Саясат

Мойынқұм диқандарын ағын су тапшылығы алаңдатып отыр

Мойынқұм диқандарын ағын су тапшылығы алаңдатып отыр

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сапары Мойынқұм ауданында да жалғасты. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрген аймақ басшысы ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерді аралап, тұрғындарымен кездесу өткізді. Ал облыс орталығынан келген жұмыс тобы өздеріне бөлінген барлық ауылдық округтерде болып, «қарапайым заттар экономикасы» жобасының елді мекендерде жүзеге асырылуын көріп қайтты. Рас, шалғай аудан болған соң ауылдықтардың басым бөлігі қосалқы шаруашылықты мықтап қолға алған. Тіпті үй іргесіндегі жерден бөлек, ауыл маңынан да қосымша жер телімін алып, табыс табуға ерекше ден қойыпты. Десе де бірқатар елді мекен тұрғындарының қосалқы шаруашылықпен түбегейлі айналысуына ағын су мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді.

Мәселен, Бірлік ауылдық округінің тұрғыны Айткүл Әбілдаева ауласындағы 15 сотық жерді тиімді пайдаланып, ақ жүгері мен 1000 түп қызанақ еккен. Дегенмен сәуір айының басында егілген бақша дақылдарын маусымның ортасына дейін қолмен суғарып келіпті. «Ауылымызға ағын су тұрақты келетін болса, тұрғындар жаппай қосалқы шаруашылыққа көшер еді. Бүгінде бау-бақша дақылдарын бір үміт, бір күдікпен егетіндер бар. Өйткені су бірде бар, бірде жоқ. Өткен жылы ғана тары егіп табысқа кенелемін деген көршіміз дәл осы ағын судың келмеуі салдарынан шығынға ұшырап, бар егіні қурап кетті. Сондықтан ауылдан тысқары жерден 11 гектар жер алып, оған мал азығы мен бау-бақша өнімдерін егудеміз. Әрине, ауылдың ішіне ағын су тұрақты келетін болса, алысқа ат арылтпас едік», – дейді зейнеткер.

Ал аудан іргесіндегі Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Ерболат Құттыбаев ауласындағы 20 сотық жерге ақ жүгері, қызанақ, қияр сынды бақша дақылдарын еккен. Сонымен бірге алма бақты да қолға алыпты. Оған қоса, мал шаруашылығын да қатар алып жүрген Е.Құттыбаев жыл сайын сегіз жылқыны бордақылап, етін көршілес Шу ауданындағы сауда орталықтарына өткізеді екен. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы тұрақты жұмыспен қамтылмаған Құттыбаевтар әулеті дәл осы қосалқы шаруашылық арқылы табыс тауып, оны күнкөріс көзіне айналдырған. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Алмас Кенжебеков те соңғы 10 жылда ауласына жүгері, қызанақ және сарымсақты үзбей егіп келеді. Ал алған өнімін Қарағанды облысындағы тұрақты тұтынушыларына сататын көрінеді.

– Бүгінгі нарықтық заманда ауылдықтар үшін табыстың бірден-бір көзі – қосалқы шаруашылық. Мысалы, аулаңда 10 сотық жерің болса, күзетшінің бір жылдық табысын бір ғана маусымда табуға болады. Ол үшін ең алдымен ағын су мәселесі түбегейлі шешіліп, тұрғындар суға тәуелді болмауы тиіс. Әйтпегенде, үмітінен күдігі басым ауылдықтар қосалқы шаруашылықты қолға алуы екіталай. Міне, биыл да дәл осы ағын судың салдарынан бақшамдағы дақылдан түсетін өнімнің көлемі едәуір төмендеп, шығынға ұшыраудың аз-ақ алдында қалдым, – дейді Алмас Лесқұлұлы.

Өңіріміздің үштен бір бөлігін алып жатқан ауданның атағы бұрнағы жылдары мал шаруашылығымен шыққан болса, бүгінгі таңда өндірістік аймаққа айналып кеткендей. Алайда биылғы жылдан бастап мойынқұмдықтар егін шаруашылығын да мықтап қолға ала бастағанын байқадық. Бірақ тұрғындардың көпшілігін ағын су мәселесі мазалайтыны көрініп тұр. Сондай-ақ ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері «қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды өз деңгейінде орындамағаны да байқалады. Аталған түйткілдер облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапарының қорытынды жиынында талқыланды. Ең әуелі әр ауылдық округке бөлінген жұмыс тобының жетекшілері ауылдардағы ахуалды баяндап, атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді аймақ басшысының назарына ұсынды. Белгілі болғандай, кей ауылдарда тіпті «Ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын көтеру» жобасы бойынша сауалнама мүлде жүргізілмеген. Мәселен, аудан орталығының іргесінде орналасқан Қылышбай ауылында аула санына қатысты мәліметтер тіркелмеген болып шықты. Міне, осындай мәселелерді тізбектей келе, облыс басшысы Асқар Исабекұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды сын тезіне алып, аудан әкімі Мәден Мұсаевқа нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ облыс көлемінде қолға алынып жатқан «қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы ауылдағы тұрғындар түгелдей қамтылып, олардың тұрмыс деңгейін көтеру үшін аудан әкімдігі жұмыла жұмыс жасау керектігін баса айтты.