Мемлекет тік рәміздер мәртебесі
Мемлекет тік рәміздер мәртебесі
Күніге кіріп-шығып жүрген ғимаратыңызда, яғни жұмыс орныңызда орналастырылған Мемлекеттік рәміздеріміздің кейпі қандай? Көз жүгіртіп көріңізші. Мемлекеттік Туымыздың түсі жауын-шашыннан кірлеп, желден жыртылмаған ба? Жалпы, өз орнында тұр ма? Өйткені облысымыздағы кейбір мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Туымыздың түсі өзгеріп, жыртылғанымен қоймай, кейбірінде орналастырылмаған да болып шықты! Мұндай кемшіліктер облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану және қолданылуына мониторинг жүргізу барысында анықталған. Комиссия мүшелері облыс орталығы мен аудандық мекемелерде барлығы 205 мекемеге зерделеу жүргізген. Нәтижесінде Меркі аудандық статистика басқармасының, №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Жаңатоған ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратындағы Мемлекеттік Тулар жыртылып, кірленгені анықталса, №17 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Ту атауымен жоқ. Ал Қостоған ауылдық Мәдениет үйінің атауы жазылған маңдайшада Мемлекеттік Елтаңба жоқ. Бір Меркі ауданында ғана емес, кірлеген, жыртылған, орнатылмаған, жарықтандырылмаған рәміздер Қордай, Шу, Сарысу, Талас, Жуалы, Т. Рысқұлов, Мойынқұм аудандарының мемлекеттік мекемелерінде де кездеседі. Комиссия отырысында осы жөнінде баяндаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов мемлекеттік Туды жыртық және лас күйінде қолданған мемлекеттік ұйымдардың басшыларына немесе лауазымды тұлғаларға аудан әкімдігі тарапынан сөгіс беруді, рәміздері жоқ мекемелер 15 жұмыс күн ішінде жол берген кемшіліктерді жоймаған жағдайда жергілікті полицияға айыппұл төлету бойынша ұсыныс беруді сұрады. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 458-бабына сәйкес, ол үшін салынатын айыппұл мөлшері 50-100 АЕК төңірегінде. Жиын барысында онлайн режімдегі бейнебайланысқа шыққан аудан әкімдері орынбасарларының кейбірі комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековаға кемшіліктер сол күннің ертеңіне-ақ жойылғанын хабарласа, кейбірі рәміздерге шілде айында ғана қаржы қаралғанын айтты. Ал облыс орталығы бойынша есеп берген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қалада 2018-2019 жылдары 216 мемлекеттік мекеме мен ұйымдарға мониторинг жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде 61 – Мемлекеттік Ту, 27 – Елтаңба, 35 – Мемлекеттік Тудағы ұштық, 17 – Мемлекеттік рәміздердің бейнесі белгіленген стенд, оқу орындарында 21 оқшауланған орын қалпына келтіріліп, 17 – Мемлекеттік Туды және Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссия құрылған. Сондай-ақ бүгінде негізгі жұмыс Мемлекеттік Елтаңбада бейнеленген «Қазақстан» жазуын «Qazaqstan» деп латын графикасына ауыстыруға бағытталуда. Тараздағы 329 мемлекеттік мекемедегі Елтаңбаны ауыстыру үшін 86 миллион теңгеден астам қаражат қажет екен. Комиссия отырысын қорытындылаған Сұлушаш Сәтбекқызы: – Елдігіміздің, тәуелсіз-дігіміздің айшықты белгісі – Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау әрбіріміздің басты парызымыздың бірі. Оны дер кезінде жаңаламаған, орнатпаған кез келген тұлғаға айыппұл салып, шара қолдануымыз керек. Мемлекеттік Туды жаңалау соншалықты үлкен қаржыны қажет етпейді. Сондықтан «оған қаржы қаралмады» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Комиссия отырысына тыңғылықты, жан-жақты дайындалып келіңіздер. Кемшіліктер анықталған мемлекеттік мекеме, ұйымдар облыстық ішкі саясатқа оның жойылған-жойылмағаны туралы 1 шілдеге дейін есебін беріңіздер. Бұл мәселе ұдайы біздің назарымызда болады, – деді.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА