Үкімет тік емес ұйымдарға да жаңашылдық қажет
Үкімет тік емес ұйымдарға да жаңашылдық қажет
«Үкіметтік емес ұйым өкілдері өз міндеттерін атқарып жүр ме? Көздеген мақсатқа қол жеткізе алды ма? Нәтиже қандай? Ал діттеген мақсаттардың орындалмауына не кедергі?». Баяндалған есептер осы сауалдарға жауап берсін». Бұл талаптарды облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қойды. Облыстық әкімдікте мекеме басшыларының қатысуымен өткен жиында бірнеше тақырып қозғалды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық дін істері және денсаулық сақтау басқармаларының үкіметтік емес ұйымдармен жүргізген жұмыстары қаралды. Қатысушылардың айтуынша, кейбір жұмыстардың атқарылмауы саны бар, сапасы жоқ ұйымдардың жауапсыздығынан орын алады. «Бұлақ басынан лайланатыны» тәрізді, бар қателік құжаттары толық болмаса да, аталмыш ұйымдардың конкурсқа қатыстырыла беруінде», – дейді облыстық коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Зәуірбекова. Облыстық дін істері басқармасы тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттарының әлеуеті пайдаланылуда. Сондықтан қалыптасқан діни ахуалды тұрақтандыруда олардың рөлі айрықша. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Сәуле Байбатшаева айтып берді. – Мойынқұм ауданынан басқа барлық аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде дін саласына қатысты жобаларға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырған. Неге екені белгісіз, Мойынқұм ауданының әкімдігі бұл бағытқа қаржы бөлуді былтырдан бері тоқтатқан. Осылайша қайсыбір әкімдіктер өзекті мәселелерді шешуде азаматтық қоғам институттарын дұрыс пайдалана алмай отырған сыңайлы. Басқарма тарапынан өткен жылдан бері Тараз қаласы мен аудандар әкімдіктеріне мемлекеттік әлеуметтік жобаларға қаржы қарастыруда дін саласындағы маңызды мәселені шешуге бет бұру туралы ескертулер берілсе де Жуалы, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарынан басқа өңірлер негізгі жұмыстарын еш нәтиже бермейтін кездесу немесе семинар өткізу сияқты іс-шараларға бағыттауда, – деген баяндамашы жыл сайын әкімдіктермен дін саласындағы мемлекеттік әлеуметтік жобаларға қаржы бөлу мәселесі де кенжелеп тұрғанын, сәйкесінше қаржы көлемінің азайып бара жатқанын жеткізді. Мысалы, биыл Сарысу – бар-жоғы – 225 мың, Талас – 400 мың, Қордай – 480 мың, Байзақ және Жамбыл аудандары 500 мың теңгеден қаражат қарастырып отыр. Ал Шу ауданы бұл жұмыстарға 1,2 миллион, Тараз қаласы мен Меркі, Жуалы аудандары 1 миллион теңгеден қарастырған. Аталған мәліметтерге орай, кеңес мүшелері: облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов пен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева – үкіметтік емес ұйымдар дөңгелек үстел, семинар, флеш-моб сықылды жаттандылықтан жаңашылдыққа бет бұрғаны жөн десті. Тақырыпқа орай жиылған қауым тарапынан ұсыныстар айтылып, ұйғарымдар қабылданды. Басқосу соңында «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі тарихшы Бекқұлы Әліұлына халықаралық «Лучшие люди» энциклопедиясының І дәрежелі дипломы және құрмет белгісі табыс етілді.
Альмира ОМАРОВА