Экономика

Көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді

Көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді

Алты жыл бұрын «ГНПФ» ЖЗҚ» акционерлік қоғамының негізінде құрылған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындарға зейнетақыға қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай іс-шаралардың бірі – көпшіліктің көкейдегі мәселелерін дер кезінде шешіп, сұрақтарына жауап ала алатын Ашық есік күні. Аталған іс-шара ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қордың облыстық филиалында өткен осы жолғы шараның жаңашылдығы мен артықшылығы сол – бұл күні мекеме мамандарымен қатар, әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік органдардың, қоғамдық және мемлекеттік емес бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Олар келушілерге ақыл-кеңес берді. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының өкілдері базалық және ортақ зейнетақы, ал қордың облыстық филиалы директорының орынбасары Мұхтар Мұсаев зейнетақы төлемдерінің жинақтаушы бөлігі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар шарада әлеуметтік сақтандыру туралы да сұрақтар қойылды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ қызметкерлері жұмыс берушілер үшін мұның міндетті екендігін еске салды. Бала күтімімен декреттік демалыста отырған аналардың көбісі бюджеттен міндетті зейнетақы жарналары бойынша қосымша көмекқаржы бөлінетіндігін білмейтін болып шықты. Осы ретте еске сала кетсек, жұмыс істейтін нәзікжандылардың қордағы жеке зейнетақы шотына баласы бір жасқа толғанша мемлекеттік бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан міндетті зейнетақы жарналары аударылып отырады. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Жиылған қауымды негізінен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек пен жұмыс мәселелерінің де қызықтыратынын аңғардық. Ол сұрақтарға Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Жұлдыз Далиева толыққанды жауап берді. Іс-шара соңында қатысушылардың барлығы бағалау сауалнамасы арқылы өздерінің пікірлері мен ескертпелерін де жазып қалдыра алды. Салымшыларға зейнетақы, әлеуметтік сала бойынша жан-жақты ақпарат беру және тұрғындар арасында сұранысқа ие қызметтерді бір жерде көрсету арқылы алдыңғы Ашық есік күндеріне қарағанда, бұл шара барлық мағлұмат бір жерден берілетін «Бір терезе» жүйесіндей әсер қалдырды. Мамандар мұндай форматтағы Ашық есік күндері алдағы уақытта да өткізіліп тұратынын жеткізді.

 

Альмира ОМАРОВА