Қоғам

Қылмыстардың ашылу деңгейі жоғары

Қылмыстардың ашылу деңгейі жоғары

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1992 жылғы 23 маусымда «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін айқындайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы 5 маусымдағы Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді.

Қазақстан полициясы күні еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз бастарын қатерге тіккендерге құрмет көрсету күні болып саналады. Өйткені полицейлердің жұмысы – үнемі жоғары кәсібилік пен асқан қырағылықты талап ететін қауіп-қатерге толы қызмет. Дейтұрғанмен тәулік бойы, табиғаттың кез келген қолайсыздықтарына қарамастан, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау біздің басты мақсатымыз болып қала береді. Осы орайда тәртіп сақшыларының негізгі міндеті қылмысты болдырмау екені баршаға мәлім. Аталған бағыт бойынша жыл басынан бергі 5 айда құқық бұзушылық 7,5 пайызға төмендеді. Ашылуы былтырмен салыстырғанда 8,8 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 10,7 пайызға өскен. Бұзушылықтардың жекелеген түрлерін ашу көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда едәуір жоғарылаған. Мысалы, кісі өлтіру дерегінің тіркелуі 28,6 пайызға төмендеп, 6 дерекке азайған. Өткен жылы ол 21 болса, биыл 15 деректі құрады. Осылайша қылмыстың ашылуы 100 пайызды құрап отыр. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі 44,4 пайызға төмендеген. Ауыл-аймақтағы ағайынның бірден-бір тіршілік көзі – мал. Сондықтан әр болған мал ұрлығын өз бақылауыма алдым. Сәйкесінше нақты жүргізіліп жатқан іс-шаралар күнделікті баяндалып отырады. Нәтижесінде мал ұрлығының саны былтырғымен салыстырғанда 33 дерекке немесе 23,4 пайызға төмендеді. Мал ұрлығымен кәсіби түрде айналысатын 17 қылмыстық топ ұсталып, 41 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Жалпы, 2018 жылы 519 бас мал ұрланып, оның 197-сі қайтарылса, биыл 483 мал қолды болып, оның 288 басы иелеріне қайтарылды. Ендігі мәселе – пәтер ұрлығы. Бұл бойынша 2018 жылы 623 оқиға, ал осы жылы 407 жайт тіркелді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда – 105, көшеде жасалған қылмыстар 99 дерекке төмендеді. Жоғарыда айтылған мәселелерді мен әрдайым қатаң бақылауда ұстаймын, себебі мүлікті ұрлау азаматтарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайына тікелей әсер етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында Сервистік жұмыс моделіне көшуді баса айтқан болатын. Жаңа жоба жемқорлықтың алдын алып қана қоймай, полицияға деген сенімді арттырады. Ең алдымен білім-білігі жоғары қызметкерлердің артуы қызмет сапасының өсуіне әкелетіндігі белгілі. Ал жалақының көтерілуі әлеуметтік жағдайды жақсартады. Реформаға байланысты біз де алғашқы жұмыстарды бастадық. Ең алдымен, Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, аттестатталған құрамның 10 пайызы, яғни 312 штат бірлігі қысқартылып, басқарушы құрылымдар мен лауазымдарды қысқарту арқылы оңтайландыру жүргізілді. Осылайша 1 шілдеден бастап жекелеген санаттағы қызметкерлердің жалақысы 65 пайызға, ал қалғандарына 20-25 пайызға өсетін болады. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үйге өтемақы төленетін лауазымдар тізбесі едәуір көбейген. Бұл санатқа жедел-тергеу бөліністерінен басқа, учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлері де кіретін болды. Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасының 27-тармағына сәйкес, біз Тараз қаласында және барлық аудандардың полиция бөлімдерінде «Азаматтарды қабылдау» фронт-кеңселерін ашып отырмыз. Бүгінгі кезге дейін оларға 1500-ден аса адам жүгінген. Барлығының өтініштері уақтылы қаралып, өз шешімдерін табуда. Полицияның халықпен өзара әрекеттестігін жақсарту мақсатында биыл Тараз қаласы мен аудандарда кең көлемді «Жолда қабылдау» акциясы 4 рет өткізіліп, полиция қызметкерлері халықтың өзекті мәселелерін шешуге тырысты. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Қазір заман талабына сай салада жаңа технологияларды кеңінен қолдану аталған жұмыстардың тез әрі нәтижелі орындалуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жүйесіне ағымдағы жылы 100 миллион теңге бөлінген болатын. Бүгінде 256 мобильді планшет пайдалануға беріліп, 257 термопринтер сатып алынуда. Сонымен қатар цифрландыру аясында «Электронды қылмыстық іс» жобасы іске асырылып, былтырдан бастап қылмыстық сот iсiн сандық форматта да жүргізу заң жүзінде күшіне енді. Мұндай істердің электронды форматта тергелуі Швеция, Австрия, Оңтүстік Корея, Сингапур және Дания сияқты мемлекеттерде сәтті қолданылып жатқанын халықаралық тәжірибе көрсетті. Қазіргі таңда аталған жүйемен 1839 қылмыстық іс тергелді. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 630 іске артып отыр. Полиция жұмысына сондай-ақ бейнебақылау жүйесінің де тигізетін үлесі зор. Тараз қаласында бүгінде 206 сыртқы бақылау бейнекамерасы жұмыс істейді. Жергілікті бюджеттен жедел басқару орталығын қайта жаңартуға және 300 бейнекамера орнатуға қаражат бөлінді. «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында да облыс орталығында 180 көппәтерлі тұрғын үйдің 1140 кіреберісіне 2280 камера орнатылды. Одан өзге Тараз қаласының аумағында – 34, Қордай ауданында 4 «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешен бекеті жұмыс істеуде. «RedSpeed» жылдамдық өлшегішінің 3 постысы және «Интегра-КДД» жол қозғалысын бақылаудың 3 зияткерлік жүйесі бар. Бұл жүйенің барлығы автоматты режімде жұмыс істейді. Аталған технологияларды қызметте пайдалану қылмысты дер кезінде ашуға, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияға едәуір септігін тигізеді. Қоғам сақшыларының басты міндеттерінің бірі жасалған қылмысты дер кезінде ашу болып табылады. Сондықтан тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау басты міндеті болып табылатын әріптестеріме қажырлы еңбектеріне сәттілік тілей отырып, әрдайым ел қорғаны деген атқа лайықты қызмет ете беріңіздер дегім келеді.

 

Арман ОРАЗАЛИЕВ, облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі.