Мәдениет

Құланның Қуандығы

Құланның Қуандығы

images (1)

"Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім, Бола алмадым ақыны Алматының" Қуандық Шолақов.

Құландық Қуандық Шолақ қаланың емес, нағыз даланың ақыны. Ауылда, далада өскен, өнген ақын. Содан болар оның суреткерлік болмысы – таудың, құмның, даланың ең бастысы табиғаттың көркем суреттерімен үндеседі, тілдеседі.

Қуандық суреткерлік қасиетімен қоса, қазақтың маржан тілін мықтап меңгерген ақын. Иә, тілі бай әрі шұрайлы ақындар сирек кездеседі. Қуандық Шолақты даланың ақыны деп қалдық қой. Енді мына бір шумақтарды оқып көрейік: «Шұғыла шудаланып шашылар шақ, Тұрады таудың тарғыл тасы да ән сап. Білмейсің көбелегі, гүлі қайсы, Жасқайды жанарыңды жасыл алқап. Сездіріп көңілінде барын күдік, Тайлақтай тапырақтап қағынды бұлт. Екпіндеп есірік жел шалғындардың, Белінен құшақтайды шалып жығып. Тұмсығы Ойрандының біте беріп, Лағын кейін қалған күтеді елік. Терідей жыртқыш жыртқан жұлым-жұлым, Төменде бұлттар жатыр түтеленіп». Міне, өлеңдегі көркемсурет. Әгәрәки, бұл жерде Қуандық емес, басқа бір ақын болғанда көбік сөзді әрлі-берлі шашыратып, «ақша бұлттар жөңкілді, қанатты құстай қалықтап» деп пе, әлде басқаша бір жұтаң ойға жұтылып, тұтылып, сөз сапырып кетер ме еді, кім білсін? Бірақ, Құланның Қуандығы олай етпейді. Нақты береді, көз алдыңа көркемсурет әкеледі. Даланың тіршілігін елестетеді. Пейзажға жан бітіреді. Бұл – Қуандықтың ақындық һәм азаматтық кредосы. Енді Қуандық Шолақтың «Кешкі көрініс» деген шағын өлеңіндегі мына бір шумақтарға зер салайық: «Жақтырмай сылқ-сылқ күлген бұлақ үнін, Ұшына от тиген бе құлағының? Ұялып, қызарақтап тұрып-тұрып, Жиекке жасқаншақтап құлады күн. Бұлқынған елестетіп жүректі көп, Самалмен жапырақтар дір етті үдеп. Ымырт шал тастай салды көлеңкені, Қалтарыс, сай, жыраға күреп-күреп». Тап мұндай суретті табиғаттың ішкі әлеміне үңілген, жұрттан өзгеше зер салған ақын ғана өрнектеп сала алса керек-ті. Қуандықтың табиғат лирикасындағы әрбір өлеңін оқып отырып, «Құдай-ау, бір шумағында мін жоқ, әр шумағы толған сурет, бұл ақын осыншама бояу мен теңеуді, көркем сурет пен бейнені қайдан алды, а?» деп ойлап қаласың, сөйтесің де, «жә, оның өзі сол сұлу табиғатқа айналып кеткен ақын ғой» деп ой түйесің. Расымен солай ғой енді. Ақын да адам. Адам болған соң мінез болады. Адамның мінезінен бар айырмасы сол – ақынның мінезі тылсымның тілі, шердің үні, ішкі әлемнің көрер көзге көрінбейтін, естір құлаққа жетпейтін сегізінші нотасы секілді. Қуандықта да сол ішкі үн, беймәлім нота бар. Қуандық Шолақ өзінің «Қоңыр әуен» атты кітабында оқырманға сөз арнайды. Ол өз сөзін: «Ассалаумағалейкум оқырманым, Сарамжал, сара сөздің тоқыр мәнін. Жібек тін, жауһар жырмен келіп тұрмын, Табар деп тілеулестен татым, қарым», – деп бастап: «Жанассам ақша бұлтпен жанасармын, Ақ қанат арманыммен таласар кім? Ұнаса, пейілдене парақта әрі, Болмаса, жаба салғын» – деп түйіндейді. Міне, оның мінезі. «Ойбай, тыраштанып жазып жатырмын, бәрі сендер үшін» демейді. «Ұнамаса, оқыма» деп нүкте қояды. Бәлкім, оның бұл мінезін біреулер ақынға тән «эгоизм» дер. Бірақ, біздіңше, бұл ақынның шынайы ішкі бұлқынысы, ақтарып айтқан ақиқаты, бәлкім, эмоциясы. Қалай болған күнде де ол өз ойын бұқпантайлап емес, ашық айтады, қой терісін жамылған қасқырдың кейпіне ену – Қуандықтың болмысына жат дүние. Қуандықты табиғи ақын дедік қой. Сол туралы сөз саптайық. Бәлкім, жасын жырдың, Қасым жырдың қаймағын бұзғысы келмегендіктен болар, әлдекімдер құсап өлеңді күрделендіріп, өліп-талмайды. Кәдімгі қазақтың өн бойына өлшеніп берілген қара өлең ұйқасымен жазады. Абстракцияға, қайсыбір замандастары құсап, жол бермейді, салған суреттерінің бояуы қанық, көзге жылы ұшырап тұрады. Жеңіл оқылады. Бірден әсер етеді, жаныңды жадыратып, көңіліңе қуаныш сыйлайды. Ойландырады. «Япыр-ай, өстіп те жазуға болады екен ғой» дегізеді. Содан болар, Қуандықты еліміздің беткеұстар қаламгерлері «Қазақтың Шолоховы» дейді. Иә, Шолақтың Қуандығы мықты ақын. Мегаполистен тыс та өлең жазуға болады! Білесіз бе, «Ақындар провинцияда туылып, Парижде өледі» деген сөз бар еді ғой. Біздің рухани астанамыз – Алматы. Бүгінде ресми астана мәртебесінен алшақтағанымен қазақтың рухани астанасы болып қалған Алматының төрінде жүріп, әдеби ортамен аралас-құралас болып, бедерлі жыр, бейнелі сөзді кестелеу – кез-келген ақынның арманы еді. Қуандық та Алматыны аңсайды. Арагідік алматылық болмағанына өкінеді. Ол өзінің «Үйірінен адасқан саяқтаймын» атты өлеңінде: «Көңілімді жаулаған күй ырғағы, Секілденген Алматы миымда әлі. Төредей боп төрінде тірі де ірі, Жыр жазар ма ем, қайтейін бұйырмады. Өкшелеген өкініш – салдақы мұң, Берер емес әлі де жанға тыным. Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім, Бола алмадым ақыны Алматының», – дейді. Иә, ол өзі аңсаған нұрлы ортаға, жырлы ортаға қоныс аудармады. Ауылдың саф ауасымен тыныстады, Құланның жұпар желінен жанға қуат, жырға арқау болатын шабыт алды. Сөйтіп, мегаполиске бармай-ақ, қауқарлы жыр жазды. Енді ақынның «Топырақтан тыс болсам» дейтін өлеңінің мына бір шумақтарын оқып көрейік: «Болғаныммен өзімше санам дардай, Көңілім күпті, жайым бар алаңдардай. Жыр жазғанмен, жангүлім жадырардай Келем әлі бар болса, бағамды алмай. …Болар екен бақыттың үні қандай? Келеді үміт жылда алдай, күніге алдай. Дәмем барын қайтейін, келем әлі, Тізіміне мықтының іліге алмай». Ақынның осы өлеңінің осы шумағын оқи қалсаңыз, пессимист екен деп ойлауыңыз кәдік! Жоқ, Қуандық ондай жылаңқы ақын емес екен. Ол өлеңін былай түйіндейді: «Неліктен екен, білмеймін, неліктен екен, Көңілім тоқ, байламым берік, бекем. Елемесе бүгінгі елемесін, Ертеңіме бәрібір сеніп кетем». Иә, «Кешіккен көктем», «Атажұрт», «Көксеңгір», «Қоңыр жел», «Қоңыр әуен». Бұл Қуандықтың бірер жинақтарының атауы. Осы кітаптардың қай-қайсысын оқысаңыз да пейзаждың қанық бояуларына тояттайсыз. Осы жинақтардың барлығы да эстетикалық талғаммен үйлесіп жатқан – поэтикалық әуен, ырғағы бар әуен. Ақын бақыты – оқырманымен бірге жасау. Ол бақыт – Қуандықты айналып өткен жоқ. Өлеңдерін елі біледі, жатқа оқиды. Демек, Қуандық бақытты ақын.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.