Экономика

Агробизнес – табысты бизнес

Агробизнес – табысты бизнес

немесе «ауыл шаруашылығы дотациялы» деген ұғымды жоққа шығарған шаруашылық

Қазақстан – ұлан-байтақ жері бар, аграрлық әлеуеті орасан мемлекеттің бірі. Ғалымдар еліміздің келешекте ауыл шаруашылығын өркендету арқылы ғана әлемдегі алдыңғы мемлекеттердің қатарына қосыла алатыны туралы айтып та, жазып та жатыр. Алайда бұл сала мемлекет тарапынан үлкен көмек, қолдау көрсетіліп келе жатқанына қарамастан, қолда барды ұқсата алмағандықтан тиісті деңгейде дамымай келеді. Азиядағы жер көлемі 20,7 мың шаршы шақырым, халқының саны 7 миллион, жерінің 97 пайызы шөлейтті Израиль мемлекеті жылына 5 миллиард АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды екен. Ал 40 миллион гектар егістігі, 180 миллион гектар жайылымдығы бар Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты жылына 3 миллиард АҚШ долларынан аспайды. Бұл мәселе туралы әңгіме қозғалса, көптеген мамандар саланың дотациялы екенін алға тартады. Елімізде, оның ішінде облысымызда бұл ұғымды жоққа шығарып, рентабельді жұмыс істеп жүрген агроқұрылымдар да аз емес. Солардың бірі және бірегейі – Меркі ауданындағы егін және мал өсірумен шұғылданатын «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік соңғы 8 жылдан бері тұрақты таза табыспен жұмыс істейді. Асыраушы саланы өркендетуге Елбасы өзінің осыған дейінгі Жолдауларында ерекше көңіл бөліп келеді. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеу керек? «Сыпатай батыр» ЖШС бұл жетістікке қалай қол жеткізді? Серіктестік директоры Қанат Кеналыұлы Шайхиевпен арамыздағы сұхбатымыз, міне, осы тұрғыда өрбіген еді.

– Халқымыз «Ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі тамақ үшін» деп текке айтпаса керек. Жер бетінде адамдар көбейген сайын азық-түлікке деген қажеттілік те арта түсері сөзсіз. Өткен ғасырдың 70-жылдары дүниежүзіндегі атышулы ғалымдар «Жер шары адам саны 9 миллиардтан асқан соң оларды асырай алмайды» деген алаңдаушылыққа толы пікір білдірген болатын. Сол кезде бірқатар ғалымдар жердің 15 миллиард адамға дейін асырау мүмкіндігі бар екендігін нақты деректермен дәлелдегені белгілі. Әлем халқының саны 70-жылдары 4 миллиард болса, қазір 7,5 миллиардқа жетті. Осы қарқын бәсеңдемесе, 9 миллиардқа, одан әрі 15 миллиардқа жетіп қалатын кез алыс емес. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» демекші, сол кезде адамзаттың бар ақыл-ойы мен күш-жігері тек азық-түлік өндіруге бағытталмасына кім кепіл? Қазір дүниежүзінде 38 мемлекет азық-түлік тапшылығын бастан кешіруде. Әлемде 1 миллиардқа жуық халық тойып тамақ ішпейді. Көршілес Қытай мемлекетінде адам санының жоғары қарқынмен өсуіне байланысты келешекте олар шеттен 50 миллион тонна астық сатып алуға мәжбүр болады деген болжам айтылуда. Еліміз үшін халық шаруашылығының басқа салаларына қарағанда, егін және мал өсірумен айналысу тиімді әрі қолайлы. Бұл салада жинақталған мол тәжірибе бар. Әйтсе де кейінгі кезде егіншілік саласында қордаланып қалған проблемаларды еңсере алмай келеміз. Өтпелі кезеңде жердің жүйесіз пайдаланылуынан егістіктің құрамындағы құнары 30 пайызға дейін азайып, 60 пайызы деградацияға, яғни азып-тозуға ұшыраған. Сортаңданған жүздеген мың гектар егістік айналымнан шығып, арамшөп басып, шегіртке ұялап жатыр. Кейінгі кезде егіндіктер мен шабындықтарда өрттің жиілеп кетуінен ауаға шығарылатын көмір қышқыл газының мөлшері артуда. Мұның өзі климаттың өзгеруіне, жылу мөлшерінің артып, жауын-шашынның азаюына әкеліп соқтыруда. Мемлекетіміз бұл олқылықтардың орнын толтыру, сала өнімділігін арттыру жолында көптеген бағдарламалар қабылдауда. Аграршыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетілуде. Біз мемлекеттің көмегі мен қолдауын ұтымды пайдалансақ, өз жұмысымызда жаңа технологияларды кеңінен басшылыққа алсақ ауыл шаруашылығында ірі табыстарға қол жеткізеріміз сөзсіз. Бұған мен басқаратын серіктестіктің іс-тәжірибесі айқын дәлел. – Сіз мектеп бітіргеннен кейін Жамбыл технологиялық институтының химия-технология факультетінде оқыпсыз. Ауыл шаруашылығына қалай келдіңіз? – Мен жас кезімде арманшыл едім. Мектепте оқып жүрген кезде келешекте ғарышкер, дәрігер болғым келді. Әкем – Кеналы Меркі ауданындағы Сұрат ауылында мұғалім, анам – Қалбүбі 9 бала туып, өсірген үй шаруасындағы әйел болатын. Технологиялық институтқа бір үлкен кісілердің ұсынысымен түстім. Оған өкінбеймін. Институт бітірген соң ішкі істер саласында 10 жыл қызмет істедім. Осы кезде өткен ғасырдың 90-жылдарының басында еліміз нарықтық экономикаға көшкені белгілі. Мен де кәсіпкер болып, бағымды сынап көргім келді. Әуелі Сұрат ауылында мал семіртіп, Алматыға ет өткерумен шұғылдандым. Шаруа қожалығын құрып, егін өсіру үшін сол кездегі Меркі ауданының әкімі Бағлан Қарашолақовтың атына 200 гектар егістік жер беруге өтініш жаздым. Ол менің өтінішімді елдің арасында, егістіктің ортасында қанағаттандырды. Бұл – 2005 жыл болатын. 2006 жылы Сұрат ауылындағы «Сыпатай батыр» ЖШС басшысы жол апатынан қайтыс болды. Ауыл тұрғындары оның орнына мені қалады. Сөйтіп құрамында 208 адам бар шаруашылыққа директор болып тағайындалдым. 2007 жылы агроқұрылымның қордаланып қалған қарызы 41 миллион теңгеге жеткен екен. Бұл – ол кезде үлкен қаражат болатын. Әлбетте, оны жуық арада жою оңай емес. Маған біраз билікте жүрген азаматтар шаруашылықты банкрот деп жариялап, жұмысты жаңадан бастауға кеңес берді. Банкроттық құжаттар әзірленіп жатқан болатын. Осы кезде маған Сұрат ауылындағы жасы 90-нан асқан, Ұлы Отан соғысына қатысқан Алпысбай Шырышбаев деген ақсақал келіп жолықты. Ол: «Қанат, маған сенің атаң Қалманбет түсімде аян берді. Немерем Қанат қолға алған ісін соңына дейін жеткізсін» деген өсиет айтты деді. Осыдан кейін банкроттыққа әзірленген құжаттардың бәрін тоқтаттым. Қордаланған қарызды төлеуге бел байладым. 2007 жылы 1100 гектар алқапқа бидай өсірдік. Ол бітік шықты. Өнімді сатып, қарыздың 21 миллион теңгесін төледік. Қалған қарызды 2010 жылы толық еңсердік. Мен серіктестікті қабылдап алған кезде онда әбден ескіріп, тозған 4 «МТЗ-80» тракторы, 1 «К-700», 1 «КамАЗ» автомобилі ғана бар болатын. Қарамағымыздағы 6,5 мың гектар жердің дені игерілмей жатқан. Оның 800 гектары суармалы. – Тығырықтан қалай шықтыңыздар? – Серіктестік мүшелерімен ақылдасып, дәнді дақыл және қант қызылшасын өсіруді ұйғардық. Тәуекелге бел байлап, 2010 жылдан бастап лизингке бірнеше жаңа техника алдық. Агротехникалық шараларды қатаң сақтау нәтижесінде масақты дақылдардан тұрақты жоғары өнім алдық. Қант қызылшасын 2008 жылы – 50, келесі жылы – 80, 2010 жылы 100 гектар алқапқа орналастырдық. Өсімдіктен алғашқы жылы 250 центнер өнім жинасақ, кейін көрсеткіш 400 центнерге дейін жетті. Тапқан табысымызға тағы да жаңа техника алдық. Қазір агроқұрылымда 11 «МТЗ-80», 3 қуатты «К-700», қант қызылшасы тұқымын себетін, қатар аралығын өңдейтін, өнім жинайтын техника және қажетті культиватор, соқа және шөп шабатын құрал-саймандар бар. Бірақ бізді бұл нәтиже қанағаттандырмады. Нарық заңы – қатал. Ол – аз шығынмен көп табыс табуды талап етеді. Астық өсіруде жаңа технологияларды кеңінен енгізген Франция мемлекеті әр гектардың өнімділігін 90 центнерге жеткізген. Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде бір фермер масақты дақылдардың 1 гектарынан 120 центнер дән алғаны туралы жазылды. Ресейлік біраз ғалымдар масақты дақылдардың әр гектарынан 150 центнерге дейін түсім алуға болатынын нық сеніммен жазып жүр. Біздің жеріміздің құнары басқалардан кем емес. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтерсек, оған біздің де қол жеткізетініміз сөзсіз. Әлбетте, ол үшін салаға инновацияны кеңінен енгізіп, агротехникалық шараларды қатаң сақтау қажет. – Сіздер соңғы жылдары дәнді дақылдардан жоғары өнім алып келесіздер. Бірқатар алқаптарда әр гектардан 70 центнерден астық жинадыңыздар. Бұған қалай қол жеткізілді? – Біздің агроқұрылымның тірлігі түзеліп келе жатқанын білетін аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков 4 жыл бұрын тұқым шаруашылығын құру туралы ұсыныс жасады. Біз шұғыл іске кірістік. Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен келісімшарт жасасып, тұқым шаруашылығын құрдық. Элиталы тұқым және тұқым шаруашылығы мәртебелерін алдық. Бұрын сеуіп жүрген күздік бидайдың «Наз», «Богарная-56» және арпаның «Бәйшешек» сұрыптарын қолданыстан алып тастап, олардың орнына Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан өнгіштігі жоғары «Алмалы», «Стекловидная-24» және «Мереке-70» элиталы сұрыптарын сатып әкелдік. Элиталы тұқымның ол кездегі 1 тоннасының бағасы 135 мың теңге болатын. Егістіктерге институттан әкелінген арпаның «Сусын», «Арна», «Сымбат» және «Айдын» сұрыптары егілді. Оларды үш жыл бойы егіп, сынақтан өткіздік. Соның нәтижесінде тәлімі жерде өсетін, қатаң құрғақшылыққа төзімді күздік бидайдың «Стекловидная-24» сұрыпы, сондай-ақ жаздық арпаның «Сымбат» және «Арна» сұрыптарын қалдырдық. Қазір осы сұрыптар жақсы өнім беруде. Бұрын бізде өсірілетін күздік бидайдың қамырлылығы 24-25 пайыздан аспаса, былтыр ол 27 пайызға жетті. Бұл – біздің өніміміз еліміздің солтүстік облыстарында өндірілетін бидайдың қамырлылығымен теңесті деген сөз. 2017 жылы ақ егістен алынған элиталы тұқымды, яғни 1200 тонна күздік бидай мен 500 тонна жаздық арпаны аудан және облыстағы шаруа қожалықтарына өткердік. Былтыр күзде және биыл көктемде облыс және аудан агроқұрылымдарына 1500 тонна күздік бидай және 300 тонна жаздық арпаның элиталы тұқымын саттық. – Өңірімізде негізінен күзде – күздік бидай, көктемде арпа тұқымы себіледі. Сіздер өткен жылдың күзінде күздік арпа себуді қолға алыпсыздар. Оның қандай артықшылықтары бар? – Серіктестік масақты дақыл тұқымдарын тұрақты өнгіштігі жоғары элиталы тұқыммен жаңартып отыруға күш салады. Өткен жылы қарамағымыздағы 1500 гектар алқапқа күздік бидайдың «Тритикале», «Евклид» және «Стекловидная-24» сұрыпты дән себілді. Олардың әрқайсысының түсімі гектарына 60 центнерден кем болмауы тиіс. Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты өздерінің зертханасында өсірген күздік арпаның «Жасөркен», «Жалғас» және «Алатау» деген сұрыптарын біздің егістіктерге екті. Олардың аумағы – 2,5-3,5 және 9 гектар аумақты құрайды. Тұқымды өздері себеді, жинайды және өлшейді. Жекелеген алқаптарда тәжірибе ретінде өсірілген олардың әр гектарынан 60-70 центнерден өнім жиналады. Оларды бізге өткізеді. Келешекте біз бұл сұрыптарды егіп, көбейтеміз. Алынған астықты облыстағы агроқұрылымдарға өткереміз. Күздік арпа көктемде егілетініне орай 15-20 күн ерте піседі. Жаздық арпаға қарағанда жоғары өнім береді. Қазақта «Құласаң – нардан құла» деген мақал бар. Біз кейінгі кезде іздену және зерттеу нәтижесінде Ресейдің Краснодар өлкесінде дәнді дақылдардан ең жоғары өнім беретін «Алексеевич» деген сұрыпты тұқым бар екенін білдік. Егер күтімі келіссе, әр гектардан 140 центнерге дейін өнім береді дейді. Олармен хабарластық. Биыл Краснодарға тәжірибе алмасуға барамыз. Тапсырыс берген тұқымымызды олар бізге өздері жеткізіп береді. Оны себетін кезде арнайы агроном келеді. Барлық агротехникалық шаралардың басы-қасында болады. «Озат тәжірибе – ортақ қазына» дейді. Астықтан жоғары өнім алып жатсақ, ол сұрыптарды көбейтіп, аудан және облысқа өткеретін боламыз. Мұның өзі бізді ірі табыстарға кенелтумен қатар өнімнің өзіндік құнын бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік береді. Облысымыз, тіпті еліміздегі дихандар өнгіштігі және өнімі жоғары дәнді-дақыл тұқымдарын себуді қолға алатын болады. – Осыдан екі жыл бұрын техникамыз мол астықты ысырапсыз жинауға қауқарсыз деп едіңіз... Келешекте бұл мәселе қалай шешіледі? – Бізде масақты дақылдарды жинайтын жаңа үш «Нива» және голландиялық бір комбайн бар. Олар қанша жаңа болса да әр гектардан 60-70 центнерден дән бастыра алмайды. Осындай алқаптардың өнімін жинауға келген кезде олардың ору, бастыру тетіктерін қайта реттеп, үйлестірге тура келеді. Мұның өзі уақытты ұстайды. Кейде дән ысырабына жол беріледі. Сондықтан да келешекте бітік егін талғамайтын әрі ысырапсыз жинайтын шетелдік «Класс» маркалы комбайндарын сатып алуға ниет етіп отырмыз. – Мол өнім жинауда сапалы тұқым сіңірудің маңызы зор. Әйтсе де табысты болу бұл шарамен шектелмейтін шығар... Әлбетте, әрбір егінші көздеген мақсатына жету үшін агротехникалық шараларды қатаң сақтауы тиіс. Біз күздік бидай тұқымын тек парға орналастырамыз. Жаздық арпа да сүдігер көтерілген алқаптарға себіледі. Күзде бидай еккен кезде және сүдігер жыртылғанда қажетті минералды тыңайтқыш сіңіреміз. Арамшөп – ежелден өсімдіктің жауы. Ол қаулаған жерде егістік те бүлінеді және өсімдіктен күтілгендегідей түсім алынбайды. Сондықтан да біз жыл сайын «Әлем агро» ЖШС-мен келісімшарт жасап, гербицид аламыз. Әр гектар алқапқа 500 грамнан гербицид пен пестицид енгізіледі. Мұның өзі бізге егіннің басты жауы – укекіреден құтылуға мүмкіндік берді. «Жақсыны көрмек үшін» дейді халқымыз. Біздің серіктестікте жыл сайын аудан және облыс аграршыларының қатысуымен бірнеше семинар-кеңес өткізіліп тұрады. Біздің тәжірибемізді басшылыққа алып, елеулі жетістікке қол жеткізіп жатқан агроқұрылымдар да аз емес. – Сіз басқаратын шаруашылықтың атағы қант қызылшасын өсірумен де дүрілдеп шыққанын жақсы білеміз. Енді одан қалай мол өнім алып жүргеніңіз туралы әңгімелесеңіз... – «Қызылша өсір, табысы – көл-көсір» деп текке айтпаса керек. Елбасы оны өзімізде өндіру туралы көп уақыттан бері айтып келеді. Әйтсе де бұл істе еліміз және облысымызда ілгерілеу аз. Қазақстанның қантқа деген жылдық қажеттілігі – 400 мың тонна. Өкінішке қарай бізде соның әлі күнге 10 пайызы ғана өндіріледі. Қалғанын шеттен тасимыз. Әлбетте, біз сияқты аграрлық елге қантты шеттен тасу – әбден әбестік. Кеңестік кезеңде біздің облысымыздың аумағында бұл өсімдік 40 мың гектардан астам алқапқа өсірілген болатын. Кейінгі кезде қанша күш салып жатқанымызға қарамастан оның аумағын 10 мың гектарға жеткізе алмай келеміз. Балтамырдың түсімі де көңіл тоғайтпайды. Біз өз тәжірибемізден батыл айта аламыз, қант қызылшасын өсірудің ешқандай құпиясы және қиындығы жоқ. Өткен жылы 300 гектарға орналастырған өсімдіктің әр гектарынан орта есеппен 700 центнерден, ал жекелеген алқаптардан 1000 центнерден тәтті түбір жинадық. Меркі қант зауытына былтыр біздің серіктестік 20 мың тонна балтамыр жөнелтті. Ал облыс бойынша бұл көрсеткіш 150 мың тоннаны құрады. «Көзін тапқанға – табыс көп» демекші, біз егіншіліктен түсетін табыстың денін осы тәтті түбірді өткеру арқылы тауып отырмыз. Серіктестік биыл қант қызылшасының тұқымын 200 гектар алқапқа орналастырды. Біз өз тәжірибемізге сүйеніп, осы алқаптан 20 мың тонна өнім алуды көздеп отырмыз. Техникалық дақылдың жақсы өнуі және жайқалып өсуі – біздің осы сенімімізді бекіте түседі. Өсімдік үшін әуелі күзде міндетті түрде сүдігер көтеріліп, тиісті минералдық тыңайтқыш енгізілуі тиіс. Көктемде топыраққа Франциядан әкелінген өнгіштігі және жоғары өнім беретін «Тисцерин» тұқымы себілді. Бұрын біз минералдық тыңайтқышты жерге енгізетінбіз. Оның тиімділігі аз, суарылған кезде ғана ериді. Сондықтан да оны кейінгі кезде арнайы қондырғы арқылы жапырақтарға шашудамыз. Бұрын ол ұзындығы 12 метрлік қондырғымен енгізілсе, қазір 22 метрлік техникамен алмастырылды. Дақыл маусым бойы 5 рет ылғалдандырылып, осы мөлшерде қатар аралығы қопсытылады. Кейінгі кезде көптеген агроқұрылымдар тамшылатып және жаңбырлатып суаруды өндіріске кеңінен енгізуде. Көп аграршылардың тамшылатып суарудың тиімсіз екеніне көзі жете бастады. Әсіресе қант қызылшасы үшін. Сондықтан да біз тек қана жаңбырлатып ылғалдандыруды жүзеге асырып келеміз. Алғашқы кездерде алқаптағы арамшөптерді отауға ауылдан 150-ге жуық қыз-келіншектер қатыстырылатын. Олар кетпендеу кезінде арамшөппен бірге қант қызылшасын да 20-30 пайызын қырқып кететін. Әлбетте, бұл – үлкен шығын. Біраз жылдардан бері арамшөпке қарсы гербицид және пестицид енгізілуде. Соның нәтижесінде алқап арамшөптен тазарып, өсімдіктер де толық сақталуда. Агроқұрылымда қант қызылшасына жер дайындаудан бастап минералдық тыңайтқыш енгізу, арамшөптерге қарсы күрес, ылғалдандыру, жүйек аралықтарын қопсыту және өнімді жинау толық автоматтандырылған. Мұның өзі бізге 200 гектар алқаптың өнімін белгіленген мерзімде ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік беруде. Биыл бұйыртса, қант қызылшасының әр гектарының орташа өнімділігін 1000 центнерге жеткіземіз деген сенімдеміз. – Агроқұрылымда қой басы көбейіп келеді екен. Басқа түліктерді өсіруді неге қолға алмайсыздар? – «Қалауын тапса қар жанады» демекші, шаруаға жанашыр адам мал өсіруден де мол табысқа кенеле алады. Әйтсе де ірі қара, жылқы және түйе өсіруге бізге жайылым тапшылығы мүмкіндік бермеуде. 2010 жылы өз төлі есебінен көбейту үшін 500 бас Оңтүстік меринос тұқымды биязы жүнді қой сатып алғанбыз. Қазір уақ малдың басы 8 мыңға жетті. Жұрт қылшықты жүнді қой өсіргеннен биязы жүнді мал өсіргеннің пайдасы көп екенін жақсы біледі. Бұған қоса биязы жүнге мемлекет субсидия береді. Келешекте біз осы түліктің санын 18 мың басқа жеткізуді көздеп отырмыз. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Биязы жүнді мал жазда тауда жайылымда болады. Қыста орта құмда қыстатылады. Яғни қыс қатал, қар қалың болмаса, қыстай өз аяғымен жайылады. Сақтық үшін әрбір қыстаудың басына мың түктен жоңышқа және 10 тоннадан жем жеткізіп береміз. Қазір осында шопандарға екі үй және екі қора соғып жатырмыз. Шопандардың қолайлы да жайлы үйлері, малдың жылы қорасы бар. Жыл сайын қой төлдету науқанынан кейін оларға 1200 бас төл қосылып отырады. Кәрі әрі еркек малдарды іріктеп, бордақыға қоямыз. Семірген кезде сойып, сатамыз. «Қой семізі – қойшыдан» деп текке айтылмаса керек. Күтімі келіскен мал өнімді де жақсы береді. Бұрын әр қойдан 3,5-3,8 килограмнан жүн қырқылса, қазір орта есеппен әр қойдан 6 килограмнан жүн алынуда. Етке өткізілетін әр тоқтының салмағы 30 килограмнан айналуда. Биязы жүн ежелден құнын жоғалтқан жоқ. Қазір әр килограмм жібек жүн 1200 теңгеден өткеріледі. Бұған қоса мемлекет әр килограмына 150 теңгеден субсидия береді. Биыл өткерген жүніміз үшін ғана 4,5 миллион теңге субсидия алдық. Біз бұл бағытта да ізденісімізді жалғастыра береміз. Қазір аналық мал тұқымын асылдандырып, әр қойдан 12 килограмға дейін жүн қырқуды межелеп отырмыз. Мақсат – әр отардан жылына 15 миллион теңге таза табыс табу. Әлбетте, ол үшін бордақылау алаңдарын да салатын боламыз. Жайылымды ұлғайтамыз. – Агроқұрылымның рентабельді жұмыс істей бастағанына 8 жыл болыпты. Таза табыспен жұмыс істеп жатқан шаруашылық еңбек адамдарына қандай қамқорлықтар жасауда? – «Сыпатай батыр» ЖШС жылына 500 миллионнан астам теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді. Жыл сайын 100 миллионнан астам теңге таза табыс табады. Серіктестікке жер үлесімен 208 адам біріккен. Жыл – он екі ай мұнда 45 адам жұмыс істейді. Науқан кездерінде комбайншылардың алды ай сайын 350-400 мың теңгеге дейін табыс табады. Орташа айлық жалақы – 200 мың, ең төменгі жалақы 100 мың теңге көлемінде. Шопандарымыздың да айлығы 200 мың теңгеден асады. Ал қалған жер үлесімен қосылған азаматтарға астықпен және жоңышқамен дивидент беріп отырамыз. Тапқан табысымыздың дені жаңа техника алуға жұмсалады. Біз оның жемісін көріп отырмыз. Бұрын қант қызылшасын өсіру үшін науқанға 170 адамға дейін жұмылдырылса, қазір бұл жұмысты небәрі 10 адам ғана атқарады. Дәнді дақылдар және мал азығын жинау да толық автоматтандырылған. – Еңбек адамына қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Сіздің агроқұрылымдағы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген мамандарға жыл соңында сыйлыққа автомобиль беруіңіз ауылдастарыңыздың ризашылығын туғызды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе ме? – Жүзден жүйрік шыққан маманға автомобиль сыйлауды осыдан 10 жыл бұрын қолға алған болатынбыз. Содан бері серіктестіктің 43 мүшесіне жеңіл көлік сыйлаппыз. Қазір жұмысшыларымыздың барлығы өндіріс орнына осы көліктермен келеді. Біз оларға жеңіл автомобиль сыйлауды былтыр тоқтаттық. Мамандарымыздың арасында үйі жоқтар да аз емес. Келешекте оларға тұрғын үйлер салып береміз. Қазір бұл шаруаның оңтайлы жолдарын іздестіріп жатырмыз. Оларға басқа да жеңілдіктер жасалып, материалдық көмектер көрсетілуде. – Меркіліктер Сіздің қайырымдылық шараларына белсене қатысатыныңызды мақтанышпен айтады. – «Бақыт дегеніміз – басқа біреуді қуанту, жақсылық жасау». Философ Анахарсис осылай айтқан екен. Қолыңнан келсе, ағайын және ауылдастарыңды қуантқанға не жетсін! Сұрат ауылындағы дәрігерлік амбулатория әбден ескіріп, тозып кеткен еді. Осы нысанға 2,5 миллион теңге бөліп, күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Осы ауылдағы Әлібек Сыпатайұлы атындағы №19 мектептің қасында аумағы 32 сотық жер қоқысқа толып, көзге қораш көрініп жататын. Осы аумақты тазалап, оқушылар мен мұғалімдер демалатын аллея жасадық. Онда сәндік ағаштар мен алуан түрлі гүлдер өсіріліп, орындықтар орнатылды. Қазір ол көпшіліктің демалыс орнына айналды. Биыл көктемде «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде әбден тозығы жеткен асхана ғимаратын сүріп тастап, орнына 25 миллион теңгеге заманауи үлгідегі ғимарат салдық. Серіктестік сондай-ақ тұрмысы төмен, жалғызілікті азаматтарға және мерекелік шараларға жылына бірнеше миллион теңгенің қаржылай көмегін көрсетеді. Біз мұндай қайырымдылық шараларын келешекте де жалғастыра береміз. – Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз... – Жұбайым Әсемкүл Төлебаева бұрын инженер болып жұмыс істеген, қазір зейнет демалысында. Ұлдарымыз – Нұрбол мен Ербол жоғары оқу орындарын бітіріп, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Қызымыз Гүлбаршын – медицина маманы. Олардан 6 немереміз бар. – Сіз облыстағы ауыл шаруашылығы мерекелерінде жыл сайын жүлде алып жүресіз. Солардың арасында көрнектілерін айта кетсеңіз... – Мен үшін «Ерен еңбегі үшін» және «Ауыл шаруашылығының үздігі» медальдарының орны бөлек. ҚР Тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарым бар. Аудан, облыс және республикадан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар да көп. Олардың қайсыбірін айта берейін. Ең бастысы, әңгімемді әркім өз ісінің маманы болуы керек деген сөзбен тәмамдағым келеді. – Әңгімеңізге рахмет.

Меркі ауданы.