Қоғам

Бабаларымыз алауыздыққа бармаған

Бабаларымыз алауыздыққа бармаған

Жастық шақ –  адамның арманға ұмтылған, тынымсыз кезеңі. Ол кезде адам барлық жағынан белсенді болғысы келеді. Осы жолда адасып, қайта түзеледі. Бірақ сананың адасуы – қиын. Адам діни тұрғыдан адасса, көзқарасын түзетуге ұзақ уақыт кетеді. Ол уақыт ішінде талай жақыны, жанашырлары қасірет шегеді. Жастарымыз жан-жақты білімге ұмтылып, діни тұрғыдан да сауатты болу үшін қандай шаралар атқарылуы керек? Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Біз экстремизмге қарсымыз» атты жастар форумы, міне, осы сауалға жауап іздеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі  2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны ілгерілету мақсатында өткізілген форумға прокуратура саласының және дін өкілдері, түрлі деңгейде еңбек етіп жүрген жастар шақырылды. Басқосу Тараздағы  «Достық» үйінде жаңаша форматта өтті.

Жиынды облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбеков ашып, арнайы қонақтарды таныстырып, көпшілікті ашық, еркін пікірлесуге шақырды. Әуелі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, қаладағы имандылық ахуал жайлы баяндады. Оның айтуынша, дәстүрлі емес дінді ұстанып жүрген 100-ден астам азаматтың көпшілігі дұрыс бағытты насихаттау жұмыстарының нәтижесінде райынан қайтса, шет мемлекетте діни білім алып жүрген 8 азамат та үнемі бақылауда тұрған көрінеді. Олар Египет, Сауд Арабиясы және басқа да елдерде білім алуда. Мұнан соң Тараз қаласының прокуроры Елдос Әмірхан дәстүрлі емес дінді ұстанғандарға заң тарапынан қандай шаралар қолданылатынына, жастардың жалған діннің жетегінде кете бергені жөн емес екендігіне тоқталды.

Мұнан соң діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бейнеролик көрсетілді. Осы көрсетілім аясында жамбылдық 124 азаматтың шетелде білім алып келгені айтылып, оның 105-і түрлі жұмыс атқарып жүргені де баяндалды. Сонымен қатар жастарды ізгі жолға шақыратын көріністерімен ерекшеленді.

Келесі сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері, исламтанушы Бауыржан Әлиұлы қазақ жеріндегі ислам мәдениетінің даму тарихына тоқталып,  жастарға өнегелі сөзін арнады. Ол теріс бағытта жүретін азаматтардың Пайғамбар дәуірінде де болғанын айтып, «олар өзінің шала ісін дұрыс көргендер болатын» деді. Сондай-ақ ол қазақ даласында діни алауыздық болмағанын, ол ата-бабаларымыздың дәстүрлі дінді берік ұстанғанының жемісі екенін айтты. Сөзінің соңында тұрғындардың мешіттен шошуға болмайтынын, онда құлшылық жасауды үйренуге барғандар, тікелей бас имамнан немесе найб-имамнан білім алуы керектігін ескертті.

«Жастар және ислам» тақырыбында ой қозғаған Алматы қалалық орталық мешітінің найб-имамы, исламтану ғылымының магистрі Ермек Көкірекбаев жастарды қаптап кеткен уағызшыларды тыңдамауға, діни басқарманың рұқсаты берілген кітаптарды ғана оқуға, муфтият пен орталық мешіттердің сайтынан ғана ақпарат алуға шақырды. Сондай-ақ жастардың пайдалы іспен шұғылданғанын жөн көретінін айтты.

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы Ержан Аманбаев, Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов жастарды ізгі жолға шақыратын асыл ойларын ортаға салды. Форум соңында жастар тарапынан арнайы қонақтарға бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылар тарапынан ең үздік сұрақ қойып, ұсыныс-пікір айтып, мәселе көтерген жастарға сыйлықтар берілді.

Жиынды Бауыржан Мөрбеков қорытындылап, қонақтарға және жиналған жастарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.