Инвестиция – игілік
Инвестиция – игілік
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «...Экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмау жоспарлануда. Инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту керек» деп атап көрсетуі ел экономикасының дамуына соны серпін берді. Облыста да бұл салада атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Оған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаевтың Жолдау талаптарын орындау барысына арналған баспасөз мәслихатында тағы бір көз жеткізгендей болдық. Облыста соңғы төрт жылда инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеден асатын 29 жоба іске қосылса, оның 22-сі жаңа өндіріс. Төрт мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылған. Ал, биыл 25,4 миллиард теңгенің 7 инвестициялық жобасын іске асыру көзделіп, жаңадан 1147 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Шетелдік компаниялардың елімізге көптеп келе бастауы да саланы одан әрі өркендетуге зор мүмкіндік беруде. Кейінгі төрт жыл ішінде Жамбыл өңіріне Ресейден, Франциядан, Чехиядан, Ираннан, Қытайдан, Бірікен Араб Әмірліктерінен және тағы басқа мемлекеттерден инвесторлар келсе, Қытай, Малайзия, Түркия және Латвиямен бірлескен жаңа жобалар іске асырылуда. Өңірде қолға алынып жатқан осындай ауқымды тірлікті сөз еткен басқарма басшысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізі бойында және облыс орталығындағы ежелгі Тараз қаласының орнында туристік кластерді дамытуда қолға алынып жатқан тірліктерді баян етті. Республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін ірі жобалардың қандай бағытта жүзеге асып жатқандығы, «Батыс Еуропа-Батыс-Қытай» жолының бойынан ашылатын шағын және орта бизнес нысандарының жайы, туризмді дамытуда қолға алынып жатқан жұмыстар, Ресейдің «ЕуроХим» компаниясының тыныс-тіршілігі сынды мәселелер мазалады. Барлық сұрақтарға Д. Рымтаев нақты жауап қайтарды. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев те журналистерге Жолдаудан туындайтын міндеттердің орындалуы туралы әңгімеледі. Бірінші, білім және денсаулық салалары бойынша жүргізіліп жатқан құрылысты сөз ете келе, басқарма басшысы осы мезгілге дейін қанша нысанның пайдалануға берілгенін, қаралған қаржының қаншасы игерілгенін жіпке тізгендей айтып берді. 2014 жылы облыста 30 білім саласының құрылысына барлық бюджет көздерінен 9,75 миллиард теңге бөлініп, 1 тамызға дейін 7,2 миллиард теңгенің 6,5 миллиард теңгесі игерілген. Игерілген қаржы 86,6 пайызды құрайды. Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша 31 нысанның құрылысына 5,9 миллиард теңге бөлінсе,1 тамызға дейін қарастырылған 4,5 миллиард теңгенің 4,4 миллиард теңгесі игерілген. «Жұмыспен қамту-2020» және «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламалары аясында жүргізіліп жатқан құрылыстар, «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамсыз ету, спорт нысандарының құрылысы, Шу өзені жағалауын нығайту жұмыстары да Р. Байтелиевтің хабарынан тыс қалмады.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».