Қоғам

Адал мен залалды ажырата біл

Адал мен залалды ажырата біл

Діни экстремизм – қоғам үшін қашанда қатерлі. Оны болдырмау және салдарымен күресу өте маңызды. Бұл мәселе – жалғыз дін өкілдерінің ғана жұмысы емес, көпшілік болып ойланып, көңіл аударатын жағдай. Жастарымызды отаншылдыққа баулып, қоғамға пайдалы істерге жұмылдыра білсек, адалдыққа, шыншылдыққа үйретсек, ондай келеңсіздіктің алдын алатынымыз анық.

Ұзақ мерзімге сақталатын өнімнен аулақ болған жөн

Облысымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Есмахан келіп, «Һибатулла Тарази» медресесінің мәжіліс залында БАҚ өкілдерімен және өңіріміздегі мешіттердің бас имамдарымен, діни қызметкерлермен «Халал – тіршілік көзі» атты семинар өткізді. Жиынды діни басқарманың облыстағы өкілі Қанат Жұмағұл ашып, жүргізді. Алғаш сөз сөйлеген найб-мүфти Б.Есмахан қасиетті Құран кәрімнен «Адал ас ішіңдер» деген аятты келтіріп, тағамның таза болуы адамның амалдарының дұрыс болуына әсер ететінін, ондай шаңырақта береке-татулық орнап, айрандай ұйып отыратынын әңгімеледі. Шариғат рұқсат етпеген ас-су ішкен кісі 40 күн бойы таза болмайтынын қатаң ескертіп өтті. Мұнан соң сөйлеген ҚМДБ «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сертификаттау және стандарттау орталығының директоры Әнуар Елжанов адал тағамды қалай таңдау керектігін түсіндіріп, сақталу мерзімі бірнеше айға созылатын өнімнен аулақ болған жөн екенін айтты. Ондай өнімдердің қалпы бұзылмас үшін шошқа мен иттің майы араласатынын, сүттің пайызы жоғары өнімдерге де рұқсат етілмеген қоспалар қосылуы мүмкін екенін айтты. Орталық жетекшісінің сөзіне қарағанда, адамға зиянды қоспалар шет мемлекеттерден келетін сабындардың да құрамында болады екен. Сондықтан отандық өнімдерді ғана қолданған абзал. Ал адамға харам ас арқылы жұққан залалдан гөрі, сабын арқылы жұққан кеселдің зардабы жоғары болады. Семинарда осындай өзекті мәселелер көтеріліп, сақтану жолдары айтылды. Келесі сәтте найб-мүфти Бауыржан Есмахан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде және Тараз қаласындағы «Арай», «Барысхан» тұрғын алқаптарында салынып жатқан мешіттердің құрылысымен танысты.

Халал тауар өндірушілермен кездесті

Осы күні ҚМДБ «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сертификаттау және стандарттау орталығының директоры Әнуар Елжанов жамбылдық халал өнім өндіруші кәсіпкерлермен кездесіп, олармен ашық әңгіме жүргізді. Оған өңіріміздегі «Риха», «Хамиралиев», «Ақ ниет», «Тахир», «Ярашбаев», «Әулиеата финикс», «Чаушаев» кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Әнуар Ізімбайұлы еліміздегі адал өндіріс орындарынан шариғат талаптарына қайшы өнімдер табылғанын мысалға келтіріп, халал өнім өндіруші деген құрметке лайық болу үлкен абырой екенін айтты. «Сөзіміз де, амалымыз да, өніміміз де таза халал болсын, бауырлар» деп өтінішін білдіріп, сонда кәсіптің берекесі арта түсетініне кеңінен тоқталды. Бұл жөнінде аят пен хадистерден мысалдар келтірді. Өз кезегінде «Ақ ниет» кәсіпорнының басшысы Қазыбек Жетібаев осындай ашық сұхбаттардың пайдасы мол екенін айта келіп, Пайғамбардың сахабасы Омардың «Кім менің кемшілігімді айтса, ол – менің жақын досым» деген сөзін еске салды. «Әулиеата финикс» кәсіпорнының басшысы Фарида Жүнісова, кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанов өз ойларын ортаға салды. Аталған орталықтың облыстағы филиалының жетекшісі Нұрматжан Миразизов та кәсіп-керлерді осы ескертпені есте сақтауға шақырып, келгендері үшін алғыс білдірді.

Жәрмеңкеде табиғи өнімдер сатылды

Жиындардан соң «Һибатулла Тарази» медресесінің жанында халал өнімдер жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке басталар сәтте ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Қанат Жұмағұл сөз сөйлеп, халыққа адал өнім ұсынушы кәсіпорындардың ісіне береке тілеп, Пайғамбарымыздың сауда жөніндегі хадистерінен мысал келтірді. Сауапты шараға өңіріміздегі «Дас», «Престиж», «Ақ ниет», «Адал», «НС» шұжық өндіруші кәсіпорындарының және «Әулиеата финикс» құс өндіру кәсіпорнының халал өнімдері қойылды. Олардың тауарлары таза әрі табиғи. Базар нарығынан 25-30 пайыз арзан. Осы жәрмеңкеге қала тұрғындары келіп, сауданы қыздырып жатты. «Біздің өнімдеріміз таза, сенімді. Сондықтан тапсырыс берушілер үзілмейді. Бағасы да екі тарапқа тиімді. Ең бастысы, тұрғындарға халал өнім ұсыну», – дейді «НС» кәсіпорнының өкілі Закир Назармұхамедов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.