Экономика

Байлықтың атасы еңбек, анасы – жер

Байлықтың атасы еңбек, анасы – жер

Жері шүйгін шу мен қазыналы қордайда облыстық семинар-кеңес өтті.

11 12 7 8 9 1610Қырман басын қыруар өнімге толтырып, еткен еңбектен еселі табыс көру кез-келген шаруаның арманы. Ал, инновация мен жаңа технологияның бүгінгі салтанат құрып тұрған уақытында қара жерге жан бітіруге бел буып, нар тәуекелге бекінгеннің тауы шағылмайтынына сенім күшейгендей. Себебі, заманауи технологияларға негізделген тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты әдістерді енгізе бастаған егіншілердің ешқайсысы күні бүгінге дейін сан соғып көрген жоқ. Сондықтан, бұл тиімді тәсілдерге қызығушылықтың артқаны да аңғарылуда. Яғни, облыс бойынша биылға 3171 гектар жерді тамшылатып және жаңбырлатып суару межеленсе, көрсеткіш 4281 гектарға жетіп, артығымен орындалып отыр. Бұл ретте, Шу ауданындағы бір ғана «Бектібай» шаруа қожалығының өзі айтарлықтай үлес-салмағымен көзге түсіп тұрған жайы бар. Ал, осы алқапта өткен облыстық «Егінжай күні-2014» семинар-кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бектібайлықтардың бүгінгі берекелі тірлігімен танысты. Әр тамыры тамшының тамашасын көріп отырған 260 гектар алқап кемеріне келіп, алыстан көз тартып тұр. Екі қанатқа құлаш сермеп жатқан егіс даласының 240 гектар жерін «Manas f1» cұрыпты пияз басқан. Бектібайлықтар суарудың бұл әдісін биыл бақша дақылдарына да қолданып, оны жинап үлгерген. Нәтижесі оңтайлы болғандықтан, келер жылдары да бұл дақылдар тамшылатып суғарылмақ. Семинар-кеңеске келген аудан, қала, ауыл әкімдері, басқарма басшылары және шаруа қожалық иелеріне Шу ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметов мән-жайды түсіндіріп, тізіліп қойылған техниканың түр-түрін таныстырды. Доминатор, көкөніс дәнсепкіш, дәрішашқыш, көкөніс сабағын кескіш, культиватор сияқты қажетті қондырғылардың көбі Түркия мемлекетінен алынған көрінеді. Ал, суды тазартушы фильтрлі қондырғы мұнда екеу. Олардың әрқайсысы сағатына 15 гектар жерді қамти алады екен. Бұл уақытты ұтуда таптырмас тәсіл десек, суды үнемдеуде де 10 есе тиімді. Қожалық жетекшісі Ләззат Көкірекбаева бүгінде алқап жинау деңгейінде екенін жеткізді. Оның айтуынша, алқаптан мол өнім алынуы тиіс. Егіннің еңсесін тіктеуде теңдесі жоқ техниканы шаруа қожалық 250 миллион теңгеге алған. Жұмыс бүгінгі қарқынын сақтап, жүйелі жүрсе 3 жылда шығынның құнын ақтауға болады екен.

Кәрім Нәсбекұлы бастаған топ алқаптың келесі қанатына қарай бет алып, ондағы көрініске де көз жүгіртті. Қызу еңбектің қазанында бірге қайнаған «Бектібай» шаруа қожалығының мүшелері өз жұмыстарының жемісін келушілерге ықыласпен таныстырып жатты. Екінші қондырғының алқабында қарбыз бен жүгерінің «Трофи» сұрыбы өсіп тұр. Алайда, бұл тәжірибеге биыл ғана аяқ басқандықтан, аталмыш өнімдердің алып жатқан аумағы айтарлықтай деуге келмейді. Бірақ, пайдасын ұғып, бұл өнімнің де берекесін көргендіктен, бектібайлықтар облыс басшысына келер жылдары межені биіктететіндіктерін айтты. «Егінжай күніне» келушілер Шу ауданындағы өзге да шаруа қожалықтардың еңбектеріне куә болды. Мәселен, мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған «Нұрдәулет», «Айбол», «Бала жайсан», «Нұр-2000», «Ақ жол», «Еңбек», «Оразалы Батыр», «Бектібай 1», «Болашақ» сынды шаруа қожалықтар төрт түліктерінің түр-түрін көпшілікке көрсетті. Олардың дені «Сыбаға» бағдарламасынан қолдау тапқан. Семинар-кеңесте шулық егіншілердің де еңбегі ұсынылды. Осылайша, олар көкөніс пен дақылдар, жеміс-жидек өсіруге де жақсы машықтанғандықтарын танытты. Әсіресе, Қорағаты ауылының «Зәмзәм» шаруа қожалығы келушілердің назарына ілікті. Жүзімнің сан алуан сұрыбын және өзге де жемістерді өсіруді жетік меңгерген олар өз өнімдерін аудан базарындағы бағадан екі есе төмен бағамен саудалап жатқан көрінеді. Шу ауданының әкімі Бақытжан Нүркенов семинар-кеңеске қатысушыларды ауданның ауылшаруашылық саласындағы жұмысымен таныстырды. Бүгінде бұл бағыттағы жағымды жаңалықтары аз емес. Аудан әкімі сүт қабылдау пункттері, жылыжайлар, ірілендіру сияқты тақырыптарды қозғап, алдағы жоспарларды да әңгімеледі. Бүгінде Шу ауданында ірілі-ұсақты 2624 шаруа қожалығы бар және 21 ауылдық тұтынушылар кооперативі құрылып үлгерген. Аудан басшысының айтуынша, 2017 жылға дейін 182 АТК құру жоспарланып отыр екен. Шу ауданының ауылшаруашылығы саласындағы елеулі еңбектері мен мардымды нәтижелерін көзбен көрген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар тапсырмалар беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Сонымен қатар, жылыжай салуды жиілетуді ойға алған шулықтарға оларды орталық қазандықтан бастау алатын жылу трассаларының бойына жақындатып орналастыру туралы ұсыныс жасады. * * *

Қордай ауданындағы Егінжай күні – облыстық семинар-кеңесі осымен үшінші жыл қатарынан егістік суын үнемді пайдаланудың озық технологияларын көрсетуге арналды. Бұл бүгінгі таңда өмірдің өзі алға шығарып отырған өзекті мәселеге айналған. Су тапшылығының зардабын облыс егіншілері жыл сайын-ақ сезініп келеді. Әсірсе, Қырғызстаннан бөлінетін су күрт азайған, көктем, жаз бойы көктен бір тамшы жаңбыр тамбаған биылғы жылы судың зары баршаға тым қатты батқаны аян. Сондықтан, далалық семинардың жұмысына облыстағы ауылшаруашылығы өндірісіне қатысты салалық құрылымдардың басшылары, аудан әкімдері, агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, мамандары көптеп қатысты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзі бас болып, семинарға қатысушылар әр егістіктің басына едәуір аялдап, ондағы тамшылатып суарудың нақты нәтижелерін көзбен көріп, осыны жүзеге асырған егінші, дихандармен дидарласты, олардан озық технологияның қыр-сырларына қанықты. Өңірде соңғы жылдары ылғал үнемдеудің тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін белсенді түрде қолданып келе жатқан қордайлықтар егіншіліктің болашағын осымен байланыстырады. Жаңа технологияға ден қоюшылардың қатары жылдан-жылға артып та келеді. Былтыр, мәселен, «Бәйтерек» ШҚ 61,4 гектар дәндік жүгеріге, 48 гектар көкөніске, «Қордай Халал Ет» ЖШС 521 гектарға өз қаражаттары есебінен тамшылатып суару қондырғыларын орнатты. Биыл да «Нұрал», «Нөсер», «Самғау», «Алмаз», «Мақұлбаев», «Шенхо» шаруа қожалықтары мен «Қордай Халал Ет» ЖШС барлығы мың гектардан астам егістікті тамшылатып суаруда. Сонымен қатар, «Нұр», «Сабыр», «Алмаз», «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалықтары мен «Қақпатас Қордай» ЖШС жаңбырлатқыш қондырғыларды бір жарым мың гектардай жерде іске қосты. Ал, «Сұлутөр» ЖШС облыс көлемінде алғашқылардан болып «нөлдік» және минимальдық технологияны ендіруімен мәлім. Шаруашылық бұл үшін 12 миллион теңгеге «Кузбасс» егістік кешенін, 19,0 миллион теңгеге екі аргентиналық дән сепкішті, 1,2 миллион теңгеге дәрі шашқыш, 12 миллион теңгеге екі МТЗ-1221 тракторын, 70 миллион теңгеге төрт «Есіл» және «Полосье» астық комбайндарын, барлығы 114,2 миллион теңгеге жаңа техника алып, оларды ұтымды пайдалануда. 2012 жылы осы технологиямен егілген дақылдардың көлемі бұл шаруашылықта 1100 гектар болса, былтыр 1400 гектарға, ал биыл 1800 гектарға жетіп отыр. Семинар барысында осы технологиялардың біраз жердегі жұмыс барысы көрсетілді. Мәселен, «Самғау» шаруа қожалығы биыл алғаш рет қанатты жоба ретінде 20 гектарда қытай бұршағының «Назгүл» сортын өсірген. Өсу мерзімі 120 күндік дақылды ауа райының қолайсыздығынан мерзімінен кештетіп 14 мамырда сепкен. Соның өзінде тамшылатып суарудың арқасында біркелкі бітік өскен техникалық дақыл мол өнімімен қуантып отыр. Қуатты су сораптары арқылы бүкіл егістіктің жүйекаралықтарына су түтікшелер арқылы таратылып, өсімдіктің әр талының тамырына молынан барып жатыр. Қолмен суғарғандағыдай айнала жайылып, ысырап болып жатқан су байқалмайды. Аптап күннің астында кетпен көтеріп жүрген сушылар да көрінбейді. Қытай бұршағымен қатар орналасқан пияз егістігі де осылай. Арам шөптен ада отыз гектарлық плантациядағы қазірдің өзінде әрқайсысы қол басындай пияз да мол түсім бермек. Енді мынаған қараңыз, қожалық басшысы Евгений Трубниковтың айтуынша, бұрынғыдай суды ағызып суаратын болса бұршақтан мықтағанда гектарына 15-20 тонна өнім алар еді, ал мына өсірілген өнім кем дегенде 25 тоннадан айналмақшы. Осының бәріне (жаңа технологияны орнатуға) 10-12 миллион теңге аралығында шығын жұмсаған болса, ол шығынды биылғы жылдың өнімімен-ақ жабатынына сенімді. Ал, пияздан бұрын гектарына 35-40 тонна өнім жинаса, тамшылатып суарудың нәтижесі, міне – әр гектардан 100-120 тонна өнім күтіледі. Оны отыз гектарға көбейтіп байқаңыз. Егістікке арықпен ағызып әкеліп суаруға көл-көсір су қажет болар еді. Биылғыдай қуаңшылық жылда аз суға таласып, бірінің суын бірі ұрлаған дихандар бет жыртысуға дейін барып жатқан кезде бұған мүмкіндік болмас та еді. Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы осы шаруа қожалығының дәндік және сүрлемдік жүгері плантацияларындағы жағдай да осылай. 217 гектар дәндік жүгерінің биіктігі атты кісі көрінбестей, байлаған соталары білектей-білектей дерлік. Ал 61 гектар мал азығындық жүгері шетінен орылып, сүрлемге салынуда екен. Қожалық басшысы жұмысшылары 70 мың теңгеден жалақы, қосымша сыйақы да алып отырғанын айтты. Бетқайнар ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығының тоқсан гектарлық көкөніс алқабы да жаңа технологиямен суарудың нәтижесінде жоғары өнім беруде. Мұнда егістікті тамшылатып суаруға дизельді қозғалтқышы бар қуатты сорап орнатылған. Сушының орнында пульт басында сорапты іске қосып, суды егістіктің қажетті бөлігіне жіберіп отырушы оператор жұмыс істеуде. Плантацияға сумен бірге гербицидтер мен тыңайтқыш қоса жіберілетіндіктен, егістік арам шөптен таза әрі өнімі бітік. Семинар барысында облыста алғашқылардан болып сырттан әкелінген асыл тұқымды малдар да көрсетілді. «Афион-Қордай», «Қақпатас-Қордай» ЖШС-ның, «Әли» ШҚ-ның шет елдерден сатып алған герефорд, лимузин, «Дәуренайдың» симментал, алатау тұқымды мүйізді ірі-қаралары, «Батырдың» асыл тұқымды қойлары, «Медет» ШҚ-ның жабы жылқылары, тіпті, Талас ауданы Ә. Сағынтаев атындағы ЖШС-ның қаракөл асыл тұқымды қошқарлары көрген көздердің айызын қандырғандай. Шетінен қоңды, етті сиырлардың салмағы жарты тоннадан асатыны бар. Малдың етті де, сүтті де еселеп беретін асыл да ірісін өсірудің тиімділігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, қордайлық малдәрігерлік қызметтің құрылымы да семинарға қатысушыларға үлгі ретінде ұсынылды. Соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев арнайы қойылған стендтің алдында жаңа технологиялардың артықшылығы туралы жан-жақты түсініктеме берді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытынды сөз сөйледі. – Бүкіл облыстан осыншама жұртты жинап, екі ауданды қамтыған семинар өткізудегі мақсат – су мәселесі жылдан-жылға қиындап бара жатқан шақта егіншілікті сумен қамтамасыз етудің жаңа технологияға негізделген тәсілдерін көрсету, соны кеңінен насихаттау, – деді Кәрім Нәсбекұлы. – Бүкіл елімізде, оның ішінде біздің өңірде азық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жаңалықты жатсынбай, батыл қолдануға көшпесек болмайды. Бүгін өздеріңіз көрдіңіздер, осы замандық озық технологияның қандай жоғары нәтижелерге жеткізіп жатқанын. Қымбат техникалардың бір жылда-ақ өз шығынын ақтап, одан әрі қарай тек пайдаға жұмыс істейтінін. Қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұлар ең ұтымды жол. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіліп, қаржылай көмек беріліп жатыр. Оған қосымша облыстық бюджеттен жеті жүз миллион теңгені ауылшаруашылығына тағы бөліп отырмыз. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Екінші деңгейлі банктермен де ауыл шаруаларына несие беру жолдарын жеңілдету туралы келісімге келіп отырмыз. Осыны пайдаланып, еселеп пайда беретін озық тәсілдерді кеңінен қолдану керек. Тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданында жеміс-жидек кластерін құруды неге қолға алмасқа. Оған ауданның барлық мүмкіндіктері бар, іргесінде үлкен су қоймасы тұр. Жалпы, бүгін шыбық шаншысаң ертең талға айналатын жері құнарлы біздің өңірде пайдаланылмай жатқан резервтер аз емес. Егістік суының сексен пайызын көрші елден алатын бізге су ысырабын мейлінше азайтудың мысалын бүгінгі семинардан көрдіңіздер. Тамшылатып және жаңбырлатып суарудың неше алуан тәсілдері назарларыңызға ұсынылды. Осыны өздеріңіз де тиімді іске асыруларыңыз керек. Биылғыдай ауылшаруашылығы үшін қиын жағдай келесі жылы да қайталанбасына кім кепіл. Уақыт бізден осыны талап етеді, – деген өңір басшысы, облыстағы сүт өндіру жайына да баса назар аударып, сүт өңдеу зауыттарының жұмысын жетілдіруді ескертті. Мәселен, екі бірдей жергілікті сүт зауыттары бола тұра қордайлық агроқұрылымдардың сүтті сыртқа шығарып сатуы қай тұрғыдан алып қарағанда да дұрыс еместігін қатаң айтты. Кезінде сол кіәсіпорындарды ашуға қаншама қаражат жұмсалды, несие алынды, енді қазір шикізаттың аздығынан шала жансар күй кешуде. Мәселенің экономикалық жағы түсінікті, алайда өз облысыңа, өз ауданыңа патриоттық тұрғыда да келуді ескертті. Сондай-ақ, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты Ресейге біздің еліміздің ауылшаруашылық өнімдері үлкен сұраныспен шығарылып жатқандығы да тауар өндірушілеріміз үшін тиімді екенін білдірді. Далалық семинар асыраушы салада маңдай терін төгіп, нәпақасын жерден айырып жүргендердің баршасы үшін озық үлгідегі технологиялар мен инновацияларды, ғылыми жаңалықтарды бірінші кезекке қойып, пайдаланудың артықшылығын көрсетті деуге болады.

Қарлығаш Есбергенова, Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.