- Advertisement -

Шу қаласынан медициналық колледж ашылды

46

- Advertisement -

Оқу жылының аяқталғанына да бір айға жуық уақыт өтті. Дәл қазір мектеп бітіруші түлектердің қандай мамандықты таңдарын білмей, абдырап қалатын кезі. Мамандық та өте көп. Соның ішінде салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, адам жанына араша болатын ақ халатты абзал жандардың орны тіптен бөлек. Жалпы алғанда, дәрігер болу, медициналық мамандықты таңдау – жауапты шешімдердің бірі екені сөзсіз. Сондықтан болар, мұндай мамандық тек үлкен қалаларда оқытылады және оқу ақысы да қалтаға әжептәуір салмақ салады. Жасыратыны жоқ, медицина мамандығын таңдауды жөн санаған оңтүстіктің түлектері көбіне-көп солтүстік өңірлерге бет түзейді. Міне, күні кеше ғана облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданында медициналық колледж ашылып, жоғарыда аталған олқылықтың орны толғандай болды. Алматы инновациялық колледжінің ұйытқы болуымен ашылған Жамбыл облыстық медициналық колледжін осы өңірдің тумасы Сәбит Мейірханұлы басқармақ. Ол бұған дейін стоматолог маманы ретінде ұзақ жыл бойы тәжірибе жинақтап, кейіннен бірнеше компанияда басшылық қызметтерді атқарған екен.
С.Мейірханұлының сөзіне сенсек, Шу ауданынан медициналық колледж ашу идеясы осы жылдың басында-ақ ойластырылған көрінеді. Бізбен әңгіме барысында колледж директоры дәл осы медицина мамандығын оқыту Шу ауданына аса қажет екендігін тілге тиек етті.

Расымен де, бұған дейін аудандағы аурухана мен емханада маман тапшылығы туралы айтылып, ол туралы баспасөз беттерінде де бірнеше мәрте жазылған болатын. Тіпті соның салдарынан бір қызметкердің бірнеше қызметті қатар алып жүргенін де құлағымыз шалған. Ал адамның алғашқы байлығы – денсаулық үшін күресетін ақ халаттылардың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап ететінін ескерсек, маман тапшылығының адам өміріне қаншалықты кері әсер ететінін айтпаса да түсінікті.
Колледж директоры мұнда әзірге үш мамандық оқытылатындығын айтады. Олар: фармацевт, фельдшер және мейірбике ісі. Ал келер жылдан бастап стоматология, ветеринария мамандықтары оқытылмақшы. Осылайша жыл өткен сайын өзге де медициналық мамандықтар қосылып, колледждің ауқымы кеңейе түспек. Жуырда ғана ашылған колледж ағымдағы айдың 10-нан бастап тамыз айына дейін оқуға қабылдау жүргізеді. Сонымен бірге колледж биылғы оқу жылында 200 студентті қабылдауға қауқарлы. Әзірге оқу корпусын жалға алып отырған мекеме алдағы уақытта жеке ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Оқытуға қажетті құрылғылар орналастырылып, білікті мамандар жинау ісі де бірте-бірте шешілуде. Айта кету керек, қазіргі уақытта мемлекеттік оқу орындарының көпшілігі жекенің иелігіне ауысып жатқандықтан, аталмыш оқу ордасы да бірден жекеменшік колледж ретінде ашылған.
Медициналық колледж директорынан әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан студенттерге қандай да бір жеңілдіктің бар-жоғын сұрағанымызда, барлық студенттерге жеңілдік қарастырылғанын жеткізді. Мәселен, мұндағы оқу ақысы өзге де медициналық колледждерге қарағанда әлдеқайда төмен көрінеді. Дәлірек айтсақ, 9-сыныптан кейін түскен студенттер үшін оқу ақысы 125 мың теңге. Оған қоса, бір жылдың оқу ақысын үшке бөліп төлеуді қарастырып, ауылдықтар үшін үлкен жеңілдік жасап отыр. Яғни бастапқыда 30 пайыз, екінші бөлігі 10 желтоқсанға дейін 40 пайыз, кейінгісі 10 сәуірде қалған 30 пайызы төленеді. Осылайша студент 3 жыл 10 айдың ішінде медицина маманы екенін растайтын дипломның иесі болып шыға келеді. Ал 11-сыныптан кейін түскен немесе колледж бітіріп, екінші мамандық аламыз деген ниеттенушілер үшін оқу ақысы 140 мың теңге болмақ. Олардың оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Егер оқуға түскен студент оқу ақысын бірден төлейтін болса, колледж тарапынан 10 пайыздық жеңілдік бар. Сондай-ақ күндізгі уақытта жұмыс істейтін азаматтар үшін кешкі оқу да қарастырылыпты.
Тағы бір айта кетерлігі, студенттерді маман ретінде дайындайтын оқытушылар Шу ауданынан да табылып жатқан көрінеді. Нақтырақ айтсақ, аудандағы аурухана мен емханада қызмет атқаратын білікті мамандар ара-тұра өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге теориялық және практикалық тұрғыда дәріс оқымақ. Ал студенттердің тәжірибеден өтуі үшін аудандық, қалалық ауруханамен және емханамен алдын ала келісімшарт жасалған. Биылғы оқу жылы басталып, колледж толыққанды жұмыс істегенде 30 адам жұмыспен қамтылмақ. Тұтастай алғанда, жаңа ашылған медициналық колледждің аяқ алысы қазірдің өзінде жаман емес екенін байқадық. Жоспар да, жұмыс та жүйелі. Тек аталмыш колледж алдағы уақытта медицина маманы болуды көздеп, ауыл-аймақтан ағылып келетін жастарға сапалы білім беріп, білікті маман даярлап шықса болғаны.

Шу ауданы.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support