Құқық

Жаңсақ басқандар жазаға тартылды

Жаңсақ басқандар жазаға тартылды

Өкінішке қарай, атқарушы билік жүйесіндегі жауапкершілігі үлкен әрі маңызды міндет жүктелген мемлекеттік қызметкерлер арасында еліміздің қолданыстағы заңнамасы талаптарын біле тұра, көпе-көрінеу оны аяқасты ететіндері де кездесіп қалады. Апта аралығында өткен Тәртіптік кеңестің отырысында ашкөздікке салынып, мемлекет мүлкіне қисынсыз қол салған осындай шенеуніктердің бір парасының мәселесі қаралды. Олардың қатарында еңбек және мемлекеттік тәртіпті бұзып, заң бұзушылық қадамдарға барған Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амандық Медетбеков те бар. Ол — кезінде қызметтік міндетін атқару барысында құқықбұзушылық жасағаны үшін аудан әкімінің 2013 жылғы 15-ші наурыздағы №54-ші бұйрығымен атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ал 2013 жылғы 9-ыншы қазандағы №205-ші бұйрықтың негізінде ескерту түріндегі тәртіптік жаза алыпты. Алайда, соған қарамастан А. Медетбеков бөлім бойынша шығарған 2013 жылғы 29 наурыздағы №26, 2013 жылғы 30 сәуірдегі №38, 2013 жылғы 27 қарашадағы №105, 2013 жылғы 12 желтоқсандағы №112 бұйрықтары негізінде өзіне айлық жалақысының жүз пайызы мөлшерінде сыйақы жазып, еліміздің заңнамасы талаптарын өрескел бұрмалайтын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық әрекетке барады.

Тәртіптік кеңес мүшелері Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амандық Медетбековке қатысты Шу ауданаралық прокуратурасы мен тәртіптік кеңес хатшылығы жүргізген тексеру қорытындыларын ескеріп, Шу ауданының әкімі Бақытжан Нұркеновке әлденеше рет сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туғызатын құқықбұзушылық жасаған Амандық Медетбековті атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынды. Сондай-ақ, Тәртіптік кеңес Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңы талаптарына сай облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Айтжан Жұмабеков пен бас маманы Зәкір Нұрматовты, Шу ауданындағы Ақсу ауылдық округінің әкімі Нұрым Шимашевті атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тарту хақында тиісті орындарға ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады. Қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесіне заңда белгіленген мерзімде хабарлау міндеттелінді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».