- Advertisement -

Өлеңге аңсары ауған еді

204

- Advertisement -

Жүрегі жыр деп соққан талантты жас ақындардың бірі – Іңкәр Асқарқызы еді. Шынашақтай кезінен Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, талай байқауларда жасындай жарқыраған да болатын. Өмірін өлеңмен өрнектеп жүрген шағында бейуақ ортамыздан озды. Таланты мен талабы қатар үйлескен ақынның бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Іңкәр Асқарқызы

Балапан

Сары ауыз балапан,
Жем іздеп аузын ашады.
Күткендей жылы алақан,
Тамақ таппай сасады.

Тыным таппай қыр кезіп,
Жердің бетін шарлайды.
Тамағы үшін жүр безіп,
Қанаты бір талмайды.

Ойды айтып тұнған көңілге,
Кей мәселені ымдаппын!
Келгеннен соң өмірге,
Аман болғайсың қымбаттым!

Ояну

Жаныма менің маза бермеді шабытым,
Жырымды жаздым келгенде ғажап тағы түн.
Арманым биік – өшпейтін жауһар қазынам,
Өлеңнен сірә, табылатындай бағытым.

Ақ сүтіменен анамның мен де жетілдім,
Өмірге мынау қазығы болып бекідім.
Әкемнің сөзі жадымда әркез сақтаулы,
Келмейді менің өмірде мынау өкінгім.

Қазақтың сөзін бағалап өскен балаңмын,
Ертерек өссем жетілгені ғой санамның.
Көмейге мына көрікті ойлар тізіліп,
Өнерімменен бақытымды да табармын.

Жан серігім — қаламым

Қаламым менің шыдамы екен төзімнің,
Жаныма сая, қарасындай мөлдір көзімнің,
Қиналған шақта көңілімді бір сәт басармын,
Қуатыменен жүріп те келем сөзімнің.

Жалықпаймын мен бір сәт те жырды жазудан,
Өткенім жоқ қой өмірдің көктем, жазынан.
Ұлғайса екен өлеңге деген құштарлық,
Азайса екен өмірге деген базынам.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Жыр-кездік

Мәрт далаға мың жебедей шашылған,
Айбатынан аң менен құс шошыған.
Не өтпеді тамырынан тарихтың –
Қан боп аққан қарт қазақтың басынан?!

Сол қанменен талай дұшпан шөл басты,
Ол заманда өзен де ащы, көл де ащы…
Қанша жерден өмір жауға жақтассын,
Құдай еді – бабаларға қолбасшы!

Жау шапқанда, тұлпар-намыс жер тепті,
Қаншама ер серт етті де, ерте өтті.
Қаншама ауыл үйіндіге айналды,
Қанша мола жермен-жексен боп кетті?..

Ана сүтін, қалың елін мұң ұрлап,
Қайғы соңын жақсылыққа ырымдап.
Әр ауылда қан менен күл сасыған,
Бір-бір жетім сәби жатты шырылдап…

Жау қолымен өртке оранған даламда,
Туа салып жоқтау айтқан заманда.
Бөрі шешіп бесіктегі байлауын,
Қыран ғана ана болған оларға!

Балалығын құрбан етіп іңірге,
Топырағын тұмар етіп бүгінге.
Кездікпенен ойнап өскен кекті ұлдар,
«Түркіміз!» деп жолықпап па ед(і) түбінде?!

Азат етіп тұтқын болған тауларды,
Өзен-көлді, жоталар мен жарларды.
Сол ұлдардың еркелігі ерлік боп,
О дүниеге қуып барған жауларды!

Қазақы рух

(монолог)

Ілесіп келем ауыр сарынға,
Күресіп келем, жеңілмей!
Даламның асау дауылдары да,
Бабамның соңғы деміндей…

Ақ сауыт таулар жарасқан тұлға,
Биіктігіндей ақылдың,
Көтеріп тұрған көк Аспанды да,
Ақ білегіндей батырдың.

Жайратайын ба, қайралайын ба?!
Майдан да ердің ғұмыры…
Жарқ еткен намыс-найзағайым да,
Семсер мен Серттің сынығы.

Айналдырамын адырнасына,
Тарихтың теуіп жақшасын,
Адам атаның қабырғасына,
Хауаның байлап Ақ шашын.

Жебемді сілтеп жолды қараймын,
Суырып алып жанымнан.
(Иесі өлген Домбырадаймын,
Қобыздың үнін сағынған…)

Жаныммен бөлші жырымды бөлсең,
Сыр болып жүрмін еленбей.
Тағдырды жеңген түрімді көрсең,
Тәңірден таяқ жегендей…

Қыранға ғана қорек жүрегім,
Періштем қайда, бөлейтін?!
Елімді ғана демеп жүремін,
Ал мені кім бар елейтін?!

Жебесе мені халқым жебейді,
Жерлесе де егер, жақын кеп…
Жоқтаушы болып қалғым келмейді,
Жоқталуға да хақым жоқ.

Ұрандап көктен жеке түсетін,
Ұмытпайтындай сен қалдың.
Қасіретіңді көтерісетін,
Қара шаңырақта мен бармын.
Ұмытпа!!!

Мейлі…

Өзіңсіз көрші ғаламды,
Өзіңді көрші қақ жарып.
Менсіз де түндер қараңғы,
Сенсіз де күндер жап-жарық.

Кінәсіз өмір, шындық-ау,
Күтпеген бізді, қумаған.
Менсіз де көктем мұңлылау,
Сенсіз де гүлдер қураған.

Мен ғана сенсіз, досы елес,
Мені де жоқтар сен ғана.
Сенсіз де қала бос емес,
Менсіз де жалғыз кең дала.
Жыларсың менсіз, күлерсің
Қайғы да бізсіз қалса деп.
Менсіз де өмір сүрерсің,
Сенсіз де өлгем… қанша рет!

Армандар неге ойқұмар,
Жауабын мен де тоспадым.
Менсіз де достар қайғырар,
Сенсіз де күлер достарың.

Құрсыншы, мейлі, рас жалған
Көрерміз көк пен жерсіз де.
Менсіз де өмір басталған,
Аяқталады сенсіз де…

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support