Білім

Елорда төрінде батыр Баукең тұр

Елорда төрінде батыр Баукең тұр

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Жәнібек пен Керей, Абылай мен Кенесары, Абай, Жамбыл және Бауыржан Момышұлының ескерткіштері бар. Батыр Баукеңнің 100 жылдығы қарсаңында әрі елорда төрінде алғаш бой көтерген ескерткіш қызыл граниттен жасалған. Биік тұғырға қондырылған батырдың сұсты да сом тұлғасының биіктігі төрт метрден асады. Сәулетші Бақытжан Сыздықов пен мүсінші Темірхан Көлжігіттің шығармашылық еңбектерінің жемісі саналатын бұл туындыны елордаға Жамбыл облысы тарту еткен болатын. Қоламен кескінделген алып ескерткіш 2008 жылдың 6 маусымында ашылды. Бүгінде айналасын саялы бақ, гүлзарлар көмкерген батыр ескерткіші елін, жерін сүюдің ұлағатын ұғар өнеге орталығына айналған. Б.Момышұлының ескерткіші жанында жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылады. Нұр-Сұлтан қаласында қазақ хандары мен батырларына, ақындары мен жазушыларына, қоғам қайраткерлеріне орнатылған ескерткіштердің қазақ тарихы мен шежіресін насихаттауда маңызы зор. Сондықтан да елорда төріндегі батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші – жамбылдықтардың да мақтанышы. Жыл он екі ай осында атбасын бұрған әулиеаталықтар баба басына барып гүл шоқтарын қойып, құрметтерін көрсетеді.  

Ерман ӘБДИЕВ