Жаз қызығы қыза түсті
Жаз қызығы қыза түсті
Шіліңгір шілде түскелі аптап ыстық апшыны қуыра түсті. Ыстықтан қорғанған жұртта маза жоқ. Ал балалар үшін жазғы демалыстың қызығы қыза түскен кез. Өйткені жазғы демалыс орталықтары жаңа маусымды бастағанына да біршама уақыт болды.Демалыс орындарына барып, жаңа достар тауып, бой сергіту – әр баланың арманы. Жалпы жаз мезгілінде жас жеткіншектердің күнге қыздырынып, таза ауада мейлінше көп серуендеуіне көңіл бөлген жөн. Сала басшыларының оқушылардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырып, барынша көңіл бөлетіні де сондықтан. Облыстық білім басқармасының мамандары берген мәліметтерге сүйенсек, биыл 1-10-сынып оқитын 213498 баланы жазғы демалыс маусымында толық сауықтырумен қамту жоспарланған екен. «Өңірімізде 431 мектеп жанындағы лагерьлер 1 маусымда-ақ өз жұмысын бастаған. Сол арқылы қазіргі кезде 93541 жеткіншектің бос уақыттарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік туып, өнер мен білім үйірмелеріне тартып отырмыз. Оның ішінде 382 мектеп 8401 балаға тегін тамақ ішуді ұйымдастырып отыр», – дейді аталған басқарманың бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева. Жалпы әлеуметтік қолдауды қажет ететін көп балалы, аз қамсыздандырылған отбасылар қоғам назарынан тыс қалған емес. Осындай отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 343 миллион теңге қарастырылған екен. Оның 270 миллион теңгесі 8046 баланың қала сыртындағы сауықтыру орталықтарындағы демалысын үйлестіруге, 73 миллион теңгесі 21378 баланы мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтандыратын сауықтыру шараларына тарту үшін қарастырылған. Бүгінгідей технологияның дамыған заманында барлық сала автоматтандырылған жүйеге көшірілгені белгілі. Соның бірі – білім саласы. Биыл мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерге балаларды қабылдау да осы жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, жаңа жүйе арқылы 108992 өтініш қабылданған екен. Сонымен қатар қала сыртындағы 10 сауықтыру лагерінде 8046 оқушының сауықтыру шараларын ұйымдастыру жоспарланған. Бүгінде алғашқы маусымдық кезеңге бөлінгені – 2616. Тарқатып айтсақ, Меркі ауданындағы «Жұлдыз» – 200, Қордай ауданындағы «Балауса» – 281, Талас ауданындағы «Жұрындысай» – 200, жекеменшік «Бәйтерек» – Сарысу ауданының 550 оқушысын, «Тау самалы» – Жамбыл ауданының 50 баласын, «Берікқара-Дзержинец» – Жамбыл ауданының 300, Т.Рысқұлов ауданының Ә.Молдағұлова атындағы лагері – 71, «Болашақ» – 300, «Рауан» 300 жеткіншекке қызықты демалыс күндерін ұсынуға дайын. Тағы бір айта кететіні, жамбылдықтар Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен отбасы балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру туралы бастамаға үн қосып отыр. Атап айтсақ, Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының аумағында орналасқан «Болашақ» сауықтыру лагері мен Жуалы ауданындағы «Тау самалы» және «Бәйтерек» сауықтыру кешендеріне бастапқыда 200-ден аса баланы қабылдау туралы шешім қабылданған. Олардың алғашқы легі облысымызға келіп үлгерді. Өткен аптада мамандар 117 баланы қабылдап, сауықтыру кешендеріне орналастырып қайтқан болатын. Енді алдағы күндері тағы 100-ден аса жасөспірімді демалыспен қамту жоспарланып отыр. Облыстық білім басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, жалпы 300-ден аса арыстық бала жазғы демалыспен қамтылады екен. «Бұл жағдай жамбылдық жасөспірімдердің демалысына еш кедергі келтірмейді. Барлық бала жоспарға сай жоғарыда көрсетілген сауықтыру орындарында уақтылы демалады», – дейді Гүлзира Лесбайқызы. Балалардың демалысы кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі. Жеткіншектерді сауықтыру шараларымен қамтимыз деп бар жауапкершілікті мойнымызға алған соң, оған бейжай қарамаған дұрыс. Мұны сала мамандары да естен шығармаған екен. Барлық сауықтыру лагерьлерінде қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Дегенмен бүгінде олқылықтардың орнын толтырып, барлық лагерьлер талапқа сай жұмыс жүргізуде.
Камила БОРАШОВА