Өрт ті өшіргеннен, алдын алу тиімді
Өрт ті өшіргеннен, алдын алу тиімді
Қызылқайнар ауылдық округімен шекаралас жатқан Полатқосшы ауылдық округіндегі «Ботамойнақ» алқабының таулы аймағында облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған «Оқу-жаттығу – 2019» жұмысы жоғары дәрежеде өтті. Табиғи өрттерді жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарының күштері мен құралдарын дайындау жұмыстары арқау болғанын ескерсек, оқу-жаттығуда басшылықтың ұйымдастыру және басқару іс-әрекеттері пысықталды. Оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті және оған ведомствалық бағынысты ұйымдар, Жамбыл және Байзақ аудандарының әкімдіктері, оған бағыныстылықтағы азаматтық қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық, өртке қарсы, энергетика қызметтері, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері тартылған. «Қазавиақұтқару», Қызылқайнар, Полатқосшы, Гродекова, Байзақ ауданына қарасты Қызыл Жұлдыз, Талас, Үлгілі ауылдық округтерінің өртке қарсы еріктілер жасағы қатысып, белсенділік танытты. Оқу-жаттығуға барлығы 24 техника, 1 тікұшақ және жеке құрамның 169 адамы жұмылдырылды. Жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асуын оқу-жаттығу басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық ТЖД директоры Бағдат Данилов, оқу-жаттығу басшылығының штаб бастығы – ТЖД директорының орынбасары Талғат Сабиров, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы және Қырғыз Республикасы Талас облысы бойынша ТЖМ-нің өкілі бақылап, жұмыс қорытындысына жоғары баға берді. – Оқу-жаттығу жұмысы жоғары деңгейде өтті. Жаттығуға көршілес елден келген азаматтарға, осы жұмысқа тартылған өңіріміздің барлық құрамына алғыс айтамын. Шартты өртті сөндіру үшін жұмыстың негізгі түрі – өрт алаңы бойынша өрт көздерін жою бүгінгі жұмыспен тоқталып қалмақ емес. Әрбіріміз күнделікті қадағалауға, бақылауға алуды ұмытпағанымыз жөн, – деді жаттығу шарасын қорытындылаған Бекболат Серікбекұлы.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.