбек етуді талап ететін, қауіпті де қызықты жұмыс. Оның бүгінін жасаған кешегі ардагерлеріміз де, болашақ ұрпақ үшін, ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған қазіргі қызметкерлері де – нағыз майталмандар. Тоқсан жылдық торқалы тойларыңыз құтты болсын! – деді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өзінің құттықтау сөзінде: – Құрметті теміржолшылар! Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Соңғы үлгідегі техникамен жарақтанған бұл мекеме қазіргі таңда әлеуетті, сапалы қызмет атқара білетін, материалдық-техникалық базаны сақтап, ардагерлерін ұмытпай, сыйлай білетін алдыңғы қатарлы ұжымның бірі. Сіздерді облыс әкімінің атынан мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деді. Ән шырқалып, биден шашу шашылған, мекеменің тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілген бұл күні сонымен бірге «Жамбыл Рем Сервис» ЖШС-ның бас директоры Әмірхан Күндәулетов жол қауіпсіздігін сақтап, сапалы еңбек ету басты мақсаттары екендігін жеткізсе, өзге құттықтаушылар шойын жолда шыңдалғандарға жемісті еңбек тіледі.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».