Құс қанат ғұмыр
Құс қанат ғұмыр
Таң алдында бірер сағат мызғып алған Жансейіттің әлгінде ғана көрген таңғаларлық түсі көз алдына келе берді. – Апыр-ай, бұл не болды екен? – деп ол төсектен ұзақ тұрмай жатып, қайта-қайта ойға алды. Түсінде аспан төрінде шоқ жұлдыздың ортасында тұрған баданадай жеке жарық жұлдыз кемерінен аса толқи түсіп тұр еді. Содан бір кезде төгілгелі тұрған көз жасындай дірілдеп тұрды да аспан төрін қақ жара құлдилап кеп етекке құлап түсті. Соңында шұбырып ақ жолақ ізі қалды. Аспанда көпке дейін сөнбей тұрып алды. Жансейіт бұл көргенін жамандыққа жорыған жоқ. Өзінің баяғы анау-мынауға сене бермейтін, ырым-жырымға көңіл бөлмейтін мінезімен тезірек ұмытуға тырысты. Енді күндегі әдетінше шай-пайын ішіп, жаймен басып қызметке беттеді. Айнала-төңірекке көз салып, көңілі көтерілейін деді. Дүние кең екен, жарық екен. Тіршілік таңғы сәулемен оянып, қызу өмірге араласып келе жатты. Едәуір аяңдап, жол ортасына кеп қалған еді. Бір қылтадан, оқыс жерден бір кәртамыс сыған қатын бұған орала кетті. – О-оу, байшыкеш қазақ. Қане, менің алақанымды алтындай қойшы, саған бір тілек айтып берейін. Міне, мынау менің қолымдағы сиқырлы айнаны көріп тұрмысың? Осының ішінен мен сенің бүгінің мен болашағыңды көріп тұрмын. Айтып берейін бе? Ендеше әкел, алақанымды ырза қыл. Сені бір үлкен қуаныш күтіп тұр. Соның сүйіншісі болсын! – деді қояр да қоймай. Өмірінде мұндайға сене бермейтін Жансейіттің садақа беруі де тым сирек еді. Жанқалтасынан бірер он сомдықты шығарып сыған әйелге ұсынды. – Өзіңде тегі бала-шағаның басы бар екен-ау! – деп тұрды да мұның көзіне тура қадалып қарап: – Ендеше мынаны қара. Жақын күнде саған қуанышты хабар келеді. О-о, өзің қандай бақытты жансың. Зор қуаныш, балаңнан келетін қуаныш! – деп өзі ақырындап жылыстай берді. Бес-алты қадамдай аттап қайта бұрылып тұрып: – Сен ол балаңды сақта, тіл-көзден сақта, аман болсын! – деп бұрылып жүре берді. Мынау тосын жайды мүлде күтпеген Жансейіт абдырап қалды. – Не дейді, не деп оттайды мына сыған қатын? – деп жаймен күбірледі ол. Десе де әлгі әйелдің сандырағы тура келді. Мәскеуде әншілік гастрольмен жүрген баласы Құрмаштың концерті зор табыспен өтіпті. Кремльдің кең сарайында шырқалған қазақ әндері мен орыс, шетел әндері аса талғампаз, сыншыл қауымды таң-тамаша қалдырып, ләззатқа бөлейді. – Мынау бала сұмдық қой! Әйгілі Лемешевтің үні ғой бұл. Тіпті одан да ғажап! – деп олар қайран қалысады. – Қазақтың ендігі жарық құлдызы осы. Өзі қазақтан гөрі орысқа көбірек ұқсайды екен! – дейді іштей қызғанышпен. Жансейіттің есінде әйгілі Кремль сарайында әлемнің ең бір үздік әншілері ғана ән салатын. Қазақтан мұндай құрметке әйгілі Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева ғана бөленіп еді. Құрмаш әлі жас, тым жас. Жиырманың төңірегінде ғана. Он екіде бір гүлі ашылмаған. Абыройы бұлай аса берсе, алда мұны әлемдік даңқ пен бақ қол бұлғап күтіп тұр. Әке жүрегі соны сезіп біршама марқайып, енді бір жағынан секем алып та тұрды. Баласының тума дарыны тым ерте оянып еді. Таңғы шықтай тұмса даусының ерекшелігін елден бұрын өзі байқаған. Бірнеше облыстық, республикалық байқауларда озып шығып, бас жүлделерді жеңіп алған, ел аузына ерте ілінген еді. Өнер институтында оқып жүріп те бұл табыс бір сәтке толастаған жоқ. Сатылап өсе берді. Енді, міне, шетелдік даңққа да ие бола бастады. Осының бәріне куә болып отырған Жансейіт іштей Құдайға жалбарынып: «Е, Тәңірім, зор Тәңірім! Осы бір қарашығымды аман қыла көр!» дейтін. Батыстың әртүрлі әдебиеттерінен оқығаны бар. «Тым ерте оянған асқан дарынды таланттар құйрықты жұлдыз секілді жарқырап көрінеді де көп тұрмай, тез сөнеді». Мұндайды олар Вундеркинд деп атайды екен. Кейіннен ол есіне анда-санда түссе де көп мән бермейтін болды. Енді баласы Құрмаш елге оралып қалар деп жүргенде, жаңадан тосын хабар келді. Италия жұртшылығы Құрмашты әйгілі Ла Скала опера театрының сахнасында ән шырқауға шақыртыпты. Бұл – сирек кездесетін бақ. Ән өнерінің ең бір жарқырап жанған жұлдыздары Паворотти мен Робертино Лоретти сынды әлем саңлақтарын шырқау биікке көтерген сахна. Өнерпаз біткеннің тәу етіп табынатын қасиетті шыңы. Күтпеген жаңалық Жансейіт әулетін түгел таңғалдырды. Құрмаш дайындықсыз емес еді. Мұның репертуарында әйгілі «Риголетто», «Травиата» операларынан бірнеше басты партиялар бар. Бұл жолы солар әжетке жарайтынын біліп, сахна төріне шықты. Бөгде елге оншалық таныс емес беймәлім балаң жігіт таза итальян тілінде әйгілі арияларды нәшіне келтіре орындап тұрғанда зал толы жұрт орнынан тік тұрып, көздері шырақтай жанып тамсанып, дуылдатып қол соғып жіберді. Мұнан соң солардың қолқалауымен қазақтың «Құстар, құстар» әнін шырқап кетті. Адамды бірден баурап әкететін сиқыр бар бұл әнде. Көрерменге сөзі түсініксіз болғанымен әннің мұңлы сазы толқытпай қоймады. Мәз өмірін қысқартып қайтып бара жатқан құстар легінің сағынышқа толы нәзік саңқылы, қанатының сусылы, арагідік кейістікпен шаңқ етіп үн салған қаңқылы – бәрі-бәрі келеді құлаққа. Кейде бір қос қанатын керіп тастап қалықтайды ауада. Енді бірде қос аяғын бауырына жиып ап самғайды, сәт өтпей-ақ қос қанатымен ауаны ескекше есіп алға жүйткиді. Осының бәрі сиқырлы үнмен шырқалғанда тыңдарман жұрт қазақ әуенінің бар құдіретін, бар сұлу сипатын сезінгендей болды. Осыншама зор абыроймен оралған Құрмаш өз елінің шексіз қошеметіне бөленді. Бұның арты өзге де елдердің мәртебелі театрлары өз сахнасына тынымсыз шақыру жіберуімен ұласты. Бірақ Құрмаш бұған соншалық асыққан жоқ. Бірер ай тынығып, демалып жүргенде Қытай елінен әлем өнерпаздарының байқауына қатысуға шақыру алды. Бұл жолғы сапарға әкесі Жансейіт пен анасы Мағрипа бірге аттанды. Мінекей, Ұлы Қытайдың аспан астындағы ашық сахнасы. Қыбырлаған көп адамның шетіне көз ұшы жетпейді. Сахна сәулеті келіскен қызылды-жасылды шұғыла-сәулелер құбыла жалтылдап, айналаны неше түрлі түске бөлеп тұр. Бірінен бірі өткен әр елдің өнерпаздары кезегімен ән шырқап жатты. Төмендегі жұрт әрбір әннен соң жел соққан теңіздей толқып, өз ризашылығын дуылдасып білдіреді. Құрмаштың кезегі ән легінің орта шеніне келді. Жас әншінің бұл жолғы дайындап келгені – Қытайдың осы соңғы кезде айтылып жүрген «Күншығыс елінің таң шапағы» атты әні. Бұл өзі айрықша шырқау дауысты керек ететін күрделі ән еді. Құрмаштың күшті даусы оның асу бермес шырқау биігіне еш қиналмастан еркін шықты. Қайырма қалтарыстарындағы өзгеше иірімдеріне дейін қытайдың өз мақамына селкеу түсірмей түп-түгел, нәп-нәзік шеберлікпен жеткізді. Қытай біткен түрегеп тұрған күйде сансыз дауыспен: «Құрмаш, Құрмаш!» деп жер тепкілеп, дуылдатып алып кетті. Осы даурығу көпке дейін тынбай қойды. Тек әлден соң ғана Құрмаштың енді екінші бір әні бар екені есіне түсіп барып басылды. Келісім бойынша Құрмаш енді өз елінің әнін шырқауы керек. Таңдау қазақтың халық әні «Япурайға» түскен. «Жаз болса жарқыраған көлдің беті», деп баяу басталып, «Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті» деп біртіндеп екпін алып шырқап кетті бұл әнді. Ендігі бір кезекте «Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын» деп сырласса, «Шайқайды жас баладай, япур-ай желдің лебі» деп назданады. Қайырмасына келгенде Құрмаш бұл әнді бүгінге дейін ешкім естіп білмеген өрнекпен кенет шырқау биікке тік көтеріп үйіріп әкетті. Туынды арқылы қазақ елінің, қазақ жерінің құштарлық сезімі мен адал қасиеті, дархан көңілі мен кең құлашы барынша ашылып, жарқырап көрініп тұрды. Жай ғана баяндап тұрмай бірде шырқау биікте қалықтай түсіп, енді бірде жан біткенді естен тандыра өз еркімен билеп алды. Ән біткенде кенет әлдебір тасқын су қаптағандай жер де айқай, көк те айқай боп ұласып: «Құрмаш, Құрмаш!» деп көпшіліктің даусы кернеп ала жөнелді. Осы қалың шудың ішінен төралқалар арасынан бір қытай әйел жақын кеп, Құрмашты өзіне икемдей бере мойнына алтын алқа тақты, білегіне алтын білезік салды. Сөйткенше болған жоқ арғы жақтан, той ішінен жұпыны ғана киінген бір қазақ қызы жақындап кеп мұны бауырына қысып, қапсыра құшақтап тұрып: «Асыл туған бауырым. Төбемді көкке бір жеткіздің ғой! Елге сәлем де!» деп тез басып төмен түсіп кетті. – Айтушысына кезікпей жүрген екен-ау сорлы «Япур-ай!» – деді Жансейіт күбірлеп, жанарына жас кептеліп. – Мынадай боп айтылған әнде арман бар ма?! Бірер күн демалып бұлар елге қайтты. Алып лайнердің күміс қанатына қызықтай қарап отырып, Құрмаштың көзі ілініп кетіпті. Кенет әлдеқайдан өзіне әнеукүнгі алқа таққан қытай әйел пайда болып, бұған қарап тұрып: «Білемісің, мойныңа алқа таққаным, басыңа бұғалық салғаным, білезік-қолыңа кісен салғаным!» деп сайқалдана бір күліп алды да бұрылып алып жүре берді. Құрмаш шошып оянды. Бұл не сыр екенін түсінбей көпке дейін ойланып жүрді. Ешкімге сыр шашқан жоқ. Бірер күн өтті. Құрмаштың әлдеқалай еңсесі түсіп, бойын жинай алмай жүрді. Сүлесоқ күйде ешнәрсеге зауқы жоқ, бүкіл тұла бойы бір ауыр соққыдан жаншылып, әлсіреп бара жатқандай. Көбіне ешкіммен жадырап сөйлесуден қалып, оңаша тыныштықты тілейді. Әке жүрегі мұны сезбей қалған жоқ. Бірер рет көңіл-күйін сұрап көріп еді, жарытымды жауап алмады. Екі-үш аптаның көлемінде белгісіз дерт енді айқын біліне бастады. Дерттің түрін дәрігер біткен тексеріп, ақыры таппай әуре-сарсаң болды. Жас әншінің ажары тайып, күннен-күнге майшамдай сөніп бара жатты. Тәуіп, сәуегейлер бірауыздан назары, сұғы тиген, тіл-көздің кесіріне қатты ұшыраған деп тапты. Сорлы әкесі шырқырап, жанын қоярға жер таппай жүрген еді. Енді соңғы бір-екі күннің бедерінде баласынан күдерін үзейін деді. Кең төсектің үстінде сазарып, созыла түсіп жатқан баласына жақындап еді. Құрмаш: – Су, – деп әлсіз тіл қатты. Сумен ернін ғана жібітіп бірер ұрттады да әкесіне қарап: – Өмір деген осылай екен, көке! – деп бір әлсіз жалбарынышпен қарады да, қолын сәл көтере «Қош» дегендей белгі беріп, үзіліп жүре берді. Зар илеп қалған Жансейіт: – Дүние-ай, неткен тар едің! Неткен тар едің! – деп егіліп жылай берді, жылай берді.
Тараз қаласы.
Рахым САДЫҚБЕКОВ