Саясат

Жұмыла еңбек етуге уағдаласты

Жұмыла еңбек етуге уағдаласты

Тәуелсіз ел тарихындағы ең елеулі оқиға – Президенттік сайлау да өтіп, Қазақстан халқы жаңа көшбасшысын таңдады. Сайлауға дейін де, одан кейін де халық арасында біршама оқиғалар орын алып, арандатушылық пиғылдағы әрекеттердің де болғаны жасырын емес.Үгіт-насихат жұмыстары басталғанда әлеуметтік желілерде студенттерді шараларға қатысуға мәжбүрлеу, дайын бюллетеньдерді жәшікке көптеп салу, «өшірілетін сия» сынды заң бұзушылықтарды көрсеткен бейнероликтер көбейіп кетті. Мұны көрген қоғам белсенділері, әсіресе жастар наразылық танытып, түрлі әрекеттерге барды. Орталық сайлау комиссиясы мен Ішкі істер министрлігі бұл бейнероликтер мен акциялар шетелден арандатушылық мақсатта ұйымдастырылғанын хабарлады. Дей тұрғанмен бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда бұл сайлаудың тартысты өткендігін, қоғамның оянғанын зиялы қауым да, БАҚ өкілдері де жарыса жазуда. Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» облыстық коалициясы мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің біріккен отырысында осы мәселелер талқыға түсті. Кезектен тыс Президенттік сайлау қорытындыларын қолдау мақсатында ұйымдастырылып, коалиция мүшелері, саяси партиялардың жетекшілері, қоғам белсенділері қатысқан шараны партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов жүргізіп отырды. Отырыста «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов пен оның орынбасары Сейсегүл Әбдісаттарова негізінен сайлаудағы кейбір заңбұзушылықтардың есепке алынбай қалғандығына, БАҚ өкілдерінің соққыға жығылғанына, зайырлы мемлекетте наразылықтың алдын алудың белсенділердің қолына кісен салудан басқа да әдістері болуы тиіс екендігіне тоқталды. Алайда өз дауыстарын басқа кандидатқа бергенімен, еліміздің жаңа Президентіне қолдау білдіріп, халықтың бірлігін арттыру, болашағын жарқын ету бағытында тер төге беретіндіктерін жеткізді. Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген кәсіподақ атынан оның тарихында алғаш рет кандидат ұсынылғанын, үгіт-насихат жұмыстары заңға сәйкес жүргізілгендігін, сондағы байқағаны, халыққа алдымен әлеуметтік әділеттілік керек екендігін тілге тиек етті. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың саяси ұстанымдарын толық қолдайтынын, ұлықтау рәсіміне де барып қайтқандығын айтты. Жиын барысында сөз алған драматург, театртанушы Әлібек Әмзеұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, ақын Үміт Битенова, Шырын Мамасерікованың да сөзі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, жұмыла еңбек етуге сайды. Отырысты қорытындылай келе, Ерқанат Нұрбапаұлы қазіргі жастардың дені әлеуметтік желілерде отыратынын айтты. Заман көшіне сай жас-кәрімізге қарамай әлеуметтік желілерге тіркелуге шақырып, жастарға тәрбиелік жұмыстарды сол арқылы жүргізген әлдеқайда тиімдірек екендігіне тоқталды.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА