Уәде беру – бір ерлік, оны орындау – мың ерлік
Уәде беру – бір ерлік, оны орындау – мың ерлік
Меркі ауданындағы кәсіпкерлер туған жерін түлету жолында елеулі іс, игілікті шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Жақында олардың демеушілігімен әлеуметтік жағдайы төмен екі көп балалы отбасына үйлер берілген. Тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп және әлеуметтік нысандар салып жүрген іскер азаматтар да аз емес. Солардың бірі – «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қанат Шайхиев. Биыл ол көктемде «Жұлдыз» сауықтыру лагеріндегі ескі асхана ғимаратын сырып тастап, орнына 25 миллион теңгеге жаңасын салып берді. Өткен сәрсенбіде заманауи үлгідегі нысанның ашылу салтанаты өткізілді. Оған аудан басшылары, ауыл тұрғындары, ұстаздар және сауықтыру орталығында демалушы оқушылар қатысты. Тау шатқалында орналасқан, табиғаты әсем, ауасы мен суы таза «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде демалуға қызығатын бүлдіршіндер аз емес. Жыл сайын мұнда ауданда бір маусымда 3 рет, 12 күннен 100 баладан 300 жасөспірім денсаулықтарын нығайтады. Соңғы кезде 1965 жылы салынған ғимараттардың әбден тозығы жеткен. Салтанатта сөз сөйлеген аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, әсіресе санитарлық жағдайы алаңдатарлық асхананың орнына жаңасын салып беру туралы Қанат Кеналыұлына өтініш жасағанын, ол оны орындауға уәде бергенін айтты. – «Уәде беру – бір ерлік, оны орындау – мың ерлік». Кәсіпкердің демеушілігімен асхана бір жарым айда салынып, іске қосылды. Осы ізгілікті де игілікті ісі үшін Қанат Кеналыұлына меркіліктер, ұстаздар және оқушылар атынан зор алғыс айтамын. Сауықтыру орнын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Келесі жылы оған «Меркі Родон» шипажайы арқылы келетін жол жөнделеді. Жол бойына жағалай алуан гүл және сәндік ағаш көшеттері егіледі. Биыл біраз аудан тұрғындары балаларын осында ақылы негізде демалтуға өтініш білдіруде. Демек, биыл жазда лагерьде қосымша тағы 200 жеткіншек денсаулықтарын түзетеді, – деді Мейірхан Өмірбеков. Келесі сөз кезегін алған Қанат Шайхиев өзінің осыдан 50 жыл бұрын «Жұлдызда» демалғанын, оның артықшылықтары туралы әңгімеледі. «Мен осында жақсы нәрселер үйреніп, табиғат аясында серуендеумен қатар көп достар таптым» деген ол қатысушыларды лагерьдегі демалыс маусымының ашылуымен құттықтады. «Жұлдыз» сауықтыру лагерінің директоры Арай Төлепбекова балаларға жасап жатқан қамқорлығы үшін аудан басшыларына, Қанат Кеналыұлына алғыс айтты. Жеткіншектердің демалысын дұрыс әрі қызықты ұйымдастыру үшін барлық жағдайдың жасалатынын тілге тиек етті. Салтанатқа қатысушыларға бүлдіршіндер ән мен жырдан, биден шашу шашты.
Ақылжан МАМЫТ
Меркі ауданы.