Экономика

Сапалы тұқым – мол өнім кепілі

Сапалы тұқым – мол өнім кепілі

Біздің өңірдің табиғаты егіншілікке қолайлы. Күтімі келіссе, егін бітік шығады. Дегенмен әлі күнге дейін неге мол өнім алуға қол жеткізе алмай жүрміз? Міне, осы мәселені жамбылдық ауыл шаруашылығы мамандары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалы ұйымдастырған «Егістік дақылдарын өсірудің инновациялық технологиялары» атты семинар-кеңесте талқылады. Дәстүрлі «Егінжай күні» шарасына облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, егіншілік және тұқым шаруашылығына қатысты мекемелердің мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, бірқатар серіктестіктер мен шаруа қожалық басшылары қатысты. Әуелі шараға жиналғандар аталған филиалдың жаңа технологиясы бойынша дән сепкен егіс алқаптарын аралап көрді. Мұнда жүгері – 195, соя – 103, қант қызылшасы – 10, бидай – 135, арпа – 60 және 185 гектарға жоңышқа өсіріліп отыр. Мұнда Белоруссия, Франция, Молдавиядан әкелінген сапалы жүгері тұқымы себілсе, «Стекловидная – 24» бидай сұрпының да шығымдылығы жоғары. Сояның да «Ласточка» деген сұрпы әр гектардан кемінде 40-45 центнерден өнім береді екен. Ғалымдар мен мамандар басқа да тиімділіктерге назар аударып, фермерлерге мол өнім алу жолдарын түсіндірді. «Осындай тәжірибе алмасудың шаруаларға да берері көп. Біздің де біраз нәрсені ғылыми тұрғыдан терең түсінуге мүмкіндігіміз бар», – дейді Жамбыл аудандық мемлекеттік сорттау-сынақ орталығының бас агрономы Берікбай Құттыбеков. Ал Меркі ауданындағы «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Ержан Әкімбеков осындай жиындардың нәтижесі мол болатынын айтады. «Ғалымдардың бүгінгі ғылыми тұжырымдарынан, ойларынан көп әсер алдық. Енді оны шаруашылықта жүзеге асыратын боламыз», – дейді ол. Алқап басына тігілген жабық шатырда «Егістік дақылдарын өсірудің инновациялық технологиялары» атты семинар-кеңесті облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев ашып, жұмысқа сәттілік тіледі. – Ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологиялар қажет. Алдымызда өңірдегі жер көлемін толық пайдалану, егістік жер көлемін ұлғайту міндеті тұр. Сапалы жаңа тұқымды пайдалану арқылы ғана мол өнім ала аламыз. Біз оның арнайы картасын жасап отырмыз. Жаңа техника алу да аса маңызды. Біз бұл орайда техниканы кепілсіз беруге жағдай жасаудамыз. Облыста 180 мың гектардан астам суармалы егіс бар. Олардың жартысы әлі күнге ағын суға тәуелді болып отыр. Арнайы жабдықталған топпен каналдарды тазалау жұмысын қолға алдық. Нәтижесінде бұрын су бармайтын 10 мың гектар алқап есепке алынып отыр. Бүгінгі таңда әр ауданмен, әр округпен жеке-жеке жұмыстар жүргізілуде. Облыс басшысы әр аулаға дейін барып, тұрғындардың есігінің алдындағы 6-7 сотық жерді де тиімді пайдалануын өтініп отыр. Басқарма жұмыс істеуге ниетті адамдарды қолдауға әзір, – деді ол. Мұнан соң Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Агеенко тұқымның сапасы жөнінде баяндама жасаса, Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахым Оразалиев өз ойын ортаға салды. Мұнан соң «Оңтүстік Агропаркінің» бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Абай Сағитов егін шаруашылығының ғылыммен байланысы тұстарына тоқталды. «Оңтүстік Агропарктің» 3 мың гектардан астам егістік жері бар. Бір мың гектар алқапқа өсірілген егін бойынша көрме жасадық. Оған оңтүстік облыстардан мамандар мен фермерлер қатысып, үлкен әсер алды. Жүгерінің 1 гектарынан 10 тонна өнім алған фермер 10 миллион теңге табыс табады. Бізде бұл көрсеткішті гектарына 18 тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Оған құнарлы жер, сапалы тұқым керек. Біздің еліміз осындай жетістікке жеткенде, тез дамиды. Сонда өз өніміміздің артығын Ресей мен Қытайға сатамыз. Елімізде экологиялық жағынан таза өнім өсіріледі», – деді ғалым. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, Жамбыл ауданындағы «Ақкөл» шаруа қожалығының төрағасы Алтынбек Керімқұлов және «Қызыл дихан» шаруа қожалығының төрағасы Нұриддин Бегманов өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ғалымдардың талқысына салды. Жиынды облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Есет Досалы