Экономика

Мал «электрлі шарбақта» жайылады

Мал «электрлі шарбақта» жайылады

Меркі ауданының Сарымолдаев ауылдық округіне қарасты «Қарағау» учаскесінде «Сарықобы» шаруа қожалығының жетекшісі Қазбек Абировтің ұйымдастыруымен «Модельдік шаруашылық құру жолымен етті ірі қара өсіру тиімділігін арттыру» тақырыбында облыстық семинар өтті. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жобасы бойынша қолға алынған шараға осы институттың ғылыми қызметкерлері, облыстағы шаруа қожалықтарының жетекшілері және сала мамандары қатысты. Онда аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров семинар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. Басқосуда қатысушыларға «Сарықобы» шаруа қожалығында ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірге атқарылып жатқан жұмыстар, шаруаларға етті ірі қара малын өсіруде жоғары технология қалай пайдаланыла бастағанын көру мүмкіндігі туды. – Модельдік шаруашылықтар құру бойынша жасалған жоба 2018-2019 жылдарға арналған. Кезінде ауыл шаруашылығының ғылыммен байланысы кеміп қалған жылдар болды. Бүгінде оның орнын толтыру мақсатында үлкен іс-шаралар жүзеге асырылуда. «Сарықобы» шаруа қожалығымен бірлескен жұмысымыз осының бір дәлелі. Жалпы, республикада барлығы 54 модельді шаруашылық құру көзделуде, – деді институттың етті ірі қара бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Берік Арынғазиев. Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, АШҒА академигі Марат Кенеев республика бойынша төмендегідей деректерді келтірді. – Қазір елімізде 6 миллион 700 мыңдай ірі қара бар екен. Оның 2 миллионы – етті мал. Бұл малдың 51 пайызы фермерлік шаруашылықтарда. Жалпы, етке өткізілетін әр ірі қараның орташа салмағы 1990 жылдары 343 келі шамасында болса, қазір ол төмендеп 333 келіге түсті, – деді ол. Сондай-ақ ғалым малға құнарлы, минералды, белокты азықтар беріп, жедел өсіру, қосымша салмақты неғұрлым аз шығынмен көптеп қостыру туралы керекті кеңес, ұсыныстарын айтты. Малдың салмақ қосуына қажетті сүрлем, пішендеме бүгінде барлық шаруашылықтарда бола бермейтін көрінеді. Енді оларды қалай, немен ауыстыруға болады деген заңды сұрақ туады. Семинарға қатысушылардың осындай және басқа да сауалдарына академик нанымды, түсінікті жауап берді. Мәселен, 3 келі сапалы дайындалған пішенге қосымша кебек, жарылған арпа берілсе, 1 келі сүрлемді ауыстырады екен. Ал етті бағыттағы ірі қараның 1 жасқа дейінгі бұқашықтары 1 келі салмақ қосуы үшін 5-7 азықтық бірлік, ал 2,5 жастан асқан малға 8-10 және одан да көп азық бірлігі жұмсалады екен. Институттың мал жайылымымен айналысатын ғылыми қызметкері Қанат Шамбаев – «Сарықобы» шаруа қожалығы жұмысын ғылыми негізде ұйымдастыруға өзі тікелей қатысып жүрген ғалым. – Биыл мұнда ерте көктемде келіп 13 гектар екпе шөпті жайылым жасадық. 30 гектардай табиғи жайылымды қоршадық. Келесі жылы екпе шөбі бар жайылым қоршалатын болады. Әр ұсақ малға – 3, ал ірі қараға 7 гектар жайылым керек. Жайылымды пайдаланарда еркек шөп пен жоңышқаны қоса егіп қойса да болады, – деді ол. Семинарға Тараздан ветеринария зерттеу институтынан келіп қатысқан маман Анарбек Тілепов те мал өсірушілер білуге тиісті кеңес-ойларын ортаға салды. Мәселен, малдың қауіпті аурулары туралы. Маманның айтуынша, «аусыл» ауруы көктемнің басында ағза әлсіреген кезде қозады екен. – Қарасан ауруымен негізінен семіз мал ауырады. Екпені күзде, көктемде салған жөн. Қазір мал ауруларына өте жақсы вакциналар шығарылуда. Олармен сібір жарасына да уақтылы ем жасауға болады. Көңіл бөлерлік жай, екпелер термошабаданмен тасымалданғаны жөн, – деді шаруаларға ғылыми тұрғыдан түсінік берген Анарбек Тілепов. Сонымен қатар Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Евгений Блюм мал шаруашылығын механизациялау, озық технологиялар туралы айтып, олардың бірқатары енгізіле бастаған «Сарықобы» шаруа қожалығында жүргізіліп жатқан іспен тәжірибе жүзінде таныстырды. Яғни қоршаудан өткелекке кіргізілген сиырдың салмағын, құлағындағы сырғасы арқылы оның тегін, басқа да мәліметтерін арнайы аппарат автоматты түрде көрсетіп берді. Бұдан кейін институт жасап берген электр қоршау таныстырылды. Жайылымдағы мал сырттай қарағанда ұзына жіп болып көрінетін екі қатар өткізгіш материалмен қоршалған. Аккумулятордан алынатын әлсіз тоқ жүргізілген. Қолмен ұстай қалсаңыз қалай тартып алғаныңызды білмей қаласыз. Сиырлар да бір-екі рет осылай ток ұрған соң, қоршауға тіпті жолай қоймайды. Малшының қайтарып тұруы енді керегі жоқ. Осында автосуат та бар. Электр қоршаулар әлемдік тәжірибемен жасалған. Мал бірінен кейін екіншісіне ауыстырылып отырылады. Фермада энергия көзі ретінде аккумуляторды, күн энергиясы батереясын пайдалануға болады. Осындай қоршауларды шаруаңызға қажет деп тапсаңыз институт өкілдері орнатып, жасап береді. Бұл – бақташысыз және шопансыз жайылған малды автоматты түрде бақылау деген сөз. Аймақта тұңғыш модельді шаруашылық болып құрылып отырған «Сарықобы» шаруа қожалығында тың ой түйіп, үлгі аларлық озық тәжірибеге қаныққан шаруалар мұндай тәжірибені өз қожалықтарында да қолға алуға қызығушылық танытты. Бұрындары «дрон» арқылы мал баққан шаруаларды көріп едік, енді міне электр қоршаудың ішінде жайылатын арнайы жабдықты да көрдік. Агрокешеннің дамуы үшін ғылыми институттардың жасап отырған жаңалықтары шаруалардың көкейлеріне қонды.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Е.Жасыбаев.