- Advertisement -

Өңірдегі қаржылық жағдай қалыпты

23

- Advertisement -

Жалпы облыстағы қаржы нарығының ахуалы қандай? Бүгінгі күні облыста «7-20-25» бағдарламасы екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылуда. Кезекті баспасөз мәслихатында осы және өзге де мәселелерді сөз еткен ҚР Ұлттық банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин журналистердің сауалдарына да жауаптар қайтарды.
Оның айтуынша, еліміз бойынша ағымдағы жылдың маусым айында жылдық инфляция – 5,4, ал облыста 5,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Яғни бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегімен салыстырғанда біршама төмен.
– Инфляцияның құрылымында еліміз бойынша да, облыс бойынша да көбінесе азық-түлік тауарлары қымбаттады, өңірімізде азық-түлік емес тауарларға және ақылы қызметтерге бағаның жылдық өсімі тиісінше 5,9 және 1,2 пайызды құрады,– деп атап өтті ол.
Жалпы, елімізде, оның ішінде өңірімізде де берілген кредиттер көлемінің өсуі жалғасуда. Екінші деңгейлі банктер филиалдары 2019 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 85,7 миллиард теңге жаңа несие берген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 26,4 пайызға артық көрсеткіш. Биылғы жылғы мамырдың соңында ЕДБ кредиттік қоржыны 205,2 миллиард теңгені, сонымен бірге несиелердің ұлттық валютада берілгені – 204,1 миллиард теңгені (99,5 пайыз), шетел валютасында берілгені – 1,1 миллиард теңгені (0,5 пайыз) құраған.
Өңірдің депозиттік нарығында да өсім бар екен. Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыстың екінші деңгейлі банктер филиалдарындағы депозиттердің көлемі өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 10,9 пайызға асып 142,5 миллиард теңгеге жетіпті. Теңгелік бөлігінің 17,9 пайызға көбеюі депозиттер көлемінің өсуіне себепші болды дейді мамандар. Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2018 жылғы сәйкес көрсеткішпен салыстырғанда керісінше, 6,7 пайызға төмендегені байқалуда. Егер өткен жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыстағы теңгелік депозиттердің үлесі 71,2 пайызды құраса, ал 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша аталған көрсеткіш 75,7 пайыз көлемінде болған.
Филиал басшысы, сондай-ақ «7-20-25» әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері 2019 жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша облыстың серіктес банктері 2,22 миллиард теңге сомасына 310 өтінім қабылдағанын да атап өтті. Оның ішінде 1,17 миллиард теңгеге 162 өтінім мақұлданыпты. Сондай-ақ 993,3 миллион теңгеге 135 кредит берілген.
Филиал директоры ҚР Президенті 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» 2019 жылғы 26 маусымдағы №24 Жарлыққа қол қойып, онда үш негізгі бағыт қамтылғаны жөнінде де тоқталды. Жарлықты іске асырудың бірінші бағыты екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеуді көздейді. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс. Ұлттық Банк Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін азаматтар тізбесін қалыптастыру және олардың берешегінің жалпы мөлшерін анықтау бойынша жұмысты бастап та кетіпті. Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ына республикалық бюджет есебінен нысаналы қаржы қаражаттарын бөлетін болады.
– Оператор азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешегін өтеу үшін екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен шарттар жасасады. Өз тарапынан Ұлттық Банк берешекті өтеу бойынша мәліметтердің қарыз алушылардың кредиттік тарихының дерекқорында көрсетілуіне бақылауды қамтамасыз етеді. Екінші бағыт – Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді. Осы ай аяқталған соң Ұлттық Банк банктермен және микроқаржылық ұйымдармен бірлесіп кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлға 1 шілдедегі жағдай бойынша салыстырып тексеру мен тіркеуді жүзеге асырады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бірінші кезекте банктердің және микроқаржылық ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемінен 30 пайыздан аспайтын сома Ұлттық Банк айқындаған Оператордың қаражаты есебінен өтеледі. Бұл мақсаттар үшін Ұлттық Банк Операторға қажетті қаржыландыру көлемін бөледі. Үшінші бағытта қарыз алушыларды қосымша қорғау бойынша реттеушілік сипаттағы шаралар кешені көзделеді. Тұтынушылық кредиттеудің барынша белсенді өсуінің реттелмейтінін ескере отырып, Сенат ағымдағы жылғы 24 маусымда барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізді. Заңға таяу уақытта қол қойылатын болады. Осылайша қаржылық ұйымдарға қатысты қосымша реттеушілік шаралар қабылданады. Біріншіден, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салу. Бұл азаматтарды берешек сомасының тұрақты өсуінен қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу енгізіледі.Үшіншіден, барынша сақ тұтынушылық кредиттеу үшін қарыз алушының борыштық жүктемесін есептеуге арналған тәсілдерді жетілдіру сияқты қосалқы шаралар, банктердің меншікті капиталына қойылатын қосымша талаптар көзделеді. Осылайша қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға нақты көмек көрсетіледі, олардың отбасыларының әл-ауқаты жақсартылады, шамадан тыс кредиттелудің болашақ тәуекелдері шектеледі және халықты жауапты кредиттеу үшін жағдайлар жасалады, – деді филиал басшысы.
Басқосуда ипотекалық тұрғын үй қарыздары қайта қаржыландыру бағдарламасына жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілгені жөнінде де айтылды. Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін барлық валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарлама аясында барынша қамту мақсатында қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанына дейін, таратылып жатқан «Астана Банкі» АҚ және «Qazaq Banki» АҚ банктеріндегі қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады екен. Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс. Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар 2019 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей қайта қаржыландыруға өтінішпен кредитор банкке жүгінулері қажет екенін айтып өткен жөн. 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 64,9 миллиард теңге сомасына 7 735 валюталық ипотекалық қарыз мақұлданды, 51,4 миллиард теңге сомасына 6 283 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды. Ал облыс бойынша бағдарлама шеңберінде 872,4 миллион теңге сомасына 231 өтінім мақұлданыпты, оның ішінде 613 миллион теңге сомасында 151 қарыз қайта қаржыландырылады екен.
Е.Шарыгин қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, сондай-ақ «WhatsApp» және басқа да мессенджерлер арқылы алдағы тамыз айында жаңа валютаға – алтынға өту және теңгенің құнсыздануы туралы ақпарат таратылып отырғанын тілге тиек етіп, бұл мәселеде сақ болуға шақырды. Аудиохабардағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды шұғыл тәртіппен жинақ ақшасын долларға айырбастауға немесе автомашиналарды, пәтерлерді сатып алуға жаңа қарыздарды ресімдеуге шақыруда. Сондықтан Ұлттық Банк бұл ақпараттың экономикалық қаскүнемдікке шақыратын дәйексіз, арандатушылық ақпарат екендігін ресми түрде хабарлайды. «Қазақстан Ұлттық Банкі көрінеу жалған ақпараттың авторлары мен таратушыларын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына жүгінді» – деді ол.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support