«Жамбылдық оғландар әлі талай биікті бағындыратынына сенім мол»
«Жамбылдық оғландар әлі талай биікті бағындыратынына сенім мол»
Гамлет Қайнарбеков, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Жамбылдық оғландар әлі талай биікті бағындыратынына сенім мол»
– Елбасының тапсырмасына орай халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа баулу керектігі айтылған болатын. Осы бағытта басқарма тарапынан нендей жұмыстар атқарылып жатыр? – Елбасының тапсырмасына сәйкес, облысымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында бірқатар жоспарлы жұмыстар өз жүйесімен атқарылды. Бүгінгі таңда облыс халқының 245 мыңнан астамы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Көрсеткішіміз осы жарты жылдықта 22,6 пайызды құрап отыр. Жыл басындағы дерек бойынша бұл көрсеткіш 21,7 пайыз болатын. Әлбетте, өңір тұрғындарының спорт түрлерімен тұрақты шұғылдануы үшін жағдай жасалуы керек. Талапқа сай спорт нысандарында халық спортпен айналысса, одан ұтарымыз көп. Осы бағыттағы жұмыстар пысықталып, облыстағы 1986 спорт нысандарына толыққанды талдау жасалды. Оның ішіндегі негізгілері іріктелді. Аудандар бойынша 263 спорт ғимараты, Тараз қаласы бойынша 28 спорт залы тұрғындарға қызмет көрсететіндігі айқындалды. Бүгінде аталмыш спорт нысандарында тұрғындар спортпен шұғылданып жатыр. Бұдан бөлек алғашқы жарты жылдықтың бедерінде салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 658 іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 169 мыңнан астам өңір тұрғыны қамтылды. Сондай-ақ, Елбасының жүлдесі үшін өткізілетін «Қазақстан барысы» мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі де ойдағыдай ұйымдастырылып, барлық аудандарды қоса есептегенде, 1309 балуан іріктеу жарыстарына қатысты. – Осыдан біраз уақыт бұрын өзіңіз облыстық әкімдіктің алқа мәжілісінде аудандардағы спорт бөлімдеріне бөлінетін қаржының мардымсыз екенін айтып, мәселе көтерген едіңіз. Расымен де ілгеріде аудандардың қайсыбірінде жылына екі мәрте ғана жоғары деңгейлі турнир өткізе алатын қаражат қарастырылғанын біз де білетінбіз. Қазір қалай, жағдай реттелді ме? Қанша дегенмен бұқаралық спорттың бір ұшы аудандарға келіп тиеді ғой... – Иә, расымен де бұрындары аудандық спорт бөлімдеріне қарастырылған қаржы көлемі аз болатын. Бұл мәселе өз кезінде көтерілгендіктен болар, қазіргі кезде жағдай оңалды. Барлық аудандарда осы өзекті шаруа дер кезінде қолға алынып, қосымша қаражаттар қарастырылды. Нақтырақ айтатын болсақ, ағымдағы жылы ол көрсеткіш анағұрлым артты. Мәселен, Қордай ауданы 4 миллион теңгеге көбейтсе, Тараз қаласы 13,7 миллион теңге, Сарысу ауданы 10 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар, өзге өңірлер де жағдайды оңалтуға жұмыстар жасады. Одан өзге әрбір ауылдық округтерде спорт инструкторы штаты ашылса деген де ниетімізді білдіріп, мәселе көтерген болатынбыз. Бұл да өз кезегінде халықтың спортпен шұғылдануына зор ықпалын тигізері анық. Бұл мәселе бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудандарда да серпіліс аңғарылады. Бүгінгі күнге белгілі болғандай, Сарысу ауданында аталған штаттарды ашуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Шу, Жуалы, Қордай аудандарында да бұл тұрғыда қарқынды жұмыстар атқарылып жатқан жайы бар. Өзге аудандар да осы мәселеге қырын қарамай, назар аударса бұл тірлігімізден үлкен нәтиже шығатынына сенімім кәміл. – Бокстан облысымыздың аға бапкері қызметіне келген кубалық Мануэль Элизонда бастапқыда «Бразилиядағы олимпиада ойындарынан үш алтын аламыз» деп аттандап еді. Алайда, соншалықты мықты нәтижені көре алмадық. Әлем біріншілігіне де жамбылдық боксшылардың бірі қатыспады. Бүгінде белгілі болғандай ол маман қызметінен кетті. Нәжижесі көңіл көншітпегендіктен бе? Аға бапкердің міндетін атқарушы Мұхтар Бердімбетов мырзаның алдына қандай да бір мақсат қойылды ма? Жалпы, келесі әлем біріншілігінде біздің боксшылардан қайсысы ұлттық құраманың сапына еніп, ел намысын қорғауы мүмкін? – Ол бапкер нәтижеге байланысты қызметтен кеткен жоқ. Элизондамен біз келісім-шартты созған болатынбыз. Мануэль де өзінің жұмыс жасауға ынталы екенін байқатты. Алайда, ол өзінің отбасылық жағдайына байланысты қызметін босатуға мәжбүр болды. Мұхтар Бердімбетов бүгінгі таңда ересектер арасында облыс құрамасы аға жаттықтырушының міндетін атқарушы. Ол кісінің тәжірибелі маман екенін білеміз. Алдағы уақытта нәтиже көрсетеді деген үміт бар. Барлығын уақыт екшейді ғой. Әзірге бапкерлікке қатысты нақты байлам айтуға ерте де шығар. Құдайға шүкір, облыста күрзі жұдырықты талантты боксшылар баршылық. Жамбыл жері боксымен мақтана алады. Ол сабақтастық үзілмеуі тиіс. Өңірімізде талантты бапкерлер де жеткілікті. Мамандардың барлығының алдына талап қойып, Жамбыл боксын әрмен қарай өркендету бағытында қыруар жұмыстар атқаруымыз керек. Ал алдағы әлем біріншілігіне қай боксшыларымыз баруы мүмкін дегенге келетін болсақ, бұл жерде нақты бір боксшымыз қатысады деп кесіп айту қиын. Жаңа бір есім жарқ ете қалуы да ықтимал. Дегенмен, бізді дәл қазіргі кезде әскерилер арасындағы әлем чемпионы Олжас Сәттібаев, Президент кубогы үшін өткізілген сында кубалық Ариснойдис Деспейнді жеңген Сағадат Рахманқұлов, талантты боксшы Асланбек Шымбергенов сынды былғары қолғап шеберлерінің аяқ алысы қуантады. Осы жігіттерге үлкен сенім жүгі жүктеліп отыр. Жамбылдық оғаландар әлі талай асуды алатынына сенімім мол. – Енді күрес түрлеріне тоқталсақ. Еркін күресте ел мақтанатын Ақжүрек Таңатаров бар. Алайда, классикалық, яғни, грек-рим күресінен шыққан мықты балуандарымыз жоқ секілді. Жамбыл жері жалғыз олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің отаны ғой. Сол Жақсылық ағаның жолын жалғайтын білекті балуандар неге байқалмайды? – Шынтуайтында грек-рим күресінен бір кездері өңірде біршама құлдырау байқалған болатын. Қателеспесем, 8 жылға жуық уақыт осы күрес түрімен айналысатын балуандарымыз ел біріншілігінде топ жара алмаған. Былтыр сол олқылықтың орны толды. Екі бірдей спортшымыз ел біріншілігінде жарқырай көрінді. Бір сөзбен айтқанда үміт артатын жігіттер бар екенін байқатты. Даму аңғарылады. «ФИЛА» тарапынан орын алған өзгерістерге байланысты балуандарымыз бүгінгі күні салмақтарын ауыстырып, жаңа ережеге сай басқа салмақтарға төселіп жатыр. – Жүзу мен трамплиннен секіру секілді спорт түрлерінен олимпиада ойындарында Қытай спортшылары бірнеше комплекті алтын медальді ұтып алатыны бәрімізге белгілі. Жалпы, су спорты түрлері бойынша бір ғана спортшы бірнеше медальға таласа алады. Бізде де спорттың осы түрлерін дамыту керек шығар... – Әрине, спорттың бұл түріне де ерекше серпін беру қажет екенін түсінеміз. Нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымыз да баршылық. Олардың көшін Эльмира Айғалиева бастап тұр. Алдағы уақытта да жүзу секілді спорт түрлерінің қарыштап дамуына мүдделі бола береміз. Айтпақшы, Эльмира таяуда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарында еліміздің намысын қорғайды. Жолына үмітпен қарап отырған жайымыз бар. Сонымен қатар су добынан «Айша бибі» командасы да өңір намысын қорғап жүр. Сол «Айша бибі» командасы туралы «бұл команда неге Ресей біріншілігінде өнер көрсетеді?» деген сауал туындап жатады. Бірден айта кету керек, елімізде «Айша бибіге» тең келетін қарсылас жоқ. Оларға елімізде бәсекелес бола алатын ұжым болмаған соң бір деңгейде жүре бермейді ғой. Шеберліктерін шыңдауы, арттыруы қажет. Сол себепті де «Айша бибі» командасы бәсі жоғары Ресей біріншілігіне қатысып жатқан жайы бар. – Әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі футбол екені мәлім. Миллиондар осы бір спорт түріне арбалып қалған. Дәл осы футболмен тыныстайтын жанкүйерлеріміздің «Тараз» футбол клубына көңілі толмай жүргені анық. Алдымен серб маманы Любомир Петровичті алдырдық. Сол жылы команда едәуір тәуір ойын үлгісін көрсетті. Алайда, оны алмастырған голландиялық маман Арно Пайперс сенім үдесінен шыға алмады. Бүгінде олимпиада чемпионы Евгений Яровенкоға сенім артып отырмыз. Өкініштісі сол, жылда «Тараз» алғашқы алтылыққа енуі керек деген мәселе көтеріледі. Алайда, өңіріміздің бас командасы тек қана премьер лигадағы орнын сақтап қалу үшін ғана талас жүргізуге мәжбүр... – Расымен де кейінгі кездері бапкерлер көп ауысты. Шыны керек, Арно Пайперстен біз үлкен үміт күтіп едік. Алайда ол екіжақты шартта көрсетілген талаптарды орындай алмады. Сол себепті де келісім-шартты бұзуға тура келді. Мұндай келісім-шарттың бәрі не үшін жасалады? Әрине, жақсы нәтиже болсын, өңіріміздің футболы дамысын деген мақсатпен шартқа қол қойылады. Енді Пайперс қызметінен босатылған соң өзіміздің жерлесіміз Евгений Яровенконы шақырдық. Жалпы, «Тараз» футбол клубында орын алған соңғы өзгерістердің бәрі де команданың нәтижелі ойын көрсетуіне ықпал етеді ғой деген сенімдемін. – Ұлттық құраманың соңғы жолдастық кездесуінде Тәжікстан құрамасының қақпасына соғылған екі голдың да авторы Тараз футболының түлектері Бауыржан Исламхан мен Ұлан Қонысбаев екенін көзіміз көрді. Тараз өз түлектерімен мақтана алатын қала. Шыны керек, біздің елде легионерлерге баса наза аударылып, жергілікті ойыншылар тасада қалып кетіп жатады. Өз өңірімізден шыққан ойыншыларға төменгі жалақы төленген соң олар басқа командаға ауысып кетеді деген әңгімені де естиміз. Неге өз қаракөздерімізді командада сақтай алмаймыз? – «Тараз» футбол клубындағы футболшылардың барлығының шеберліктеріне қарай клуб басшылығы әр спортшымен жеке-жеке жұмыс жасайды. Әлбетте, легионерлерді қандай мақсатпен әкеледі? Өңір футболын дамыту үшін Қазақстан футбол федерациясының рұқсатымен командаға шақыртады. Жергілікті футболшылардың шеберлігін арттыру да негізгі мақсат ретінде қойылады. Онда арнайы лимит те бар. Әрине, қай кезде, қай дәуірде болсын, Жамбыл өңірінен шебер ойыншылар шыққан. Ал мықты ойыншыларымыздың барлығы да ақыл тоқтатқандар. Сондықтан команданы өздері таңдайды. Кейбір ойыншыларымыз: «Жоқ, мен «Астанада», «Қайратта» ойнаймын» деп жатса, Бауыржан Исламхан секілді футболшылардың біз жолын бөгеп, басқа командаға ауысына рұқсат бермеуге хақымыз жоқ. Бүгінгі таңда «Тараз» футболының даңқын асыру мақсатында жұмыстар жасалып жатыр. Сенім артатын шеберлер әлі де өңірімізден бір шоғыр жұлдыз секілді шығатыны анық. – Әр өңірдің өзінің мақсаты болады ғой. Мәселен, қысы қатты солтүстік аймақтар қысқы спорт түрлеріне назар аударады. Біздің облыс қай спорт түрлеріне басымдық беруі тиіс? – Әрине, әр өңірдің өз мақсаты болатыны белгілі. Біздің облыста спорттың 41 түрі қамтылған. Еліміздің спорт және дене шынықтыру агенттігі әр аймаққа өздеріне тән басымдық түрлерін бекітіп берген. Өзің айтқандай Солтүстік Қазақстан өңірі, Астана қаласы және өзге бірқатар облыстар мен қалалар қысқы спорт түрлеріне баса ден қояды. Ол жерде шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, коньки тебу секілді спорт түрлерін дамыту – негізгі міндет. Ал біздің облыс бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо күресі, су добы, жүзу сияқты спорт түрлерін дамытуға, өркендетуге мүдделі. Енді өздеріңіз байқап жүрсіздер, аты аталған спорт түрлерінен облыстың жетістігі бір төбе. Осыдан-ақ әрбір жоспар толық талданып барып жасалатынын аңғаруға болады. – Елімізде ауыр атлетика спорты қарқынды дамып келеді. Олимпиада ойындарында иеленген алтын жүлделеріміздің басым бөлігін осы ауыр атлеттер қанжығаларына байлады. Қызылорда өңірінде ерекше дамыған спорттың бұл түрінің кеңінен өркен жаюына біз де мүдделі болсақ керек... – Бұл спорт түрін дамыту керек екені анық. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін біз 2012 жылы дарынды балаларға арналған спорт интернатынан ауыр атлетика бөлімін аштық. Бөлімнің жұмысы алға басуы үшін Мирас Қожахметов есімді жаттықтырушы шақырттық. Мирас Қызылорда ауыр атлетика мектебінің түлегі. Оның жұмысына қатысты жақсы нәтижелер де бар. Жасұлан Қыдырбаев есімді ауыр атлетіміз жастар арасында өткен Азия біріншілігінде олжалы оралды. Өзге де үміт артар ауыр атлеттер баршылық. Бүгінде бұл спортшымыз ересектер сапына ауысуға ниетті. Ауыр атлетиканы әрмен қарай дамыта береміз деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет!
Табиғат Абаилдаев,
"Ақ жол".