Білім

Атымтай жомарттар жарап тұр

Атымтай жомарттар жарап тұр

 «Мектепке жол» акциясы басталды.

Барлық бала білім алуға құқылы. Әрбір ата-ана перзентінің қамсыз шақты мұңсыз өткізгенін қалайды. Дегенмен, тұрмыстың ауыртпашылығы қолдарын байлап, «жоққа жүйрік жетпейді» десіп жүргендер де аз емес. Сондықтан кей отбасылар үшін Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өтетін дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы тығырықтан шығар жол іспетті.

Акция жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетіні белгілі, яғни, нағыз Атымтай жомарттар азаматтығын танытатын кез келді. Облысымызда материалдық жағдайға байланысты мектепке бармай қалып жататын балаларды анықтап, соларға қолдан келгенше көмек көрсетуге шақыратын қайырымдылық шарасынан шет қалмай, үн қосатындар көп-ақ. Олардың арасында ірі кәсіпкерлер де, мекеме қызметкерлері де бар. Қызды-қыздымен өз балаларын әупірімдеп жүріп киіндіріп, керек-жарағын қамтамасыз еткен қарапайым жұмысшының да мойнына «міндеттеме» артып қоятын жағдайлар кездеседі. Әйтеуір, сырт айналып, безбүйректік танытатындар некен-саяқ.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, былтыр аталмыш акцияның аясында аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына166 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетіліпті. 21 мыңнан астам оқушы қамтылған. Оның 68 миллион теңгеден астамы кәсіпкерлердің қосқан үлесі. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Керімбеков осы жолы қолдау көрсетушілердің қатары көбейе түседі деген сенімде. «2012 жылы облыс бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін жеткіншектерге132 миллион теңгеге жуық қаржыға киім-кешек, оқу құралдары сатып алынған болатын. Байқасаңыз, жылдан-жылға ақша көлемі өсіп келеді. Сол себепті, биыл қайырымдылық акциясының жалпы қаражат қоры 180 миллион теңгеге жететін шығар деген болжам бар. Негізі, мекеме қызметкерлері көрсететін көмектің қаржылай көлемі кәсіпкерлермен салыстырғанда жоғары», – дейді ол. Өңірімізде мектеп жасындағы 185 мыңнан астам бала бар. Биыл тағы 27 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Аз қамтылған отбасылардан шыққандарының саны 23 мыңға жуық. Екі мыңдай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер бар көрінеді (патронаттық және балалар үйіндегілерді қоспағанда). Осы мәліметтерге қарап-ақ, қанша оқушы қолдауға зәру екенін шамалай беруге болады. Жалпы, облыстық білім басқармасы балалар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету әрі көмекке мұқтаж бүлдіршіндердің дерек қорын жасақтау үшін, сабақтан жиі қалатындарды анықтап, бақылауға алу мақсатында аталған акция аясында «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» атты құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен рейдтер өткізбекші. Бұл да өз кезегінде мектепке барар жолды айқындайтын маңызды шаралардың бірі болатыны анық.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».