«Аттила», «Күлтегін», «Шыңғыс хан»...
«Аттила», «Күлтегін», «Шыңғыс хан»...
қылқалам шебері Аманат Назарқұлдың Тараз қаласында сурет көрмесі өтуде
Суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Алматы Көркемсурет академиясының академигі Аманат Назарқұл 60 жасқа толған мерейтойына орай облыстық көрме залында жеке сурет көрмесін өткізді. Көрменің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейі көрме залының меңгерушісі Балнұр Райқұлова, суретші Болат Құсайынов сөз сөйлеп, мұнда қылқалам шеберінің ғажайып еңбектері қойылғанын айтты. Сурет көрмесіне А.Назарқұлдың 50-ге жуық картинасы қойылған. Оның көпшілігі тарихтан сыр шертеді. Мәселен, «Аттила», «Шыңғыс хан», «Күлтегін», «Қорқыт», «Ханерке», «Бірінші Түрік баласы» туындылары сонау ежелгі түркі, сақ, ғұн тарихынан сыр ақтарады. Сондай-ақ суретші еркін тақырыпта салынған бірнеше суреттерін көрермен назарына ұсыныпты. Ол еңбектер де шынайылығымен, әдемілігімен, көркем бояуымен көздің жауын алады. «Садақшы», «Ақын Маралтай» картиналары халқымыздың мерген, ақын, талантты болғанын аңғартады. Кейбір шығармалар атауының өзімен жүрегіңді тербейді. Мәселен, «Апа», «Мұсылман» еңбектерін көргенде осындай ерекше әсерге бөлендік. Ал «Соңғы аялдама», «Теңге ілу», «Дода», «Тараз» картиналарының да өз айтары бар. Әр суреттен суретшінің шеберлігі, отаншылдығы, ұзақ жылдардағы бай тәжірибесі байқалады. Көрменің ашылуы барысында суретші А.Назарқұлға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан ізет жасалып, құрмет көрсетілді. Оның ұзақ жылдардағы ізденісі, еңбегі, жеткен жетістіктері туралы пікірлер, жылы лебіздер айтылып, туған жерге келген қадамына ризашылықтарын жеткізді. Мерейтой иесінің картиналары көрме залында бір айға жуық тұратын болады. Аманат Назарқұл мұндай көрмені алдағы уақытта Ұлттық музейде өткізуді жоспарлап отыр. – Мерейлі жасымдағы жоспарлы шараларды өзімнің туып-өскен Әулиеата топырағынан бастап отырмын. Балалығым Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылында өтті. Сондықтан мен үшін Жамбыл жері ыстық. Суретші болу үшін тарихты көп біліп, зерттеу керек. Картиналарымның көпшілігі ежелгі түрік, қазақ елінің тарихын қамтитыны сондықтан. Бұл еңбектер халықаралық деңгейде де бағаланып жатыр. Жақында Кипр мемлекетінде өтетін симпозиумға шақырылып отырмын. Сол жерде де біраз картиналарым шетелдіктер назарына ұсынылады. Мұндай жетістіктерді еңбегімнің бағалануы деп білемін. Маған көрсеткен құрметі үшін облыс әкімдігіне, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, жалпы көрермендерге алғысымды білдіремін, – деді Аманат Назарқұл.
* * *
Тараз қаласы әкімдігі жанындағы «Болашақ» балалар лагерінде оқушылар арасында «Менің жазғы демалысым» атты облыстық сурет байқауы өтті. Оған демалыс орнындағы 16 бала қатысты. Бейнелеу өнеріне бейімі бар балалардың еңбегін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі Аманат Назарқұл және суретші Болат Құсайынов бағалап, саралады. Лагерьде Арыс қаласынан келген 107 бала демалып жатыр. Олардың арасында суретшілікке құштар бірнеше ұлан бар екен. Олардың ойы, көзқарастары әртүрлі. Мәселен, Марғұлан Елубай өзен мен орман көріністерін бейнелесе, Дәурен Орынбасар еліміздің Туын салып шығыпты. Индира Нұрбосын көл, киіз үй, табиғатты қылқаламмен өрнектеген. Қасиет Әбдімүтәліп жарқырап, нұрын төгіп тұрған күнді көрсеткісі келіпті. Ал Адела Әбдімүтәліп болса, Арыс қаласы балаларының осы лагерьге автобуспен келе жатқанын салдым дейді. Сондай-ақ Нұрасыл Тұңғышбай, Мадина Оразхан, Құралай Әкімбаеваның еңбектерінен де суретке бейімділіктері байқалды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл ауданы М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Шерхан Жолтаевқа берілді. Ол «Геракл», «Батыр тұлғасы», «Ерлік» тақырыбында бірнеше сурет салып үлгерген және көркемдігі жоғары. Бірінші жүлде Арыс қаласынан келген Құралай Әкімбаеваға берілсе, оның жерлесі Зере Әбдіхан екінші жүлдеге ие болды. Арыстық оқушылар Жасұлан Рахымжан, Айдана Шабанбай жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды. Оларды облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Гүлзира Лесбайқызы, елімізге белгілі суретшілер Аманат Назарқұл мен Болат Құсайынов марапаттады. Шара соңында облыстық көрме залының меңгерушісі Балнұр Райқұлова суретші Аманат Назарқұлға 60 жас мерейтойына орай «Батыр шапағаты» мерекелік медалін табыс етті.
Есет ДОСАЛЫ