Білім

Штат тан тыс тілшінің бассейні «бәрекелді» дегізді

Штат тан тыс тілшінің бассейні «бәрекелді» дегізді

Облыстық «Aq jol» газетінің байырғы оқырманы, штаттан тыс тілшісі Әшен Қарғабақұлы ұлы Ержан Қырғабақовпен бірге Жамбыл ауылынан «Нұрдәулет» атты демалыс аймағын ашып отыр.

Жалпы аумағы 15х10 метр болатын, әсіресе балаларға ыңғайлы шомылу бассейні, 3 душ кабинасы, сондай-ақ 150 адамды бір мезетте күтіп алу үшін арнайы жасақталған жаздық орындар да өз ретімен, үйлесімді сәйкестік тауыпты. Келушілерге қызмет көрсететін асхана ұлттық және еуропалық ас мәзірін ұсынса, арнайы орында түрлі сусындардың дәмін татуға болады. Міне, осы 15 сотық жерден 15 миллион теңгеге ашылған жаңа нысанның тұсаукесер рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ербол Байболсынов, көптеген ауыл тұрғындары қатысты. Сөз алған М.Қасым өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту, оның жұмыссыздықты жоюға ықпал ететіндігін тілге тиек етті. Сөйтіп қос кәсіпкердің аудан, округ тұрғындары үшін өте қолайлы демалыс орнын ашып, 4 адамды жұмыспен қамтып отырған тірлігіне табыс пен сәттілік тіледі. Бағасына келсек, бассейнде шомылу үшін балаларға 400 теңге болса, ересектер үшін ол 800 теңгені құрайды екен, ал уақытына шектеу жоқ. Ішкі тәртіп бойынша, әсіресе балалардың шомылуы кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, ол үшін арнайы бақылаушының болуы да ата-аналарға үлкен көмек. Бұл бассейннің осындай тәртіппен жұмыс атқаруы бүлдіршіндердің жаз маусымында арнайы жасақталмаған су айдындарына шомылуын азайтары сөзсіз. Тағы бір айтып өтерлік мәселе, «Нұрдәулет» атты демалыс аймағының басшылығы округ әкімімен бірігіп, арада жасалған мәміле бойынша, осындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларының шомылуына айына 1 рет тегін қызмет жасауды құп көріп отыр. Штаттан тыс тілші алдағы уақытта кәсіпкер ұлымен бірге қоғамдық монша салып, сонымен қатар ауыл жастарының спортпен шұғылдануына футбол алаңын жасақтауға да ниетті. Отбасылық істі жүргізуге Ержанның жұбайы Динара Сәлібекованың да үлесі зор.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, журналист.

Меркі ауданы.