Құлибаев «Үздік мақала» аталымының жеңімпазы атанды
Құлибаев «Үздік мақала» аталымының жеңімпазы атанды
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне де санаулы күндер қалды. Жақсылықтың жаршысы, халықтың жанашыры болып жүретін журналистер қай кезде де құрметке лайық. Аталған мереке қарсаңында облыс және қала, аудан әкімдіктері, түрлі басқармалар мен қоғамдық ұйымдар, мекемелер тарапынан түрлі шаралар өткізіліп, БАҚ өкілдерінің еңбегі бағаланып жатады. Солардың бірі – облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы. Байқау облыстық тілдерді дамыту орталығында қорытындыланып, басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Набира Сүйманова қатысушыларға алғыс айтты. Байқауға қатысушылардың қатары жылдан-жылға азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мұнан соң қазылар алқасының төрағасы Сапарғали Әлібай байқауға түскен шығармаларды саралап, талдау жасады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Күлзинат Қарымбаева журналистерді тіл тазалығына, алдағы уақытта да мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді нақты көтеруге шақырды. Сонымен байқаудың «Үздік мақала» аталымы бойынша «Aq jol» газетінің тілшісі Марат Құлибаев жүлделі бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Әріптесіміз бұл марапатқа «Терминалдағы қазақ тілін неге өгейсітеміз?» деген мақаласы және бірқатар мақалалар топтамасы үшін ие болып отыр. Бұл аталым бойынша екінші жүлде Сарысу аудандық «Сарысу» газетінің тілшісі Сәулет Есқараевқа, үшінші орын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті бас редакторының орынбасары Перизат Нүрпейісовке бұйырды. Облыстық «Arai» жастар газетінің тілшісі Шынболат Күзекбаев, Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі Мадина Жарас, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің бөлім меңгерушісі Дүйсенбек Ормановқа ынталандыру сыйлықтары бұйырды. Осы орайда Дүйсенбек Ормановтың биыл зейнет жасына келгені, аталған байқауға ұзақ жылдардан бері тұрақты қатысып келе жатқанын жас журналистерге үлгі ретінде де айтқымыз келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.