- Advertisement -

Ауылдың айтқыштары

74

- Advertisement -

«Құбылаға қарайтын
бетім жоқ»

Тықаб зейнеткерлікке шығып, имандылыққа бет бұрған кезі көрінеді. Бірақ намазды құбылаға қарап емес, қиғаштау отырып оқиды екен. Соны байқап қалған бір інісі:
– Көке-ау, намазды құбылаға қиғаш қарап оқитыныңыздың сыры неде? – деп сұрамай ма?
– Кешегі жастық уақытта нені бүлдірмедік? Құбылаға тіке қарайтын бет бар ма, бауырым? – деген екен Тықаб әзілге бұрып.

Қарыз болсаң,
қашып жүресің

Мен Асадағы тіс дәрігері Әскербек Дүйсебаев деген інімізге қарыз болып, көпке дейін ақшасын қайтара алмай жүрдім. Содан Құдайым бір жарылқаған күні Әскербекті іздеп таптым.
– Аға, қалыңыз қалай? Көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой, – деп жатыр дәрігер інім аңқылдап.
– Қолға ақша түспегенде бұл ағаңды тағы біраз уақыт көрмейтін едің. Қарыз алған адам қашып жүреді екен, – деп Әскербек екеуміз біраз күліп алдық.

Ол жерде сен де
бар ма едің?

Ақсақал ақын, ардагер журналист жұмыс бөлмеме келіп, әңгімені қыздырып отырғанбыз.
– Жас кезде бәрі болды. Қазір «ащы сумен» араздасқанбыз. Оған да бір 20 жылдың жүзі болып қалды, – дегені Мүкеңнің міз бақпай.
– Көке-ау, өткен жылы ғана емес пе, Нарша ақын үшеуміз жолығып қалып, кездескенімізді атап өткеніміз, – дедім мен шыдамай кетіп.
– А-а, не дейді? Ол жерде сен де бар ма едің? – деп ақкөңіл Мүкеңнің абдырап қалғаны.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support