Тараз қаласының сәулеті мен сымбаты әлі де айшықтала түседі
Тараз қаласының сәулеті мен сымбаты әлі де айшықтала түседі
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларына кеңінен тоқталуы – оның қаншалықты маңызды екенін айқындай түсетіндей. Жалпы әкімдіктің негізгі жұмыс жоспары Жолдаудан туындаған міндеттер мен бағдарламаларды басшылыққа ала отырып құрылған. Соның бірі – қаланың бас жоспарын жасау. Негізгі бұл жұмыстардың қолға алынғанына да біраз жылдың жүзі болды.
Қаланың бас жоспарына сәйкес, шаһарымыз күн санап көркейіп, сәулеттік келбеті жаңа түрге еніп келеді. Бұл жұмыс қаланың тазалығымен ғана шектелмей, көріктендіру мен абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Шаһардағы саябақтар, скверлер және аллеялар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Сонымен қатар биыл басталатын бірқатар жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын атап айтсақ, Неке қию сарайын, Конгресс-холл, Оқушылар сарайын, шығармашылық орталығын, жеңіл атлетика манежін, гимнастикалық спорт кешенін және «Шахристан» этно-тарихи кешенін салу жоспарлануда. Сондай-ақ қаладағы «қызыл сызыққа» жаңа нысандардың шығып кетуіне жол бермеу, жарнамалар мен заңсыз сауда орындарын ретке келтіру сияқты басқа да сәулеттік келбетін жақсарту шаралары жүргізілуде. Биыл қаладағы саябақтар, скверлер мен аллеялардың келбетін көркейту жұмыстары өзгеше бағыт алып отыр. Атап айтсақ, облыс әкімдігінің алдындағы сквер, «Достық» орталық алаңы, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы және қаланың магистралды көшелерінің бойындағы жасыл желектерді ұлттық нақышта отырғызу жұмыстары аяқталып, автоматтандырылған суғару құралдары орнатылды. Бұл жұмыстар бұдан әрі қарай да өз жалғасын табуда. Бұдан бөлек «Мамыр», «Түрксіб» және Тұңғыш Президент пен Т.Рысқұлов атындағы саябақтарды қайта жаңғырту, «Тараз-Арена» спорт кешенінің қасынан «Даңқты спортшылар» аллеясын, темір жол вокзалы жанындағы скверді және «Қарасу» алқабындағы «Жас түлектер» аллеясын абаттандыру жоспарлануда. Қаланың сыртқы келбетін қалыптастыруда айтарлықтай маңызды мәселенің бірі – сыртқы жарнама мен заңсыз сауданы реттеуге баса көңіл бөлінуде. Бұл қаладағы шағын кәсіпкерліктің дамуына, ал оның «көлеңкелі экономикадан» шығуы – ең алдымен салық түсімдерінің ұлғаюына оң ықпал ететіні анық. Өңір басшысы заңды тіркеліп, кәсібін жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге өз бизнестерін дамытуға қолайлы жағдай туғызуды тапсырды. Осыған сәйкес бүгінде қаладағы заңсыз орналасқан және құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен 140-тан аса дүңгіршектер мен павильондар анықталып отыр. Қазіргі таңда олардың 109-ы алынып тасталды. Өзгелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл сауда нүктелерінің орнына типтік коммерциялық дүңгіршектерді «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ арқылы конкурстық негізде орнату межеленген. Осы бойынша 5 аукцион өткізіліп, 26 жер телімі жеке тұлғаларға берілді. Ал 23 жер телімінің құжаттары дайындалу үстінде. Құжаттары әзірленген соң жер телімдері аукцион арқылы жеке тұлғаларға беріледі. Мұнда қатысушыларға қойылатын басты талаптың бірі – сауда нүктелерінің эскиздері бірыңғай сәулеттік стильде болуы. «Атшабар» аллеясы – «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, онда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары, заманауи су бұрқақтары орнатылған. Сондай-ақ аллеяның ортаңғы бөлігінен ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, батыс бөлігіне үлкен LED-экран қойылып, күнделікті концерттер мен кинолар көрсетілуде. Ал Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ залының» құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мұнымен абаттандыру жұмыстары тоқтамақ емес. Ендігі кезекте Төле би даңғылының бойы, Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквер, ондағы жаяу жүргіншілер жолы, аллеялар мен «Мамыр» саябағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ал «Көне-Тараз» кешенінде биіктігі 35 метрді құрайтын «Сағат» стеласы орнатылады. Бұдан бөлек, «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайын, «Ретро-фестиваль» амфитеатрын, көрме павильонын, көркем сурет галереясын, қолөнер шеберханалар орталығын, «Руханият» орталығын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда, бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Оның құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 3 миллиард 76,4 миллион теңге қаржы қарастырылған. 15-шағын аудандағы 40 гектарға орналастырылатын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру, Оқушылар сарайы, жеңіл атлетика манежі, гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары бюджет есебінен, ал Неке қию сарайы мен Салтанат сарайының құрылыстары жеке инвесторлар есебінен жүргізіледі. Бүгінде шаһардағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 56,6 мың шаршы метрді құрайды. Былтыр 55,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Есепті кезеңде қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 17473 адамға жетіп отыр. Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 4 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол пәтерлер бірінші кезекте – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтер ретінде беріледі. Бұл көп қабатты тұрғын үйлерді салуға республикалық бюджеттен 2 миллиард 239,6 миллион теңге бөлінген. Аталған көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. 15-шағын ауданда 80 пәтерлі 5 әлеуметтік көп қабатты тұрғын үйдің, несиеге берілетін әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 9 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен әрқайсысында 60 пәтерден тұратын 11 несиелік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша бұл тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдарға белгіленген. Бұл жұмыстар жүзеге асқан кезде 1380 пәтер өз иесін табады деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда 25 көп қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, ол нысандардың құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдары жоспарланған. Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 555 жер телімі белгіленіп, онда жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлер бой көтеретін болады. Бүгінде салынатын 255 үйге 4 мердігер анықталып, келісімшартқа отырды. Қазір 30 үйдің құрылыс жұмыстары басталып, 5 үй пайдалануға берілді. Бір типті үйлердің көлемдері – 80-125 шаршы метрдің аралығында. Қаланың көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына да өз деңгейінде көңіл бөлінуде. Биыл бұл мақсатқа 1 миллиард 384,2 миллион теңге бөлінген. Екі айлық барысында 47 қураған тал-терек тамырымен, 11 086 ағаш бұтақтары кесілді. Көше бойларындағы 11640 тал-терек түптері ақталып, 2004 электр бағаны, 170 гүл сауыты, 396 қоғамдық орындық, 290 қоқыс тастайтын жәшік, 200 мың шаршы метр аялдама, 4836 шаршы метр қоршаулармен ойын құралдары сырланған. Арнайы жүк көліктерімен 5240 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар, 3040 текше метр кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы Жауғаш батыр көшесінде кіші футбол алаңы ашылса, ал «Самұрық қазына трафт» корпорациялық қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы аясында «Аса» мөлтек ауданында кіші футбол алаңшасының құрылысын жүргізеді. Бұдан басқа төрт мөлтек ауданда балалар спорт алаңшаларының құрылысы демеушілер есебінен жүргізілуде. 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде «Талас» пен «Қаратау» шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында ашылды. Жыл соңына дейін кәсіпкерлердің қолдауымен осындай үш заманауи әмбебап спорт алаңшасы ашылады деп жоспарлануда. Біздің басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда еңбек ете жүріп, халықтың сенімін ақтағаннан артық абырой жоқ.
Қайрат ДОСАЕВ, қала әкімі.
Тараз қаласы.