Саясат

Дамудың тиянақты тетігі

Дамудың тиянақты тетігі

Егер мәслихаттардың тарихына зер салу қажет болса, онда оның атауынан бастаған жөн. Алғашқыда өкілді органдар «Мәслихаттар — депутаттар жиналысы» деп аталынды. Кейінірек, көп болып кеңесе келе, мәслихаттардың «депутаттар жиналысы» деген тіркемесі алынып тасталынды. Жергілікті өкілді органдар қандай болуға тиіс, оның билік олимпіндегі алатын орны қандай деген даулы мәселе де талай талас тудырды. Мысалы, халық депутаттары Кеңестері төралқаларын құру және тарату, кеңестерді жергілікті әкімшіліктерге қосу, содан соң оларды әкімдіктер мен қазіргі мәслихаттарға бөлу нағыз қым-қуыт қарбалас туғызғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, қоғамды демократияландыруға бағыт түзеген жас тәуелсіз елімізде билік органдары қызметінің жаңа формалары іздестірілумен болды. Нәтижесінде, бүгінде мәслихаттар қоғамымыздың билік құрылымында өзіндік орнын тапты деп айтуға болады. Мәселен, еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес мәслихаттардың құзырына жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын бюджеттік бағдарламаларды бекіту жатады. Әкімдер деңгейіне қарай мәслихаттар депутаттарының келісімімен ғана тағайындалады. Округтік және аумақтық сайлау комиссияларының құрамы ендігі жерде мәслихаттар сессияларында сайланады. Мәслихаттардың өзге де өкілеттіліктері аз емес. Бұл келтірілген фактілердің барлығы да өкілді билік органдарына деген орасан зор сенімді көрсетеді. Бұл әрі дұрыс. Өздеріңіз-ақ ой безбенінде таразылап көріңіздер. Жасыратыны жоқ, биліктің орталық және аймақтық органдары халықтан алыс жатыр. Мысалы, ауылдың қарапайым тұрғынының жергілікті мәні бар өз мәселелерін шешу үшін, әлдеқандай облыстық деңгейдегі басшының қабылдауында болуы үлкен әурешілікке түседі. Ал егер билік қасынан табылса әрі өкілеттілігі жеткілікті болса, онда проблемалардың шешімін табуға уақыт пен күш те аз қажет етіледі. Басқаша айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, қылмыспен күресу, жұртшылықты азық-түлікпен, электр энергиясымен, ауызсумен қамтамасыз ету проблемалары жергілікті жерде шешілуі тиіс. Аумақтағы бұқаралық спорт түрлерін дамыту проблемалары қаралған 2011 жылдың көктеміндегі облыстық мәслихаттың сессиясында ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылған. Онда спорттық ұйымдардың материалдық базасын жақсарту мәселесіне қатысты шешім қабылданды. Әрі осы бағытта халық қалаулыларының қолдау көрсетуімен ауқымды жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде, Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларында, Жуалы және басқа да аудандардағы көп қабатты үйлердің аулаларында жасанды жабындымен көмкерілген футбол және балалардың ойын алаңдары жұмыс істей бастады. Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Жамбыл облысы бойынша іссапары барысында Тараз қаласындағы «Скарлет» дүкенінің жанындағы осындай футбол алаңының жұмысымен танысып, бастамаға жақсы баға бергендігі белгілі. Облыстық мәслихат депутаттарының 2000 жылдың бірінші тоқсанында Жаңатас қаласында қаржы және бюджет бойынша тұрақты комиссиясының көшпелі отырысын өткізгендігі жадымызда. Ол кезде – Жаңатас көшелерінде адам кездеспейтін, аңғал-саңғалы шыққан иесіз көп қабатты үйлердің көрінісі жан шошытатын елес-қала іспетті болатын. Рас, кейбір бес қабатты үйлерде 4-5 отбасыдан тұратын. Міне, солар үшін жылу беру маусымы кезінде бүкіл үй жылытылып, қыруар қаржы желге ұшатын. Соған байланысты жергілікті билік тұрғын үйлерді оңтайландыру бағдарламасын да жасапты. Алайда, жаңатастықтарды бір жерге жинап, жиынтық орналастыру бюджеттен сан миллиондаған қосымша қаражат бөлуді қажет ететін-ді. Ал ондай қаржы бөлуді қала қазынасы көтере алмайтын. Сондықтан, Жаңатас қаласында болған депутаттар бұл проблеманы облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне шығарып, соның арқасында көп ұзамай шағын қалаларды қайта жаңғыртудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Қазір бәрі де өзгерді. Жаңатас қаласының тыныс-тіршілігі жанданып келеді. Келтірілген осынау мысалдардың барлығы да мәслихаттардың кейбіреулердің ұғымындағыдай соншалықты әлсіз емес, керісінше құқықтық тұрғыдан әлеуетті екендігін көрсетеді. Бұл, көп ретте бюджетпен жұмыс бойынша процедура барысында көрініс табады. Өйткені, бюджетке қатысты әкімдік мәслихаттың келісімінсіз бірде-бір шешім қабылдай алмайды. Мысал үшін айта кетейін, облыстық бюджеттің 80 пайызын республикалық қаржы көздерінен алынған трансферттер құрайтындығы бүгінде жұртшылыққа мәлім. Осыған байланысты халық қалаулылары бірнеше мәрте бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға қажетті қосымша қаржы іздестіру бойынша ұсыныстар жасады. Бастамашыл депутат Асаубай Майлыбаев сессиялардың бірінде келесідегідей есептерді мысал етіп келтірді. Оның айтуынша сол тұста миллионнан астам тұрғыны бар облыс халқының еңбекке жарамдысы 400 мың адамды, ал олардың орташа айлық табысы 32,5 мың теңгені құрайды екен. Демек, жылына салық және басқа да төлем түрлерінен 16 миллиард теңге қаржы қазынаға құйылуы тиіс. Бірақ, іс жүзінде жергілікті салық жинаушылар соған дейін жиналған салық түсімінің мөлшерін 7,5 миллиард теңгеден асыра алмапты. Аталған сессиядан кейін бюджетпен байланысты барлық мәселелер мәслихатта бірінші және екінші оқудан өтті. Тек содан кейін ғана халық қалаулыларының қолдауына ие болған. Бір сөзбен айтқанда депутаттар бюджеттік қаржыны қалыптастыру және мақсатты жұмсау мәселелеріне басты назар аударды. Нәтижесінде, бұл игі істе айтарлықтай ілгерілеушілік байқалды. Яғни, бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері мемлекет қаржысын үнемдеп жұмсауды дағдыға айналдыра бастады. Облыстық бюджеттің қоржыны да қомақтылана түскен. Егер барлық деңгейдегі мәслихаттар құрылған 1994 жылы оның мөлшері әрең дегенде 1,6 миллиард теңгеге иек артқан болса, нақтылы кезеңде ондаған миллиард теңгені құрайтын мүмкіндікті иеленіп отыр. Мақаламның беташарында елімізде мемлекеттік басқаруды модернизациялаудың жүргізілгендігін атап өткенмін. Әрине, бұл ретте де аз іс тындырылған жоқ. Дегенмен, өмір бір орнында тұрмайды. Биліктің қай тармағы болса да үздіксіз жетілдіріле береді. Соған орай төртінші шақырылған мәслихаттың жұмыс мерзімінің соңына қарай оның тексеру комиссиясы «Жамбыл облыстық тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған. Міндеті сол бұрынғысынша жергілікті бюджеттің орындалуын қадағалау. Міне, осы тұрғыдан келгенде, егер атқарылатын функциясы өзгермеген болса, онда бұрынғы тексеру комиссиясын реформалаудың қандай қажеттілігі бар еді деген орынды сауалдың туындары анық. Оның мәнісі мынада. Облыстық мәслихаттың бұған дейін жұмыс істеген тексеру комиссиясының штаты шектеулі болатын. Осыған байланысты, тіпті сырттан мамандар тартқан күннің өзінде, сондай-ақ, депутаттарды жұмылдырған жағдайда да бюджеттік бағдарламалардың барлығын бірдей қадағалау мүмкін емес-ті. Мәслихаттың тексеру комиссиясы ары кеткенде айына үш-төрт тексеру ғана жүргізе алатын. Бұл әрине тым аз-ды. Ақша — уақтылы санап, есебін алғанды жақсы көреді, ал аз күшпен оның ұшығына жету қолдан келе бермейтін. Сондықтан, мәслихаттың алдында өз жұмысы жайлы есеп беретін, мүмкіндігі мол жаңа тексеру комиссиясының құрылуы дұрыс шешім болды. Депутаттыққа сайлану — үлкен жауапкершілік. Олардың қолында — адамдардың сенімі. Өз басым, сайлаушылары ризашылықпен есімдерін атайтын Саят Сарғасқаев, Асаубай Майлыбаев, Совет Қалмамбетов, Сембек Сейдазимов, Еркінбек Солтыбаев, Жалғас Тәукебаев, Александр Шлегель, Валерий Сергеев және басқа да азаматтық белсенділігі жоғары депутаттармен бірге жұмыс істегендігімді, жолымның болғаны деп есептеймін. Олардың қай-қайсысы да Жамбыл өңірінің гүлденіп-көркеюіне зор үлес қосты. Мәслихаттардың биліктің мықты тармағының бірі болып қалыптасуында олардың да айтарлықтай еңбегі бар. Жергілікті өкілді органдар — мәслихаттардың құрылғанына жиырма жыл толды. Осы мерзім аралығында олар өздерінің қоғамға қажеттілігін, депутаттың сөзі мен ісінің үлкен мәнге ие екендігін, депутаттардың көп мәселені шеше алатындығын дәлелдей білді. Мәслихаттар шын мәнінде Елбасының атап көрсеткеніндей, «Жергілікті мәні бар міндеттерді шешу үшін жергілікті халық сайлаған, өкілді орган ретінде еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі...» болып қалыптасты.

Сағатулла Қалымбетов, I-IV шақырылған облыстық мәслихат аппаратының жауапты қызметкері