Қоғам

Халық театрлары

Халық театрлары

ҚАШАНҒЫ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛА БЕРМЕК?

Жалпы, еліміз егемендікке қол жеткізген кезден бастап-ақ Қазақстанның мәдени өмірінде үлкен өзгерістер басталды. Ең әуелі, республиканың түкпір-түкпіріндегі тарихи-мәдени мұралардың өзіндік орны мен ерекшеліктері айқындалып, олардың насихат жұмыстары да жақсара түсті. Сонымен бірге мәдениеттегі тағы бір күрделі саланың бірі – театр саласы да ерекше екпін алды. Тиісінше, ол кезде дәл осы салаға артылар жауапкершілік те ауыр еді. Негізінен, тәуелсіздік жылдарынан бөлек, қай кезеңді алсақ та театр саласына жүктелетін міндеттің ауыр екенін аңғару қиын емес. Сәл кейінге шегініс жасасақ, тіпті сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл-ауылдағы театр ұжымдары өгіз арбамен жүріп-ақ майдан шебіндегі жауынгерлерге сахналық қойылымдарын қойып, өнерлерімен азаматтардың рухын көтергенін көнекөз қариялардан естіп те жүрміз. Міне, осындай жұмыстар егемендіктің алғашқы жылдарында да жалғасты.

«Шу қаған» қалай құрылды?

Театр десе ішкен асын жерге қоятын ел ішіндегі дарынды жастар мен түрлі өнерпаздардың өздері құрған халық театрлары әрбір елді мекенді аралап, сан түрлі қойылымдарымен ауылдың ажарын кіргізіп, тұрғындарға тамаша көңіл-күй сыйлаған. Бұл үрдіс тұрақты түрде жалғасып тұрғаннан соң, әрине, театрлардың ішінде жасындай жарқылдаған, жергілікті жұртшылықтың көзайымына айналған сүйікті актерлері де болды. Сол шақтағы шағын ғана театр ұжымында режиссер, дирижер, жарық беруші техниктер, костюм тігушілер және актерлерді қоса алғанда бас-аяғы 20-30 адам жұмыс істейтін. Және осындай шығармашылық ұжым түгелдей ауыл тұрғындарынан құралса да өз жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқарып келді. Оның негізгі төркінін өнерге сүйіспеншілік пен туған жерге адалдықтан іздеген дұрыс шығар. Әділін айту керек, аудан мен ауылдағы халық театрларында өнер көрсететін әртістердің басым көпшілігі кәсіби маман емес. Тіпті көпшілігін қолындағы дипломы өзге маман иесі екенін айғақтап тұрса да, бойындағы өнері бәрібір бұлқынып шығып, туған жеріндегі театр сахнасынан бір-ақ шығарған. Қазіргі кезде аудан деңгейінде аталып өтетін мерекелік сауықты, түрлі іс-шараларды тұрғындардың ілтипатына бөленген сол әртістер атқарып келеді. Олардың өнер үшін жасап жүрген жанкешті еңбегі ұшан-теңіз екенін біреу білсе, біреу білмес. Ал қазіргі таңда қолында айтарлықтай қаржысы жоқ, хал-ахуалы кісі қызығарлықтай болмаса да сол «халық театры» деген атақты өлтірмей, әлі күнге сүйреп келе жатқан аудандағы өнерпаздардың бүгінгі жай-күйі қалай? Міне, бүгін осы мәселеге кеңінен тоқталуды жөн көріп отырмыз. Қарапайым халықты адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы болып табылатын театрдың қасиетін сол саланың мамандары мен мәдениеті белгілі деңгейде дамыған азаматтар ғана толыққанды түсінетін сыңайлы. Бұлай деуіміздің басты себебі – ауыл-аймақта орналасқан халық театрларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуі. Әрине, «жеткілікті дәрежеде» деп, екпін түсіре айтуымыздың да өзіндік себебі бар. Мәселен, облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданының тұрғындарына мәдени қызмет көрсетіп, әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз ету мақсатында «халықтық» атағы бар екі бірдей театр жұмыс істейді. Оның алғашқысы аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Шу» халық театры болса, екіншісі – Шу қаласындағы «Шу қаған» халық театры. 40 мыңға жуық тұрғыны бар қалада орналасқан халық театрына Марлен Азаматов жетекшілік етеді. Аталған театр 2002 жылы драма үйірмесі ретінде құрылып, сахна шымылдығын алғаш рет Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясымен ашқан. Бүгінде халық театрының қоржынында Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана» спектаклі, Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» трагедиясы, А.Бекбосынның «Төле бидің төрелігі» атты екі бөлімді драмалық қойылымы бар. Сонымен қатар Шу ауданының 80 жылдық мерейтойында А.Егеубаевтың «Шу батыры» дастанының желісі бойынша құрылған Күннұр Тілекқызының дайындаған сценарийінен үзінді қойылып, Тараз қаласында өткен Шу ауданының мәдениет және өнер күндерінде көрсетіліпті. 2015 жылы Шу ауданына қарасты Сауытбек ауылында өткізілген «Қойнауы тарих, өнерлі өлкем – Сауытбегім» атты облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауында Сауытбек Ұсаұлы мен Ақбөпенің айтысынан үзінді, «Абай оқулары» облыстық байқауында қалалық Мәдениет үйінің драма үйірмесі М.Әуезовтің 4 перделі 7 суретті «Абай» трагедиясынан үзінділерін көрсеткен. Сондай-ақ С.Прмановтың «Қақпанға түскен қасқыр» атты балалар ертегісі Шу ауданының барлық мектептері мен балабақшаларында қойылған. Жуырда «Шу қаған» халық театрының құрылуына ұйытқы болып, бүгінде аудан тұрғындарының қошеметіне бөленіп жүрген аталмыш театрдың режиссері Ертай Мылқыбаевпен жүздесіп, театр және оның құрамындағы әртістер жөніндегі пікірін тыңдаған едік. – 1990 жылдары туған жерге табан тіреп, алған білімімді іс жүзінде жүзеге асыруға бел будым. Сол жылы 13 қарашада қазіргі Көктөбе ауылында Мәдениет үйі пайдалануға берілген болатын. Мәдениет үйінің алғашқы директоры болып мені таңдапты. Жұмысқа кірісе салысымен театр құруға кірісіп кеттік. Дегенмен бізге дейін де, дәлірек айтсам 1963 жылы бұл ауылда театр құрылған. Алайда небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген өнер ұжымы өлместің күнін көріп келді. Мен театрға жетекшілік еткен жылдары театрдың халықтық атағын үш мәрте қорғап қалдық. Алғаш рет 1992 жылы Әлдихан Қалдыбаевтың «Балалардың махаббатында неміз бар?» деген драмасымен қорғадық. Кейіннен театр қызметкерлеріне қаржы табу мәселесі пайда болды. Тіпті кей кездері әртістердің жалақысын тауып берудің өзі мұң болып қалды. Десе де басқа түскен ауыртпалыққа қарамастан 10 өнерпаз, 2 еден жуушы, 2 от жағушы және 2 күзетші тұрақты жұмыс істеді. Тек 1996 жылы колхоз тарай бастағанда қаржы тапшылығы үлкен мәселеге айналып, театрда 1 музыкант және жетекші ретінде өзім ғана қалдым. Солай бола тұра екі актерден тұратын халық театры тоқтамай жұмыс істеп тұрды. 1998 жылы мен ол ауылдан қоныс аударғаннан кейін театрға Серік Әденов ағамыз ие болып қалды. Алайда 1999 жылы ауылдық клубтың тозығы жетуіне байланысты театрдың барар жер, басар тауы қалмай, есігіне құлып салынды. Уақыт өте келе түрлі салада еңбек еткеніммен жүрек құрғыр өнер деп соққасын бәрібір сол салаға қайта бет бұруға тура келді. Сөйтіп жүргенде 2003 жылы Шу қалалық Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Осында жүріп-ақ аудандағы театрдың халықтық атағын екі мәрте қорғадық. Екеуінде де басты рөлдерді сомдадым. Арада 13 жыл өткенде қасымдағы жастардың барлығы тәжірибе жинап, әжептәуір пісіп-жетілгенде жеке отау құрып, аудандық театрдан бөлек, Шу қалалық Мәдениет үйінің жанынан «Шу қаған» театрын құрдық. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жаңадан құрылған «Шу қаған» театры Думан Рамазанның сегіз көріністен тұратын «Керей мен Жәнібек» тарихи драмалық пьесасынан үзіндіні Тараз қаласында өткен Шу ауданының мәдениет және өнер күндерінде көрсетіп, бірінші орынға ие болып қайтты. Кейіннен облыс орталығынан құрылған бір топ қазылар алқасы барлық аудандарды аралап, театрлардың қойған қойылымдарын тамашалап жүрді. Олар Шу ауданына келді дегенді ести сала біздің ұжым өзіміз сұранып, сол кісілердің алдында «Керей мен Жәнібек» тарихи драмалық пьесасын толыққанды көрсетіп шықтық. Сонда біздің өнерімізді тамашалап отырған қазылар алқасының төрағасы: «Мен бүгін алғаш рет спектакль көрдім», деді. Бұл оның әлі де халықтық атаққа ие болмаған жас театрдың өнеріне берген шынайы бағасы болса керек-ті. Осылайша бір жылда үш спектакльді сахналап, 2016 жылдың соңына таман «Шу қаған» театры алғаш рет халықтық атаққа ие болды. Енді биылғы қыркүйек пен қазан айларында екінші мәрте театрдың халықтық атағын қорғамақпыз. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр, – дейді Ертай Алтайұлы.

Халықтық театрдың қазіргі жағдайы қандай?

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын актерлік мамандығы бойынша тәмамдаған білікті режиссер бүгінгі таңда халық театрларына тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтінін айтады. «Өз базасын өзі жасай алатын ұжымдар бар. Олар арнайы келісімшарт негізінде жұмыс жасауы да мүмкін. Сөйтіп тапқан нәпақаларына театрға қажетті заттарды сатып ала алады. Ондай ұжымдағы әртістердің өнерге деген шабыты күн өткен сайын шыңдала береді. Алайда бүгінгі күні қаладағы халық театрына көңілі ауған, оған демеушілік танытайын, қолдау білдірейін деген адамды әлі күнге көрмедім. Аудан басшылығы бір бөлек, біздің ұжым бір бөлек. Театр құрылғалы ұжымның жағдайын сұрап, керек-жарағын түгендемек түгілі, қандай да бір қолдау керек пе деп ешкім сұрап келмеді. Әрине, жоғарыдан демеу болса, керегіңді дер кезінде тауып беріп тұрса, театр алға қарай жылжымай ма?! Ондай қолдау болмаған соң ұжым бір орында тұра береді. Қазіргі таңда «Шу қаған» халық театрында құжат бойынша үш-ақ адам қалды. Көркемдік жетекші, қоюшы режиссер және біздің сахналық киімдерімізге жауапты қызметкер ғана бар. Үшеуміз де актерміз. Театр құрылған жылы 8 адам болғанбыз. Айналдырған үш жылдың ішінде үш-ақ адаммен қалдық. Осыдан екі ай бұрын дыбыс режиссерін қысқартып тастады. Ал қойылымға қажетті әртістерді қалалық Мәдениет үйінде от жағушы, күзетші болып жұмыс істеп жүрген адамдардан жасақтаймыз. Жалпы, халық театрына кемінде 6 адам бөліну керек. Бұл да театрға деген қамқорлықтың жоқтығынан болып жатқан дүние. Одан бөлек, театрды тұрғындарға насихаттау керек қой. Бұл жұмыстар да бір жүйеге келтірілмеген», – дейді театр режиссері. Ал облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Шу қаған» халық театрында 17 адам жұмыс істейді екен. Бәлкім, облыс орталығында орналасқан орталық Мәдениет үйіндегі мәдени қызметкерлерді есепке алып отырған болар. Бірақ театрдың тұрақты әртістері болмаған соң ондағы жұмыс та, сахналық қойылым да, режиссердің айтар ойы да ойлағаныңдай болмасы белгілі.

«Материалдық жағдайымыз мәз емес...»

Сонымен қатар киелі Шу өңірінде құрылғанына жарты ғасырдан асып кеткен «Шу» халық театры бар. Аудандық Мәдениет үйіне қарасты өнер ордасының негізін 1962 жылы Ермек Құлжанов қалапты. Құрылғаннан кейін араға 16 жыл салып аталмыш театр халықтық атағына ие болған. Содан бері шығармашылық ұжым талай-талай ұйқысыз түндер мен мазасыз күндерді өткеріп, сол атаққа лайықты болу үшін барын салды. Осылайша 1989 жылы режиссер С.Дәулетқұлова М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты екі бөлімді комедиясымен, 1993 жылы режиссер Әйгерім Бақтыбаева С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымымен, 1999 жылы режиссер Балтан Қабылбеков М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты комедиясымен, 2003 жылы Т.Дүйсебаевтың «Есірткімен есірген есерлер» қойылымымен театрдың халықтық атағын қорғап қалды. Алайда «Шу» халық театрына режиссер болып келгеніне жарты жылға жуықтаған Күннұр Тұрлыбекова да аудан орталығында орналасқан театрдың қолдауға зәру екенін айтады. Ең сорақысы, дардай атағы бар «Шу» халық театрында бір ғана адам жұмыс істейді екен. Ол – Күннұр Тілекқызының өзі. Ал қалған актерлерді сырттан шақыртатын көрінеді. – Қазіргі кезде театр штатында өзім ғанамын. Әрине, Мәдениет үйінің қызметкерлері осы театрда қойылатын қойылымдарға қатысып тұрады. Олардың театрға сіңірген еңбегін атап өтпеске болмайды. Өйткені халықтық атақты қорғауға бұл әртістер өлшеусіз үлес қосты. Алайда театрдың жеке құрамы болмаған соң, олармен күнделікті дайындық жүргізіп, тығыз жұмыс істемеген соң ойыңдағы дүниең шикі шығады. Бұрынғы заман келмеске кетті ғой. Ауылдағы сауыншы мен тракторшыға театрға шақырып, рөл берсең, соны ынта-шынтасымен алып шығу үшін барын салатын. Ал бүгінде үлкен көріністерді сахналайтын кезде кәсіби әртістерді шақыратын болсаң, әлбетте, ақша сұрайды. Тіпті кәсіби білімі жоқтардың өзін шақыру қаржыға келіп тіреледі. Содан кейін амал жоқ, аудандағы колледж студенттерін шақыруға мәжбүр боламын. Тағы бір айта кететін жайт, театрдың материалдық жағдайы да мәз емес. Қандай да бір қойылымды сахналау үшін актерге киім керек, сахнаны безендіру қажет. Бұл да қаражатқа тіреліп тұр. Мәселен, биыл Саттар Естемесовтің 100 жылдығына арналған көрініске де әскери киімдер, пулеметтер сынды түрлі заттар қажет болады. Сахнаны театрдың ыңғайына қарай безендіріп қойғың келеді. Олай етейін десең, ауданның Мәдениет үйінде екі күннің бірінде іс-шара өтеді. Сондай-ақ биыл театрымыз халықтық атағын қорғамақ. Десе де бұған қаржы қаралмаған көрінеді. Жуырда ғана ауданымызда мәдениет сарайы салынады деген қуанышты хабарды құлағымыз шалып қалды. Қолға алынғалы отырған іс аяғына дейін жететін болса, театрдың жағдайы жақсара түседі деп ойлаймын, – дейді режиссер Күннұр Тұрлыбекова.

Халыққа рухани тәрбие ауадай қажет

Әділін айтқанда, театр өнерінің басты шарты – әртістің театрға жан-тәнімен берілуінде. Режиссердің ойын, сезім қылын, берілген шығарманың бар бояу реңін көрерменге жоғары деңгейде жеткізе алуында болса керек-ті. Мұндағы әрбір рөл – адамның тағдыры. Сексен рөл ойнасаң, сахнаға сексен түрлі адам болып шығуға тура келеді. Демек, өзіңді ысырып тастап, берілген образды мейлінше дұрыс аша алуың қажет. Ол үшін әуелі кейіпкердің өмір сүрген мезгілін, мінез-құлқын, жеке көзқарасын, мақсат-мүддесін бүге-шігесіне дейін зерттеп алу актердің бұлжымас қағидасы болуы тиіс. Сонымен бірге театр әртістері сахнада өзін-өзі ұстау, көркемсөз оқу шеберлігін дайындау, эпизодтық қойылымдардан бастап, үлкен сахналық образдарды сомдауға дейінгі барлық баспалдақтан өту, пьеса және спектакльді режиссердің түсінік-шешімі бойынша алып шығу сынды жауапкершілігі мол жұмыстарды да атқаруға міндетті. Әрине, бұның бәрін тиянақты орындау үшін әртіске уақыт керек, дайындық керек, сондай-ақ басшылықтан қолдау керек. Оған қоса, ауыл-аймақтағы театрлардың қоржынын қалыптастыру, қазіргі заманға сай сахналық үрдісті нығайту мен дамыту және халық театрларының шығармашылық ізденістерін кеңейту мақсатында оларға гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, өңіріміздегі өзге де аудандар мен ауылдарға ақылы спектакльдер қоюлары қажет. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, аудандағы Мәдениет үйлерінің ғимаратына «байланған» халық театрларының көбісінде қызметкерлер үшін арнайы штат қарастырылмаған. Қарастырылғанының өзі өнер көрсетіп, тапқан қаржысын сахналық костюмдер алып, декорация жаңарту үшін жұмсауға мәжбүр. Неге десеңіз, жергілікті қазынадан қаржыландырылатын театр қызметкерлерінің айлық жалақысы мардымсыз. Кезінде театр ұжымын жетілдіруде көл-көсір тер төккен азаматтардың еңбегі бертініректе көзден таса, көңілден ұмыт қалмай, бүгінгі театрдағы бейнетқор жандардың өнерге сіңірген өлшеусіз еңбектері уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше, жоғары бағаланса екен дейміз. Туған жеріне кіндігі байланған адамдардың өнер алдындағы адалдығы, ішінен алаулап жанған отшырағы, алақандай ауданының салтанатына сән қоссам деген перзенттік парызы болмаса шалғайдағы халық театрларының тіршілігі тоқтап қалар еді-ау. Ауданға бас болып отырған шенділер осындай тазалықты таразыға салып, өнер адамдарының адалдығын ақылмен өлшесе ғой, шіркін! Шынын айтқан жөн, бүгінде әлеуметтік хал-ахуалы уақыт өткен сайын түзеліп келе жатқан қарапайым халыққа ендігі кезекте рухани тәрбие де ауадай қажет-ақ. Халықтың интеллектуалды ойы театр арқылы дамиды десек, театрға көрсетілетін қолдау да үлкен болуы тиіс емес пе?! Осы тұста, жоғарыда аты аталған режиссерлердің бүкпесіз пікірін аудан әкімі Жарылқасын Айтақов пен қала әкімі Бақытжан Тұрғынбаев өздеріне айтылған ашу аралас арыз деп түсінбей, керісінше, қол астындағы қолдауға зәру халық театрларына барынша көмек қолын созып, ауданның рухани өміріне дем беріп жүрген өнерпаздарға демеу болса дейміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.