- Advertisement -

Жақсы тұрмыс, жайлы орта

82

- Advertisement -

Өңір тұрғындары коммуналдық шаруашылық саласындағы
цифрлық технологиялардың игілігін көре бастады

«Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы».
Былтырғы жылдың қазан айындағы Жолдауда, міне осылай деп атап көрсетілгені баршаға мәлім. Осыған байланысты таяу жылдарда халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуі тиіс.
Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде орта және ұзақ мерзімдік бағдарлар бойынша ел экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшу мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде. Оларда «ақылды қалалар» қалыптастыру да көзделген. Әсіресе ірі мегаполистерде көлік логистикасы, техникалық және әлеуметтік қалалық инфрақұрылым, қала ортасының сапасы, қаланың дамуын басқару тиімділігі, қаладағы халық санының көбеюін ескере отырып, қоғамдық, іскерлік және тұрғын үй кеңістігін дамыту мәселелері күн тәртібіне өткір қойылып отыр.
Осы тұрғыда облысымызда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан 2018-2022 жылдарға арналған «Тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізу» жобасын айрықша атап өтуімізге болады. «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ашылған цифрландырылған жаңа орталық халыққа көрсетілетін, міне, осындай қызмет сапасын арттыруға ықпал ете бастады. Осыған байланысты тұрғындар үшін бұдан былай ұзын-сонар кезекке тұрудың да еш қажеті жоқ. Өйткені аталмыш орталықта электронды кезек терминалдары орнатылған. Бұған қоса, үйден шықпай-ақ, есеп-шоттарға төлемақы аудару мәселесін де шешуге болады. Ал тұрғындар қажет деп тапса, операциялық залға келіп, мамандар көмегіне жүгіне алады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін де осындай электрондық орталықтарды көптеп ашу өзінің тиімділігін көрсетуде. Цифрландырылған орталықта бір тәулік ішінде мыңдаған азаматқа қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
Жоғарыда аталған жоба аясында қазірдің өзінде Тараз қаласының 12-шағын ауданында 8 көп қабатты тұрғын үйден тұратын «ақылды квартал» қанатқақты жобасы нақты іске асырылды. Мұның бір ерекшелігі, аталған үйлерге орнатылған цифрлық жалпы есеп айырысу құрылғылары арқылы жылу, ауызсу, электр жүйелерін қашықтықтан басқарып, тиісті деректер алуға болады. Бұл тұрғын үйлер «Е-Шаңырақ» бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесіне (БЗАЖ) қосылған. Осылайша «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан «SmartЕК» ЖШС-мен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аталған көппәтерлі тұрғын үйлер автоматтандырылған су есебі жүйесімен қамтамасыз етілді.
Осы орайда жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары бар көп қабатты тұрғын үйлердің қазіргі таңда 174-і «E-Шаңырақ» БЗАЖ-іне енгізілгенін де атап өтуімізге болады. Бұл істі «Таразтрансэнерго» МКК сәтімен үйлестіру үстінде.
Айта кетейік, жалпы, облыс бойынша кондоминиум нысаны ретінде тіркелген 1275 көппәтерлі тұрғын үйдің бүгінгі күні 1209-ына «E-Shanyrak» жүйесі енгізілген. Бұл тұрғыдағы жұмыстар одан әрі де жалғаса беретін болады.

Ағабек МЫРЗАБЕКОВ,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support