Саясат

Жастардың саяси лагері есігін айқара ашты

Жастардың саяси лагері есігін айқара ашты

«Жастар – Отанға!» партиялық жобасын жүзеге асыру шеңберінде осы тақырыптағы жастардың саяси лагері Алматы облысының Қапшағай қаласында өз жұмысын бастады. Биыл лагерь 300-ден астам жастың басын қосып отыр. Олардың қатарында жастар ұйымдарының өкілдері, шығармашыл жастар, спортшылар, студенттердің өзін-өзі басқару көшбасшылары, блогерлер мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бар. Лагерь жұмысының шеңберінде әлеуметтік жеделсаты, тұлғалық өсу, «Қазақстан-2050» Стратегиясы төңірегіне жастарды біріктіру, сондай-ақ, жастар өкілдерінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимылы бағыттарында тақырыптық талқылаулар өтуде. Апта бойы қатысушылар үшін тренингтер, оқу сессиялары, брифингтер, психологиялық және логикалық арнайы тапсырмалардың көріністері бар квесттер, жобалау жұмысы машықтарына оқыту, сондай-ақ, спорттық сайыстар мен жастардың жеке тұлғалық сапасын дамытуға бағытталған түрлі шығармашылық конкурстары ұйымдастырылатын болады. Шараның ашылу салтанатында сөз алған «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрлан Сыдықов: «Күні кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында берілген тапсырмаларды орындауда жастарды жұмылдыру қажеттігін тапсырды. Жастарға арналған жазғы лагерь 2009 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Алты жыл ішінде «Жастар – Отанға!» лагерінде 1500-ден астам адам болып қайтты. Лагерьдің басты мақсаты – жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және «Нұр Отан» партиясы Доктринасында белгіленген құндылықтарды сіңіру», – деп атап өтті. Жастардың саяси лагеріне еліміздегі танымал жаттықтырушылар, блогерлер және сарапшылар арнайы шақырылған. Олардың қатарында Яков Федоров пен Өркен Кенжебек, Марат Шибутов, Лейла Асылбекова, Жанна Прашкеевич, Дмитрий Архипов және басқалар бар. Атап өтерлігі, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те жастар лагеріне ат басын бұрады деп күтілуде. Кездесуге қатысушылар партия мен оның Жастар қанаты жұмысындағы жаңа жобалық үлгінің мүмкіндіктері мен тиімділіктерін талқылап, сонымен қатар жастар саясатын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан партиялық жобаларды қорытындылайды. Сонымен қатар лагерь күндері «Жас Отан» жастар қанатының Кубогы үшін «Ұлттық КВН Лигасының» жазғы фестивалі өтеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».