Ардагерлер – алтын қорымыз
Ардагерлер – алтын қорымыз
Облыстық «Aq jol» газетін жиырма жылдан аса басқарған, белгілі журналист, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабаев тоқсан жастан асса да әлі тың. Құдай қуат берген ардагер – облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып отырған абыз қариялардың бірі. Ел өміріндегі, өңірдегі жетістіктерге, тәуелсіздігіміздің баянды болуына өзінің сүйікті басылымы арқылы үнемі үн қосып отырады. Алтын ұясындай болып кеткен «Aq jol»-ға да ауық-ауық бас сұғып, редакцияның шығармашылық ұжымындағы інілері мен балаларына ақыл-кеңесін де айтып тұрады. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған бір топ журналистер ардагер әріптес-қаламгердің шаңырағында болып, баспасөз күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Байырғы редактор облыстың бас басылымы мен онда жарық көрген маңызды мақалалар туралы салиқалы әңгіме қозғап, «осы бағыттарыңнан таймаңдар» деп аталық ақ батасын беріп, мерекелік ізгі тілегін арнады. Бас редактор шығарма-шылық ұжымның алдағы жұмысы жайлы ойымен бөлісті.
«Aq jol-Aqparat».